Мемлекет басшысы судьялардың VI съезінде азаматтық іс жүргізу заңнамасын жаңғыртудың, медиация институтын дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. Съезде Елбасы: «Азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту қажет. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталуы тиіс. Сот шешімдерін қайта қарауды талап ететін жағдайларды тоқтатып, заңмен негізделген әдістемені дайындап, енгізген жөн», – деген болатын. Осыдан 15 жыл бұрын қабылданған Азаматтық іс жүргізу кодексін құқықтық жаңғыртудың уақыты келді.
Әрбір адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қорғау үшін Азаматтық кодексте белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы. Ал азаматтық заңдар сотқа қатысушылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқпаушылықты, шарт еркiндiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз етеді. Азаматтарға сот қорғауында өз құқықтарын неғұрлым толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сот төрелігін қамтамасыз етудің жолдары мен тәсілдері айқындалған. Сонымен қатар, азаматтық істерді жедел қарап шешуді қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына істерді дайындау сатысы оңтайландырылатын болады. Жеке-құқықтық жанжалдарды шешуде тараптарды бітімге шақыру үрдісі қалыптаспақ. Яғни, соттық медиация тәсілі қолданылады. Медиациялық жолмен азаматтық істер аяқталып, бейбіт келісіммен тоқтатылатын болады. Бұл – адамдарды ізгілікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы. Заң жобасында «Татуластыру рәсімдері» деген бөлек тарауда медиация тәртібімен дауды шешуге бағытталған бітімгершілік келісімдерді реттеудің жолдары берілген.
Заң жобасымен сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін түзетулер енгізілді. Қазіргі уақытта «Электрондық үкімет» бағдарламасы шеңберінде барлық сот органдары қызметі кезең-кезеңімен электронды технологияға көшіріліп келеді. Өйткені, бүгінгі адамдардың өмір, заман талабы интернет желісімен, электронды жүйемен байланысты. Инновациялық технологияның қоғам өміріне тереңірек кірігуі электронды қызмет саласын мейлінше кеңірек қолданудың маңызын көрсетіп отыр. Барлық деңгейдегі соттардың ресми сайттарында «Сот кабинеті» электронды онлайн сервисі орналасқан. «Сот кабинеті» азаматтар мен ұйымдардың сот органдарымен электронды байланысының жаңа тәсілі. «Сот кабинеті» сервисі жобасы жұртшылықтың кең қолданысында болып, адвокаттардың, судьялар мен сот мамандарының тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың құқықтық мәдениетінің жетілуіне көмегін тигізеді. Бүгінгі күннің өзінде сот залдары аудиобейне жазуға, тіркеуге, бақылауға және бейнеконференция өткізуге лайықталған.
Жаңа кодекс сот жұмысының сапасын арттырып, судьялардың заманауи талапқа сай қызмет атқаруына мүмкіндік беретін болады.
Гүлнар САДЫҚОВА,
облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы.