«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭНЕРГИЯНЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Энергия ресурстарын үнемдеу Қазақстан Республикасының экономикалық дамуының ең өзекті міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес энергия үнемдеу саласында ішкі жалпы өнімнің энергия жұмсағыштығын 2015 жылға дейін кемінде 10%-ға және 2020 жылға дейін 25%-ға азайту міндеттеліп отыр. Сөйтіп, энергияны үнемдеу мемлекеттің стратегиялық міндеттеріне жатқызылып, сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі әдіс саналады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында экономиканың тұрақты және теңгерімді дамуы бойынша міндеттер қойылған.

Мемлекет үшін Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік пен оның аумақтық органдары атқаратын жұмыстардың стратегиялық маңызы зор. Департамент табиғи монополияның 43 субъектісінің қызметіне 59 реттелетін қызмет көрсету бойынша тарифтік және техникалық реттеу атқарымдарын жүзеге асырады. Оның ішінде облыстың аудандарында 17 коммуналдық кәсіпорын сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау нысандарын пайдаланады. Экономиканың белгіленген өрлеу қарқынын қамтамасыз ету және соған сәйкес азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін табиғи монополиялар субъектілерінен мемлекеттік тарифтік реттеу жүйесінің инфрақұрылым салаларын дамыту, реттелетін секторлардың инвестициялық тартымдылығын арттыру, тұтынушылар құқығын қорғау, энергия және ресурс үнемдеу міндеттерін шешуді қамтамасыз ететін жағдай туғызу талап етіледі.

Тұтынушылар құқығын қорғау департамент қызметінің басым бағыты болып саналады. Агенттік пен оның аумақтық органдарының тұтынушыларды қорғау үшін алдына қойып отырған міндеттері – тұтынушыларды сапасыз қызмет көрсетуден, негізсіз тарифтерді көтеруден қорғау, табиғи монополия субъектілері тарапынан кіруді шектеу.

Тиімсіз пайдаланудан, шектен тыс тозудан және ұрлаудан нормадан артық ысыраптардың болуы бүгінгі күні кәсіпорындар қызметінің келеңсіз көрсеткіштерінің бірі саналады. Жылдар бойы қордаланған тозу сапалы қызмет көрсетуде негізгі келелі мәселе болып табылады. Сумен жабдықтау саласында бұл мәселені шешу бойынша жұмыс атқарылуда – кең көлемді жаңғырту және қайта жабдықтау бойынша суға тариф белгілеудің жаңа тетіктерін енгізудің 2013- 2015 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып, іске асырылуда. 2020 жылға дейін тозуды 15%-ға, энергия тұтынуды 30%-ға азайту, ысырапты қысқарту, шығындарды үнемдеу және көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту кешенді жоспарды жүзеге асырудың нәтижесі болуға тиіс. Сондай-ақ, қарыз қаражатын, ТКШ-ны жетілдіру бағдарламасының ресурстарын пайдалану арқылы жылу жүйелерін жетілдірудің кешенді жоспары жасалуда. Ол жоспар қолданылып, жүзеге асырылған жағдайда 2020 жылдарға дейін тозу 15%-ға дейін, ал ысырап деңгейі 4%-дай төмендейді деп жоспарлануда.

Заңнамалық нормаларды пайдалана отырып, біз тасымалдау желісіндегі нормадан артық ысыраптарды толығымен жоямыз деп жоспарлап отырмыз.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша электрмен, жылумен және сумен жабдықтау желісіндегі нормативті ысыраптардың деңгейі жыл сайын төмендеп келе жатқандығы байқалады. Бұл бағыттағы жұмыс ысырап деңгейі ең төменгі шегіне жеткенге дейін жалғасады. Өйткені, ысырапты төмендету ақшалай санағанда, жүздеген миллионға жететін кәсіпорын шығынын азайту ғана емес, ол кәсіпорынның қолданыстағы активтерін жаңартуға, кеңейтуге және көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға жұмсауға тиіс қосымша пайда табу көзі болып табылады.

