«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІНЕ ҚОСЫЛУ ЖЕҢІЛДЕДІ

Соңғы жылдары елімізде электр энергиясымен жабдықтау желісіне қосылу шарттарын жеңілдету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті басшысының міндетін атқарушы Николай Борзилов осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстар жайлы жан-жақты айтып берді. 

– Соңғы жылдары “Электр энергетикасы туралы” заңға және Электр энергиясын пайдалану Ережесіне өзгертеулер енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес электрмен жабдықтау желілеріне қосылу кезіндегі екі рәсім қысқартылды. Яғни, мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау басқармасынан құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат алу, сондай-ақ, бұдан бұрын мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органы беретін электр желілеріне қосылуға рұқсат алу рәсімдері жойылды. Тұтынушының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы мен жол полициясын хабардар ету қажеттілігі де алынып тасталды. Бұл талап құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізетін ұйымдарға жүктелді. Енді барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін энергетикалық сараптаманың қорытындысын алу міндетті емес. Сондай-ақ, техникалық шарттарды беру мерзімі 14 күннен 5 күнге дейін қысқартылды.

Өткен жылы Қазақстанның әлем елдеріндегі бизнеске қолайлы жағдай жасау көрсеткіштерін бағалайтын Дүниежүзілік банктің “Doing Business” рейтингіндегі көрсеткішін жақсартқанын білеміз. Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу жеңілдігі бойынша қай орындамыз?
– Шетелдік қаржы институты рейтингінде бизнес ашу, құрылыс бастауға рұқсат алу, несиеге қолжетімділік, инвесторлар құқығын қорғау, салық төлеу, келісімдердің орындалуын қадағалау және банкроттықты реттеу, тағы басқа шарттарға басымдық береді. Елімізде энергетика саласының дамуы жылдан-жылға жақсарып келеді. Мәселен, 2012 жылы Қазақстан электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу көрсеткіші бойынша “Doіng Busіness” рейтингісінде 80-ші орынға көтерілсе, электрмен жабдықтау жүйелеріне қосылу индикаторы бойынша 75-ші орынға тұрақтаған болатын. 
Қазіргі уақытта елімізде бұл саладағы көрсеткішті жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде былтыр халықаралық рейтингіде 25-ші орынды иелендік. Оның алдында 28-орынға тұрақтағанбыз. Осылайша, Қазақстан бір жылдың ішінде үш позицияға және соңғы екі жылда 11 позицияға (2017 ж. – 36-орын, 2018 ж. – 28-орын) көтерілді. Қазақстан он негізгі индикатор бойынша бағаланды. Атап айтқанда, Қазақстанда бизнес бастау (22), несие алу (25) және құрылысқа рұқсат алу (37) бойынша ілгерілеушілік байқалды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 
– Қазіргі уақытта электр энергетикасы саласына тағы да өзгерістер енгізу қарастырылуда. Ол туралы не айтар едіңіз?
– Бұрын қазақстандықтар жаңа салынған ғимаратты электрмен жабдықтау жүйесіне қосу үшін алты бірдей рәсімдеуден өтуі керек болатын. Тұрғындар алдымен жарық таратушы компанияға өтініш береді. Ол жерде келіп түскен өтінім бір аптаның ішінде қаралатын. Одан кейін құрылысты жүргізу жоспарын жасап, істі бастауға рұқсат алу, тағы басқа үрдістердің барлығы екі-үш айға созылатын. Жаңа заңға сәйкес елімізде электр желісіне қосылу қызметі анағұрлым жеңілдеп отыр. Алдағы уақытта ашық ұсыныс қағидатына сәйкес тұтынушыға электрмен жабдықтау келісімшартына қол қою қажеттілігі алып тасталынбақ. Ендігі кезекте энергия беруші ұйымдар келісімшарт жасау құжаттарын өздері жауапты мекемелерге жолдайтын болады.
– Николай Павлович, солтүстікқазақстандық кәсіпкерлерге электр энергиясымен жабдықтау желісіне қосылу қаншалықты жеңілдеді? Жергілікті электр энергиясын таратушы ұйымдардың қуаты жеткілікті ме?
– 2017-2018 жылдары электрмен жабдықтау ұйымдарының жұмысына талдау жүргізілген болатын. Қазіргі уақытта облыста электр энергиясымен жабдықтайтын жалғыз мекеме – “Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы” акционерлік қоғамы жұмыс істейді. Бұл ұйым Петропавл қаласы мен 8 ауданның 45 мың шаршы метр аумағын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Мекеменің иелігінде 1708,11 МВт-тық 2392 шағын трансформаторлық станция бар. Жергілікті кәсіпкерлерді электр энергиясымен жабдықтау желісіне қосу жұмыстарын үзбей жүргізуде. Атап айтқанда, акционерлік қоғам алдыңғы жылы 57 кәсіпкерлік нысанды электр желісіне қосты. Олардың 19-ы жеке тұлға болса, 38-і – заңды тұлға. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге 132 техникалық шарт берді. 
Өткен жылдың он айында 65 шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері электр желісіне қосылды. Біздің департамент мамандары бұл кәсіпкерлермен хабарласып, мониторинг жүргізеді. Сөйтіп, желіге қосылу жұмыстарының заңнамада белгіленген мерзімде атқарылуын қадағалайды. Сондай-ақ, департамент мамандары мәселесімен келген іскер азаматтардың сауалдарына жауап береді. Көптеген кәсіпкерлер заңнамада орын алып жатқан өзгерістерден бейхабар. Сондықтан “дөңгелек үстелдер” мен жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. 
Заңнама талаптарын жеткізуші де, тұтынушы да сақтауы тиіс. Техникалық шарттарды беру кезінде қызмет көрсету талаптарын, тәртібін және мерзімдерін бұзғандар да жазаға тартылады. Электр желілеріне қосылу тәртібін бұзған шағын кәсіпкерлікке – 25, орта кәсіпкерлікке – 50, ал ірі кәсіпкерлікке 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Әңгімелескен
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp