“Үстіміздегі жылдың сәуір айында Италияда өтетін “Fiestalonia” халықаралық конкурсына еліміздің атынан солтүстікқазақстандық Эльвира Нұрғожина қатыспақ” дегенді өнерсүйер қауымның жарыса жазғанын ғаламтордан, республикалық басылым беттерінен, сондай-ақ, фейсбуктағы парақшамнан оқып, қатты қуандым. “Баласы атқа шапса, атасы тақымын қысар” дегендей, өңіріміздің намысын өзге елде қорғағалы жүрген жас әншінің бұл жетістігіне шынайы тілеулестік танытып, онымен кездесіп, шығармашылығымен танысуға асыққаным рас. Бес жасынан бастап ән салуға әуестенген өнерпаз қыз қойған сауалдарымызға ағынан жарылып, өз қуанышымен бөлісті.
– Эльвира Алғисақызы, алдымен өзіңіз жайында айтып өтсеңіз?
– Туған жерім – Мамлют ауданына қарасты Ленин ауылы. Кішкентай кезімде анам Есіл ауданындағы Тауағаш ауылына қоныс аударып, сол қасиетті топырақта түледім. Нағашы әжем Сәбира сөзге шешен, тілінен бал тамған жан болатын. Оның қызықты ертегілерді, өмірдің мағынасын тереңнен түсіндіретін аңыз-әңгімелерді, халқымыздың ұлттық келбетін көрсететін ән-жырларды нақышына келтіре айтқанын тыңдап, сусындап өстім. Отбасында үш қызбыз. Қуанышы мен қайғысы қатар жүретін нәзік те күрделі өнер жолын таңдаған мен ғана. Жасымнан жақсылыққа баулып, тал бесіктей тербеткен аталмыш ауылдың мектебінің бастауыш сыныптарында оқыдым. Кейін оқуымды Петропавлдағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепте жалғастырдым. Өнерге, ән айтуға деген қабілетімді байқаған анам тоғызыншы сыныпты бітірген соң Қызылжардағы өнер колледжіне оқуға берді. Роза Кашенова сынды білгір әрі білікті ұстаздың дәрісімен қанаттанып, классикалық вокал бөлімін қызыл дипломмен бітірдім. Алланың дарытқан дауысын дамытып, табиғатыма сыйлаған талантын жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының эстрада-вокал бөліміне түсіп, оны да қызыл дипломмен тамамдадым. Бүгінде тұрмыстамын. Кішкентай ұлымыз бар. Қолым қалт етсе, жұмыс істеп, шығармашылық жағынан шыңдалуға, өз бетіммен ізденуге әбден үйренген мен бала күтіміне байланысты демалысымда бос отырмайын деп Бескөл ауылындағы Мәдениет үйінде уақытша жұмыс істеп жатқан жағдайым бар.
– Өткен жылдың қарашасында Астанадағы “Оқушылар сарайында” Ресей, Испания, Украина және Италия мемлекеттерінің күміс көмей әншілері бақ сынасқан халықаралық байқауда жұлдызыңыз жанып, жүлделі екінші орынды еншіледіңіз. Осы айтулы жетістігіңіз енді сіздің Италияда өнер көрсетуіңізге жол ашып отыр. Бағыңызды ашқан байқауға дайындығыңыз қалай?
– Ән сайысына бірнеше елдің таңдаулыларының қатысуымен қатар, қазылардың сапында да аталмыш мемлекеттердің өнер майталмандары болды. Әр елдің үкілеп қосқан сексен алты үміткері қатысқан додада америкалық атақты әнші Бейонсенің әлемдік хитқа айналған “Lissen” (қазақша нұсқасы “Тыңда”) әнін орындадым. Алғашында өзін шебер орындаушымын дейтін кәсіби әншілер де айтуға жүрексінетін қиын әннің жоғары ноталарына дауысымды жеткізе аламын ба деп қобалжығаным рас. Алайда, ішкі сенімім мені алдамады. Бұл жеңісім менің өнер деп аталатын құзыр шыңға беттеуімнің бастауы іспеттес.
Үстіміздегі жылдың наурызы мен шілде айларында Италияның Рим қаласында өтетін әншілер байқауына еліміздің атынан қатысуға жолдама алдым. Конкурстың талаптары бойынша шет елдің – бір, қазақ халқының бір классикалық әнін орындау керек. Сонымен қатар, ұлттық киім кию мәнеріне де көп көңіл бөлінетін көрінеді. Бүгінде қызу дайындық үстіндемін.
– Қазақ әндерінің ішінен қайсысын таңдадыңыз?
– Халқымыздың дәстүрлі әндерінің барлығы дерлік кең тыныстылығымен, әуен байлығымен, терең мазмұнымен, күрделі құрылымымен ерекшеленетін болған соң, әзірге таңдау қиынға соғып тұр.
– Жетістігіңізді бастауға баладыңыз. Сонда бұл сіздің алғашқы жеңісіңіз бе?
– Жоқ. Оқушы кезімде облыстық “Жұлдызай” жас әншілер байқауынан бастап, жоғары оқу орнында жүргенде де фестивальдарда бағымды сынап, бірде жеңіс тұғырын бағындырып, бірде бабым келіссе де, бағым жанбай жүрді. Әрине, талпынған әншінің еңбегі еленіп, таланты мойындалып жатса жөн-ақ.
– Өнер адамдарының, әсіресе, нәзік жандардың көпшілігі елді елең еткізер әндерімен сахналардан көріне бастайды да, кейін мүлде ат ізін салмай кететіндері де кездеседі. Мұндай әрекеттерін отбасылық жағдайлармен байланыстыратындары да бар. Сіздің ойыңызша отбасы мен мансапты қатар алып жүру қиын емес пе?
– Әрине, үйдің берекелі, мерекелі болуы әйелдерге тікелей байланысты болған соң баламның, жарымның алдындағы міндеттерімді адал атқаруға күш жұмсаймын. Қазақтың қарапайым әрбір қызының, оның ішінде қоңыр дауысты әнші қыздарының қазан-ошағын қайнатуға да, бала-шағасын жайнатуға да, Алланың берген талантын тасада қалдырмай, өркендетуге де шамалары жетеді деген ойдамын.
– Репертуарыңызда қанша әніңіз бар?
– Жиырма шақты.
– “Әншінің бағын ән, әннің бағын әнші ашады” деген ұғым бар. Бұған сіздің көз-қарасыңыз қандай?
– Бұл пікірмен толық келісемін. Сөзі мен әуені үйлесім тапқан ән шебер орындаушысына жолығып, тыңдармандардың жүрегіне жол тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!
– Болашақтағы жоспарыңыз қандай?
– Академияда оқып жүргенімде Нағима Есқалиева, Айжан Нұрмағамбетова сынды бұлбұл әншілердің тұсауын кескен ұстазым, Қазақстан Республикасының халық әртісі Лаки Кесоглу “Өнер жолы – әлсіздер мен оңай олжаға кенелгісі келетіндерді, атаққұмарларды көтермейтін қиын да қызықты соқпақ” деуші еді. Тәжірибелі ұстаздың сол сөздері санамнан бір сәтке де өшкен емес. Ол менің өмірлік ұстанымыма айналды. Мен қандай белесті бағындырып, биікке шықсам да, адал еңбегімнің, шынайы талантымның арқасында қол жеткізгім келеді. Алдағы уақытта өнердің қайнаған ордасы – Алматы қаласына барып, ақын, сазгерлермен байланыс орнатып, жаңа әндер жаздыру жоспарымда бар.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.