Жақын болашақта қазақстандықтар жаңа төлқұжаттарға ие болады. Онда жеке куәлік иесінің тегі, аты-жөні, туған жылы, айы, күнінен басқа денсаулығынан хабар беретін ақпарат жазылады. Мұндай жаңашылдық 2013-2020 жылдарға арналған электрондық денсаулық сақтау тұжырымдамасының аясында іске аспақ. Денсаулық төлқұжаты электронды денсаулық сақтау жүйесінің негізгі элементіне айналмақ.
Инна НАГМЕТОВА,
облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Денсаулық сақтаудың электронды жүйесі науқастың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, ол жайында ақпаратты автоматты түрде алуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы жобаны іске қосу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бұл төлқұжат еліміздің әр азаматы үшін қолжетімді болады. Онда азаматтың ауырған дерттері, иммундық деңгейі, аллергиялары мен өзге денсаулығы жайында ақпараттары енгізіледі. Тіпті, бала күнінен қабылдаған екпелері мен биометрлік мәліметке дейін болады. Науқастың қай жерде қандай зертхана талдама жасағандығы, оның нәтижесі, диагностикалық тексерістер және ем-дом көрсеткен дәрігерлердің анықтамасы да осы электронды төлқұжаттың ішінде сақталады. Дәрігерлер бұл төлқұжаттың арқасында науқастың қандай ем-дом қабылдап, алдын ала тексерістерден өткендігі жайында да ақпарат ала алады.
Аталмыш төлқұжаттың негізінде Үкіметтің электронды сайтына ұқсас денсаулық сақтау саласының электронды порталы құрылады. Онда әрбір қазақстандықтың жеке кабинеті болады. Сол арқылы азамат өзінің жеке кабинетіне кіріп, зертханалық тексерістердің нәтижесін, жоспарлы медициналық тексерістердің уақытынан мәлімет ала алады.