Мемлекет басшысының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 33, 34-ші қадамдарында өмірде жаза басып, заң талаптарын бұзып, қылмыскер атанғандардан теріс айналып, кеудеден итеру арқылы жақсылыққа жете алмайтынымыз айтылған. Сондықтан бүгінгі күні еліміз бойынша құқықтық саясатты ізгілендіру мақсатында темір торға қамалғандар проблемасы, оларды ұстау, еңбекпен түзеу шаралары, бостандыққа шыққан соң өмірге қайта бейімдеу, жұмысқа орналастыру, олардың тәртібін бақылау және тағы басқа да мәселелер шешімін тауып жатыр.
Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, еңбекпен түзеу мекемесінде неғұрлым ұзақ отырған қылмыскер соғұрлым адами қасиеттерінен айрыла түседі екен. Оның да бірнеше себептері бар. Өйткені, әлеуметтік байланыстар үзіледі, шаңырағы шайқалады. Өмір сүруге бейімділікті ұмытып, түсінігі өзгереді. Таң атқаннан, кеш батқанға дейін жұмыссыз жата беру оларды жалықтырып қана қоймайды, “жатыпішер арамтамаққа” айналдырады. Осылайша жазасын өтеп шыққаннан кейін де қылмыскерлер еңбекке қабілетсіз болады. Ақырында жұмыссыздар саны одан әрі артып, тұрақты мекенжайы жоқтар көбейе түседі. Сөйтіп, адамды түзейді деген түзеу мекемесі қылмыстың өсуіне, қылмыскерлердің көбеюіне ықпал етеді. Ал мұндай тығырықтан шығудың жолы – оларды еңбекке баулу.
Еңбек ету – бұл өмір талабы. Сондықтан еліміздің түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілер үшін де жұмыс істеуге рұқсат берілген. Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру, оларға әлеуметтік-материалдық көмек беру – қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ерекше назарындағы мәселе.
Былтыр еңбекке жарамды бір мыңнан астам жазасын өтеушінің 601-і түзеу мекемесінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. “Еңбек” республикалық мемлекеттік кәсіпорнының “Еңбек – Қызылжар” филиалымен, басқа да жеке кәсіпкерлермен, серіктестіктермен келісімшарт жасастық. Олар негізінен темір өңдеу, жиһаз жинау, киім тігу, кәдесый бұйымдарын жасау секілді жұмыс түрлерімен айналысады. Әйелдерге арналған түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер бүгінгі күні моншаға арналған бұйымдарды дайындайды. “Е.Щегелев” жеке кәсіпкерлігі алғашында мұндағы қыз-келіншектерге сенімсіздік танытып, бар болғаны 30 адамға ғана жұмыс берген еді. Бірақ кейін жұмысшылардың санын 120-ға жеткізді. Соның нәтижесінде өз бұйымдарын облысымыздан тысқары жерлерге де жіберуде. Былтырдан бері арнайы киімдерге тапсырыс мол түсіп жатыр. Осыған орай әйелдер колониясынан тағы қосымша екі тігін цехы ашылды. Ал Қызылжар ауданының Ольшанка ауылындағы “ЕС- 164/9” түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілер колониядан тыс “Якорь СК”, “Карпов СК” секілді ірі серіктестіктерде еңбек етуде. Мұндағы сотталушыларға Петропавл қаласындағы бірнеше жеке кәсіпкер жұмыс беріп отырғанын да атап өткен жөн. Өткен жылдан бері Айыртау ауданындағы түрмеде жазаға кесілгендерге жұмыс берушілер табылып, ағаш өңдеу, қолөнер бұйымдарын жасау қолға алынды.
Сөз орайы келгенде, еңбек етушілердің қатарын арттыру үшін кәсіпкерлерге ғимаратты ғана емес, күзет қызметін де тегін ұсынып отырғанымызды айтып өткім келеді. Олар коммуналдық шығындарды ғана өтейді.
Алдымен жұмысқа арнайы мамандыққа ие азаматтар қабылданады. Алайда, кәсіптік білімі жоқтарды да кеудеден итермейміз. Әйелдер колониясында кәсіптік-педагогикалық колледж жұмыс істейді. Мұнда облысымыздағы “ЕС-164/3”, “ЕС-164/4”, “ЕС-164/6”, “ЕС-164/8” түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар оқытылады. Биыл 125 сотталушы бұл білім орнынан электрмен дәнекерлеуші, тасқалаушы, тігінші, сылақшы, құрылысшы, ағаш шебері мамандықтары бойынша білім алып шықты. Ал 2016-2017 оқу жылында 225 жазасын өтеушіден өтініш түсті. Бұдан соң сотталғандар мемлекеттік немесе жеке кәсіпорындарға, құрылыс компанияларына және жеңіл өнеркәсіп орындарына еңбек шартымен жұмысқа орналастырылады.
Қазақта “Еңбек – бәрін де жеңбек” деген аталы сөз бар. Шынымен де, уақтылы жұмысқа барып, еңбекақыларын алып жүрген сотталушылар қалыпты өмірге осылайша тез бейімделе алады.
Әрине, сотталғандар қомақты жалақы алып жатыр дей алмаймыз. Бүгінгі күні қазандық цехында жұмыс істейтіндер – 30-40 мың теңге, наубайханадағылар – 25-30 мың теңге, ал тігін кәсіпорнындағы еңбеккерлер тапсырыс көлеміне қарай кейде 60 мыңға дейін еңбекақы ала алады. Дегенмен, сотталғандарға мұндай ақшаны жаратудың қажеттілігі шамалы. Сондықтан көбі туыс-туғандарына да көмек бере алады. Әрі ертеңгі күні бостандыққа шыққан кезде жаңа өмір бастауға қалталарында ақшасы болса, жақсы емес пе?!
Жақсылықтың жолы алыс дейді, ал жамандық қарыс қадам ғана. Демек, біреудің ала жібін аттап, заңға бағынбай қылмыскер атанған адамдардың да жақсылықтарға қол жеткізуі үшін күресе білуі керек. Сондықтан еңбек арқылы тәрбиелеу үлгілі үрдіске айналып отыр.
Бірақ сотталғандар өз беттерінше жұмысқа орналаса алмайды. Сол себепті мекемелерде бұл мәселемен айналысатын арнайы қызметкерлер бар. Олар колониядағы жазасын өтеушілердің мүдделерін қорғайды, жұмысқа орналастыру үшін құжаттарын ресімдейді. Соңғы жылдары жұмыс берушілердің саны артып келе жатқаны да қуантады. Бүгінгі таңда облысымыздағы түзеу мекемелерінде 14 жеке кәсіпкерлік субъектісі және 2 серіктестік өз ісін дөңгелетуде. Жергілікті әкімдікпен бірлесіп олардың санын арттыруды көздеп отырмыз. Өйткені, түрмеде отырғандардың ішінде жұмысқа орналасқысы келетіндер аз емес. Бүгінгі күні 500 адам екі қолға бір жұмыс іздеп отыр, ал түзеу мекемелерінің маңындағы жеті мың шаршы метр алаң пайдаланылмай жатыр. Бос ғимараттар да аз емес. Сондықтан ниет танытқандар болса, түрмелерде өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік мол.
Қанат СҮЛЕЙМЕНОВ,
облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің
бас маманы.