Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қазақстан Республикасындағы Эстония Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Яан Рейхольдпен кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері жайлы әңгімелесті.
– Шақыртуымды қабыл алып, Солтүстік Қазақстан облысына келгендеріңізге ризашылық білдіремін. Төрт миллион гектардан астам егістік алқабы, 600 мыңға жуық тұрғыны бар біздің облысымыздың экономикасына ауыл шаруашылығы саласы серпін беріп отыр. Қызылжар өңірінің жері құнарлы, жұмысшы күші де жеткілікті, сондықтан эстониялық кәсіпкерлер аграрлық және өнеркәсіп салаларын дамытуға ниет танытып жатса, біз қолдауға дайынбыз, – деді Ерік Хамзаұлы.
Облыс әкімі өңірдегі инвестициялық ахуалды дамытуға бағытталған жұмыстардың қайтарымы байқалып отырғанын айтты. Бірқатар елдермен ынтымақтастық орнаған. Соның айқын дәлелі – жақын күндері Ресейдің Түмен қаласында Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді.
Шетелдік мейман өңірімізбен кәсіпкерлік байланысты жандандыруға ниетті екенін жеткізіп, сүт кешенінің құрылысына арналған жобаны ұсынды. Сондай-ақ, алдағы уақытта іскерлік және екіжақты қатынастарды нығайту мақсатында өз елінің кәсіпкерлерімен бірге Қызылжар өңіріне тағы да ат басын бұратынын айтты.
Кездесу соңында облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Эстония Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Яан Рейхольд экономика бағыты бойынша кәсіпкерлікті дамытуға мүдделілік танытып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