Энергияны және ресурстарды үнемдеу бойынша іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, энергия ресурстарын және тұтынушылар қаражатын үнемдеуге негізделген электр қуатына (тәулік зонасы және тұтыну көлемі бойынша) және суға сараланған тарифтер енгізілді. Сараланған тарифтер әдісін енгізу Солтүстік Қазақстан облысында 2009 жылы басталды. Сонымен облыста электр қуатына күндізгі және түнгі тарифтер қолдану мүмкіндігі 2009 жылдың наурызында қамтамасыз етілді. Бұл ретте түнгі тарифтер деңгейі орташа тариф деңгейінен 2-3 есе төмен. Жеке тұлғалар үшін тұтыну көлемдеріне қарай электр қуатына сараланған тарифтер Солтүстік Қазақстан облысында 2009 жылғы 1 желтоқсанда енгізілді. Бұл ретте асыра пайдаланғаны үшін ең жоғары тариф бойынша ақы алынатын электр қуаты көлемі, электр плиталары бар тұтынушыларға – айына бір адам басына шаққанда 90 кВт/сағ., электр плиталары жоқтарға айына 1 адам басына шаққанда 70 кВт/сағ. болып белгіленді. Сонымен қатар, департамент пен облыс әкімдігінің бірлескен әрекеті нәтижесінде электр энергиясының сараланған тарифтері ережесіне сәйкес электр плиталарын пайдаланатын және электр плиталарын пайдаланбайтын жасы бойынша жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген жеке тұлғаларға асыра пайдаланғаны үшін ең жоғары тариф бойынша ақы алынатын электр энергиясын тұтынудың шамасын 1 адам басына шаққанда айына сәйкес түрде 120 кВт/сағ. және 100 кВт/сағ. мөлшерінде белгілеп, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолдана бастады.

Сол сияқты департамент үшінші деңгейдегі тариф бойынша артық пайдаланғаны үшін ақы алынатын электр қуатының тұтыну көлемін енгізді. Сумен жабдықтау және кәріз қызметіне сараланған тарифтерді қолдануды да департамент бір мезгілде жүзеге асырды.

Сараланған тарифтерді енгізу нәтижесі энергия ресурстарын үнемдеу, есепке алу аспаптарын орнатуды ынталандыру, тұтынушыларға тарифтік жоспарды таңдау мүмкіндігін беру болып табылады. Бұдан басқа, энергия үнемдеуге ынталандыру үшін табиғи монополия субъектілері үйге жылу мен судың жеке және ортақ есепке алу аспаптарын орнатуына бақылау жасау жұмысы жалғасуда. Соңғы жалдары департамент басқа да мүдделі органдармен бірге тұрғындарға есептегіш құралдарды орнатудың қажеттілігі және пайдалы екендігі жайлы жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көптеген бұқаралық іс-шаралар өткізді, материалдар жариялады.

Қазіргі уақытта Петропавл қаласы бойынша суық суды есептейтін жеке есептегіш құралдармен жабдықтау 94%-ды құрайды (қажеттісі 53737 дана болса, орнатылғаны – 50319 дана), ыстық судікі – 93 % (қажеттісі 52204 дана болса, орнатылғаны – 48753 дана), жалпыүйлік жылу қуатын есептеу құралы бойынша – 34,4% (қажеттісі 825 дана болса, орнатылғаны – 284 дана). Бұл ретте жалпыүйлік және жеке есептеу құралдарын қолдану арқылы жылу қуаты мен суды нақты тұтыну бойынша экономикалық тиімділік байқалады. 2013-2014 жылдардағы жылыту кезеңінің нәтижесі бойынша, жылуға 1 шаршы метр үшін – 87,41 теңге, ыстық суға 1 адамға айына 466,19 теңге, жылу есептегіш құралдары орнатылған көпқабатты үйлер бойынша жылуға орташа тариф 1 шаршы метр үшін 62,99 теңгені, ыстық суға адам басына 453,42 теңгені құрады, яғни бұл үйлердің нақты көрсеткіштері бекітілген тарифке қарағанда едәуір төмен. Тәжірибе көрсеткендей, реттелетін қызметтерге төлемді есептеу құралдарының көрсеткіштері бойынша төлеу ең алдымен тұтынушыға пайдалы.

Тұтынушылар нарық қыспағында энергия ресурстарын үнемдеу мен қаражат ысырабын төмендетудің бірінші қадамы дәл есепке алу екенін түсінуде.

Осы мақсатта энергияны үнемдеу аясында 2011 жылы басталған электр қуатын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін (ЭКЕАЖ) енгізу жұмысы жалғасуда. 2013 жылы “СҚ Электр желілік тарату компаниясы” АҚ инвестициялық бағдарлама аясында төмен деңгейдегі ЭКЕАЖ-ны Петропавл қаласында 1369, Бескөл ауылында 808 есептеу нүктесіне орнатты, сондай-ақ, жоғары деңгейдегі ЭКЕАЖ – 15 есептеу нүктесіне орнатты. Бүгінгі күннің өзінде электр қуаты нарығындағы озық технологияларды қолданудың оң нәтижелері көрініс беруде. Бірінші кезекте ЭКЕАЖ және 0,4 кВ әуе желілеріндегі “жалаңаш” сымды ОС маркалы (оқшауланған сымға) сымға ауыстыру арқылы қайта жабдықтау электр қуатымен қамтамасыз етудің жоғары сенімділігін кепілдендіріп, “СҚ ЭТК” АҚ-ның желілерінде ысырапты 13,45%-дан 11,8%-ға дейін төмендетуге мүмкін берді. Алдағы уақытта да энергия үнемдеуге байланысты шаралар кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасының басым бағыты болып қалады.

Марат МҰСТАФИН,

 облыстық Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаменттің басшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp