«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Юрий БЕЛОНОГ: “ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚҰРМЕТІМ ЗОР”

Назарларыңызға мемлекеттік тілді меңгеруде басқаларға үлгі болып жүрген облыстық аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Юрий Белоногпен әңгімемізді ұсынамыз.

– Юрий Анатольевич, соңғы жылдары түрлі алқалы жиындарда қазақша сөйлеп жүргеніңізді білеміз. Мұны қазақ тіліне деген құрметіңіз деп түсінгеніміз жөн шығар.

– Әрине, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Оны білу – әркімнің міндеті. Ал ел алдында жүрген азаматтардың қазақ тіліне деген құрметі, тіпті, зор болуы тиіс деп ойлаймын. Мен облыстық мәслихаттың депутатымын. Барлық халық қалаулыларының арасынан былтыр сессия жұмысын қазақша жүргізген мен ғана болдым. Мақтанғаным емес, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға атсалысуды өзімнің азаматтық борышым деп білемін.

– Қазақ тілін үйренуге қанша уақыт жұмсадыңыз?

– “Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең тамашасы” деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, осындай ғажап тілдің тұнығынан шөлімді басу үшін маған әлі де қаншама жылдар қажет деп ойлаймын. Ал тіл үйреніп жүргеніме екі-үш жыл ғана болды. Алдағы уақытта да қол үзбей үйрене бермекпін. Әдеби тілде сөйлей алмаймын. Бірақ қазақша газет-журналдарды, кітаптарды мүдірмей оқимын. Қазақстанның белгілі филолог-лингвист ғалымдарының тіл үйренушілерге арналған кітаптары бар, көбіне соларға арқа сүйеймін.

Қазақта: “Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі” деген сөз бар емес пе? Әкем Анатолий Белоног өңірімізге белгілі дәрігер, кейін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметтерін атқарды, ол кісі де қазақ тілін құрметтейтін. Қарындасым – құқық қорғау саласының қызметкері, ол да қазақ тілін үйреніп жүр. Жоғарыда айттым ғой, осы елдің әрбір азаматы мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға қолынан келгенше үлесін қосуы қажет. Мен қазақ тілін үйреніп жүргенімді ерлік деп санамаймын, өзімнің парызымды ғана орындап жүрмін

– Сіз басқаратын ұжымда қазақ тілін үйренудің жайы қалай?

– Біздің ұжымда қазақтар аз емес. Бүгінгі күні қатарымыз жас дәрігерлермен толығуда. Олар тілді бір кісідей меңгерген. Өзім де басқалар үлгі алсын деген ниетпен бөлімшелердегі сырқаттармен кездескен кезде олардың қал-жағдайын қазақша сұраймын. Бірде ауылдан келіп, ем алып жатқан ақсақалмен қазақша сөйлескен едім, ол кісі риза болып, батасын берді.

– Десек те, әлі де болса, мемлекеттік тілді меңгеруге асықпай жүргендер бар ғой.

– Олар қазақ тілін менсінбейді емес, тіл үйренуге жүрексінеді. Қазақ тілін үйрену маған қиындық тудырған жоқ. Мемлекеттік тілді білгенімді мақтан тұтамын.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp