«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭНЕРГЕТИКТЕР ӨЗ МІНДЕТІН ТҮСІНЕДІ

“СевКазЭнергосбыт” ЖШС-інде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауын талқылаған жиын өтті. Кәсіпорын ұжымы мүшелері Президент Жолдауының, әсіресе, еліміздің энергетикалық саласына қатысты мәселелеріне айрықша көңіл аударды.

“СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің тұрғындармен жұмыс жүргізуге тікелей қатысы бар десек, артық айтқандық емес. Қуат өткізу кәсіпорнының орталық кеңсесі мен филиалдарына күн сайын Петропавл қаласы мен облыстың өте көп тұрғындары қуатпен жабдықтауға қатысты сан алуан мәселелер бойынша ағылып келіп жатады. Компания болса өз тарапынан тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасының жоғары деңгейде қалуы үшін жұмыс жүргізеді. Қалалықтарға ыңғайлы және жайлы болуы үшін 2013 жылдың желтоқсанында кәсіпорынның орталық кеңсесінің базасында электронды кезек жүйесімен және озық байланыс орталығымен жарақтанған осызаманғы сервис орталығы ашылды. Биылғы жылдың маусым айында “СевКазЭнерго” АҚ-ның ресми сайтында клиенттерге компания қызметтерін үйден шықпай-ақ пайдалануға мүмкіндік беретін “Жеке кабинет” қосымшасы құрылды. Кез келген жағдайда – қаншалықты ол күрделі болсын – “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і әрдайым электр және жылу қуатына төлем жасаған кезде қиындық көретін тұтынушыларға көмек көрсетуге әзір, мұның бәрі облыс тұрғындары энергетиктердің оларға деген жылы көзқарасын, қамқорлығын сезінулері үшін жасалады.

Жолдауды талқылау жиынында компания қызметкерлері әңгімені жаңа экономикалық саясаттың әлеуметтік мәселелерінен бастады. Атап айтқанда, “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-нің бас директоры Мағауия Сағындықов қызметкерлер назарын тұрғын үй секторында болатын өзгерістерге аударды.

– Елбасы бұрыннан баспанасы болмаған жандар үшін қолжетімді тұрғын үй мәселесін көтеріп отыр. Бастапқы жарнасыз 1-2 пайыздық кредит берілетін болады. Бұл бірінші кезекте жастар үшін, енді-енді аяғынан тұра бастаған жас отбасылары үшін жақсы мүмкіндік, – деді ол.

Осы орайда “СевКазЭнерго” АҚ-ның бас директоры Леонид Ларичев те сөз алып, Президент Жолдауында айтылған балабақшалар жетімсіздігі мәселесіне тоқталып, соған байланысты энергетиктердің осы күрделі мәселені шешуге өз үлесін қосуы мақсатында алдағы 2015 жылы компания қаржысына Петропавл қаласында жаңа балабақша тұрғызуға қала активінің алдында уәде бергенін жеткізді.

Сол сияқты қуат өткізушілер компания қызметіне қатысты мәселелерді де талқылады. Мемлекеттің жаңа экономикалық саясатының аясында ТКШ-ны жаңғыртуға тағы да мол қаржы бөлінгелі отырғаны белгілі. Бұл жағдайда “СевКазЭнергосбыт” ЖШС-і тұрғындарды электр және жылу қуатымен жабдықтаушы ретінде аталмыш қаржыны игеруге қатысуы мүмкін.

– Ұлттық қордан 500 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Жол және әлеуметтік нысандар құрылысы, ел экономикасына, шағын және орта бизнеске инвестициялар салу – мұның бәрі жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бастайды. Елдің әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға мол қаржы салынатын болады. Қазір бүкіл республика бойынша жылу беру желілерінің қандай жағдайда екені баршамызға аян. Қазақстанның оңтүстігі мен батысында туындаған электр қуатының жетімсіздігіне байланысты елімізде электрмен жабдықтау жүйесіне барынша зор көңіл аударылады. Біз, қазақстандықтар, барлығымыз Президенттің бастамалары мен ойларын жүзеге асыруға күш салуымыз керек, – деді Мағауия Сағындықов.

Энергетиктер Елбасы Жолдауы әлемдік қоғамдастықтың тұрақсыздығы жағдайында уақтылы қолға алынған өте дұрыс экономикалық және саяси шара екенін атап өтті. Ең маңыздысы, Қазақстан өз Президентінің кемеңгерлігі мен көрегендігінің арқасында, қандай да бір сыртқы факторларға қарамастан, бүгін өзінің Нұрлы Жолын – болашаққа бастар жолын таңдады.

Игорь ТАТАРЧЕНКО,

“СевКазЭнерго” АҚ-ның жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімінің маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp