
Петропавл қаласында тұрғындарға цифрлық қызмет көрсету орталығы ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жаңа нысанда болып, жұмыс барысымен танысты.
Қала тұрғындарына цифрлық қызметтерді өздігінен алу мүмкіндігін беретін орталық заманауи құрал-жабдықтармен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Кіреберісте бөлім қызметкерлері кеңес береді, ал күту секторындағы led-экрандардан цифрлық қызметтер туралы ақпараттармен танысуға болады.
Облыс әкімінің орынбасарын цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Бейсенов таныстырды.
– Елбасы тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, автоматтандыру, ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру біздің негізгі міндеттеріміздің біріне айналып отыр, – деді Серік Бейсенов.
Цифрлық орталық – мемлекеттік корпорацияның елімізде ашылған көптеген фронт-офистерінің бірі. Мұнда тұрғындар арнайы стенд-павильондарда орналасқан қоғамдық қолжетімді қосындар, “Connection Point” өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және планшеттердің көмегімен өз бетінше электронды өтінімдерге тапсырыс бере алады. Сондай-ақ, келушілер операторлардың көмегінсіз өздеріне қажетті құжатты рәсімдеу мүмкіндігіне ие.
Орталықта тегін оқу сыныбы жұмыс істейтін болады. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған оқу сыныбында фронт-офистің мамандары азаматтарға www.egov.kz электронды үкімет порталын пайдалану жолдарын түсіндіріп, электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді үйретеді.
Сала мамандары өздігінен қызмет алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда бірқатар артқанын айтты. Мысалы, былтыр өңір тұрғындарына 859 мың мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 329 мыңы интернет арқылы электронды форматта алынған. Он екі айдың қорытындысы бойынша, солтүстікқазақстандықтарға портал арқылы өз бетінше қызмет алуға мүмкіндік беретін 179 мың электрондық цифрлық қолтаңба берілген.
– Бүгінде ел бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары автоматтандырылған ақпараттық жүйеге көшуде. Біздің өңірде де электронды құжат айналымына көшу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, №40 мектепте инклюзивті білім беру, ішкі істер органында көші-қон қызметін көрсету, қалалық №3 емхананың жанында отбасылық денсаулық орталықтары пайдалануға берілді. Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға зор мүмкіндік туып отыр, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.