Адамның жаны мен тәні тығыз байланысты. Қазіргі ғылым дене мен рухани саулықты баламалы ұғым ретінде қарастырады. Сонымен қатар соңғы зерттеулер кейбір жүрек-қан тамырлары, асқазан-ішек, тері және аллергиялық аурулардың негізгі себебі ретінде адамның жүйке жүйесінің бұзылғанын көрсетті. Яғни әр дерттің астарында психологиялық себеп бар.
Кез келген эмоцияны басу, іште сақтау қауіпті. Көбінесе осындай сыртқа шықпаған эмоция адам бойында шиеленіс тудырады, салдарынан бас ауруы сияқты түрлі жағымсыз белгілер пайда болады. Психологиялық денсаулық тұрғысынан алғанда, эмоция сыртқа шығуы қажет. Бұл – эмоционалды интеллектінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Яғни әр эмоция маңызды және оны көрсету қажет. Мәселен, ашулану – негативті эмоция. Көпшілік ашулану жүйке жүйесіне ғана әсер етеді деп ойлайды. Жоқ, ашудан бауыр, буын, дем алу органдары ауыруы мүмкін. Оған жеткізбес үшін бұл эмоцияны іште басып тастамай, шығару керек, бірақ ол үшін жанжалдасып, заттарды лақтырудың қажеті жоқ. Мәселен, үй жинаңыз немесе спорт залға барыңыз, жүгіріңіз.
Психосоматика – эмоция және сезім сияқты психологиялық факторлардың денедегі әртүрлі физикалық аурулардың пайда болуына әсерін зерттейтін медицина мен психологиядағы ерекше сала. Психологиялық проблемалардың соматикалық көрінісі ауруды ұзақ уақыт елемеуден және бейінді мамандарға – психологтар мен психиатрларға жүгінуден бас тарту кезінде пайда болады.
Осындайда «Психосоматикалық ауруларға кім бейім келеді?» деген сауал туындайды. Елімізде бұған қатысты арнайы зерттеулер жүргізілмеген екен. Жалпы өміріне көңілінің толмауы, психикалық жарақаттар, ішкі қақтығыстар, өз-өзін кінәлау, іштей жеу, өз қалауынан ұзақ уақыт бас тарту, кез келген қорқыныштар жүйке және психосоматикалық ауруларға әкеледі. Ең жиі кездесетін бас ауруы – іштей бір нәрсені қабылдамаудың белгісі. Бойыңызда қандай да бір қорқыныш болса, басыңыз айналып хабар береді. Жүректің шаншуы – көңіліңіздің тыныш болмауы. Асқазан аурулары ашулану, уайымды білдіреді. Санаға шамадан тыс жүк түскенде аяқта ва рикоз пайда болады.
Адамдар өз бетінше психосоматикалық ауруға шалдыққанын біле алмайды. Тек білікті маман – дәрігер ғана диагноз қояды, психологиялық проблеманың немесе аурудың дәрежесі мен сипатын анықтай алады. Бүгінгі таңда біздің өңірде кәсіби көмек алудың әртүрлі тәсілі бар. Мәселен, психологиялық көмек көрсету кабинеттері және әрбір қалалық және аудандық емханаларда бастапқы психикалық денсаулық орталықтары жұмыс істеп тұр. Егер адам мемлекеттік мекемелердегі мамандарға жүгінуден жүрексінетін болса, онда қалаларда жеке медициналық және психологиялық клиникалар мен орталықтарда кеңес алу мүмкіндігі бар.
Интернет арқылы өздігінен диагноз қоюдан және өзін-өзі емдеуден, жалған мамандарға жүгінуден сақтандырғым келеді. Біздің миымыз, психикамыз – бұл өте жақсы реттелген механизм, арнайы білімі жоқ адамдардың араласуы оған орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
Көп жылғы тәжірибеден байқағаным, ауруды ушықтырмай, дер кезінде маманға жүгіну қажет. Психологиялық, психиатриялық, психосоматикалық ауруларды емдеуде кешенді тәсіл өз нәтижесін береді.
Павел МОИСЕЕВ,
Kozybayev University психологиялық қызметінің жетекшісі.