«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТ САНЫ ҰЛҒАЙДЫ

Әйгілі қоғам қайраткері және саясаткер Махатма Ганди:«Біз әлемде көргіміз келетін өзгерістердің бір бөлігі болуымыз керек», – деген екен.

«Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданған 2013 жылдан бері осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттар, сондай-ақ қызмет көрсету үрдісі мен сапасына қатысты айтарлықтай оң өзгерістер орын алып жатқаны байқалады.

 Әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы цифрландыру – адамдардың уақыты пен қаржысын үнемдейтін, қызмет ұсынушылармен байланысын барынша азайтатын ыңғайлы да ұтқыр жаңашылдық. Бұдан бес жыл бұрын мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі 711 қызметтің 260-ы тек қағаз түрінде, ал 392-сі баламалы түрде ұсынылатын. Биыл 694 мемлекеттік қызмет түрін қамтитын жаңа тізілім бекітіліп, 52 қызмет қана қағаз түрінде көрсетілетін болды.
Қызмет алушыларды осы өзгерістерге бейімдеу мақсатында департамент ауқымды ақпараттық-насихат жұмыстарын үзбей жүргізеді. Атап айтқанда, электронды қызметті насихаттаудың түрлі тәсілдері қолданылады: бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар, хабарлар жарияланып, тұрғындарға парақшалар таратылады, түрлі акциялар, мемлекеттік қызмет жәрмеңкелері, оқыту семинарлары, байқаулар, «Ашық есік» күндері мен азаматтарды қабылдау сияқты шаралар ұдайы ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілер де белсенді пайдаланылады.
Өңір тұрғындарының цифрлық жолмен алатын қызметтерінің үлесі арта түскені осындай ауқымы кең жұмыстың нәтижесі болса керек. Мәселен, 2016 жылы электрондық қызметтердің үлесі 19,9 пайыз ғана болса, былтыр бұл көрсеткіш 82,9 пайызға дейін артты. Ал биылғы жылдың 1- тоқсанының қорытындысы бойынша – 85,4 пайыз.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жаңа жұмыс форматына көшуі цифрландыру үрдісінің жаңа кезеңіне айналды. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекті алдын-ала брондау арқылы қызметтердің 97 түрін ғана алуға болады, ал өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары жойылды. Есесіне тұрғындар мемлекеттік қызметтердің көптеген түрлерін өздігінен алады. Бүгінгі таңда «Электрондық үкімет» веб-порталында – 567, eGov mobile қосымшасында – 64 қызмет пен сервис, «Telegram» мессенджерінде және «Facebook», «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде мемлекеттік қызметтің 25 түрі қолжетімді. Бұған қоса қызмет алушыларға ыңғайлы болуы үшін бір реттік SMS-пароль арқылы 92 қызмет түрін алуға болады.
Электрондық қызметтердің қолжетімділігін арттыра түсу үшін департамент барлық ауылдық округтерде, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде, мемлекеттік органдардың ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының жұмыс істеуін қамтамасыз етті. 2019 жылы облыста шамамен 701 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы болса, осы жылы 73 Connection point ашылды. Департаменттің ұсынысымен әрбір қызмет беруші өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Олардың орналасқан жері туралы ақпарат департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланған. Сонымен қатар облыс тұрғындары мұндай секторлар туралы ақпаратты біздің департаментке, мемлекеттік корпорацияның филиалына, сондай-ақ ауданның және Петропавл қаласының әкімдігіне қоңырау шалып та біле алады.
Қызметтерді алу туралы кеңес беру үшін порталда 1414 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік корпорация өз кезегінде жаңартылған жағдайда сапалы қызмет көрсету үшін барлық қажетті шараларды қолға алды. Байланыс орталығы қызметкерлерінің саны ұлғайтылды, 3 санаттағы азаматтарға (зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектер) жеңілдігі бар терезелер жұмыс істейді.
Бүгінгі таңда электронды қызмет ешкімге де таңсық емес. Өйткені қазіргі заманда ұялы телефоны жоқ немесе интернетті қолдануды білмейтін адамды елестету қиын. Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар 15 миллионнан астам қызметті электронды жолмен алған. Сондықтан халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының жаңаша тұрпатының қалыптасуына әр қызмет алушы өз үлесін қосты деуге болады. Бұл мемлекеттік қызметтер саласын дамытудың оң нәтижесі болып табылады.

 

  Елена СТЕПАНЕНКО,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp