Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесі қоғамымызда әлі де талқыланып жатыр. Қылмыстық кодексте қандай өзгерістер орын алды? Еліміздегі қылмыстық жағдайға бұл жаңалықтар қалай әсер етеді? Енгізілген өзгерістерден не күтуге болады? Осы мәселелер төңірегінде облыстық прокуратураның 10 басқармасының аға прокуроры Рауан Бостановты сөзге тартқан едік.
– Рауан Алтайұлы, жаңа Кодекстің мақсаттары мен міндеттері туралы айтып өтсеңіз.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген “Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында” біздің еліміздің құқықтық саясатының негізгі стратегиялық бағыттары нақты айқындалған.
Тұжырымдамада аз және орта дәрежеде бірінші рет қылмыс жасаған тұлғаларға, сол сияқты, тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарына – жүкті әйелдерге және асырауында кәмелеттік жасқа жетпеген балалары бар жалғызілікті әйелдерге, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, егде жастағы адамдарға қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру туралы айтылады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға, қылмыстық қуғындаудан жасырынып жүргендерге, қылмыстың қайталануы кезінде кінәлі тұлғаларға қатысты алдағы уақытта да қатаң қылмыстық саясат жүргізу қажеттігін атап айтты.
Егер қылмыстық саясаттың нақты аспектісіне тоқталатын болсақ, олар экономикалық салада аса қоғамдық қауіп туғызбайтын құқық бұзушылықтарды әкімшілік құқық бұзушылықтарға ауыстыра отырып, одан әрі қылмыстық сипаттан арылтуға, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтардың ауырлық дәрежесін қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстыру немесе жазаны жеңілдету арқылы қайта бағалауға бағытталған.
Бұдан басқа кәмелетке жасы толмағандарға, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қауіп төндіретін қылмыстар үшін, террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін, ұйымдасқан қылмыстық топ немесе қылмыстық қауымдастық құрамында қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық күшейтілген.
Бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазаны қолдану аясын кеңейту, оның ішінде бас бостандығынан айыру түріндегі жазалаудың жекелеген санкцияларын алып тастау немесе бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзімдерін азайту, оның қолданылу аясын кеңейту мүмкіндігі мен қылмыстық жазалаудың тиімді түрлерінің бірі ретінде айыппұлды анықтау маңызды міндеттердің бірі саналады.
Қылмыстық саясаттың тағы бір бағыты – ауырлығы бір категорияға жатқызылған және жазалаудың әділеттілік принципіне сәйкестендірілген Қылмыстық кодекс баптарының жекелеген санкцияларында жазалаудың сай келушілігін белгілеу.
Тұжырымдама мәтінінде қылмыстық жазалау шараларына балама ретінде мемлекеттік мәжбүрлеуді енгізу, қылмыстық жауапкершіліктен босату институттарын жетілдіру, жазаны өтеу, жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы айтылған. Өлім жазасы секілді шара да ерекше назар аударуды талап етеді. Оның қолданылу аясын тарылту бағыты жалғасатын болады.
– Енді қылмыстық заңнамаға енгізілген жаңалықтарға тоқталып өтсеңіз.
– Бәрінен бұрын жазалануға жататын қылмыстық әрекеттің қылмыс және қылмыстық тәртіпсіздік деп жіктелген екібуынды жүйесі өзіне назар аудартады. Айыппұл, түзеу жұмыстары, бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түрінде жазалану қаупі бар қоғамға қауіпті іс-әрекет қылмыс деп танылады. Ал қылмыстық тәртіпсіздікке қоғамға үлкен қауіп келтірмейтін, жеке басқа, ұйымға, қоғамға немесе мемлекетке аз-мұз зиян келтірген немесе қауіп тудырған кінәлі іс-әрекет жатады. Заң бұзушылықтардың бұл түріне айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, тұтқындау жазалары қолданылады. Бұрынғы қолданылып жүрген Қылмыстық кодекспен салыстырғанда, жаңа заңнамада жазалау жүйесі түбегейлі өңделген, жазалаудың балама шараларына ерекше назар аударылған. Былайша айтқанда, заңның жаңа редакциясы бірінші рет “сүрінгендерге” бейтараптық танытады: тұрғындардың әлеуметтік әл-жуаз топтарына, бірінші кезекте жасөспірімдерге, әйелдерге, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға. Екінші жағынан, аса ауыр және сыбайлас жемқорлық, экстремизм және лаңкестік үшін жаза қатайтылған. Мысалы, сыбайлас жемқорлық үшін мемлекеттік қызметте және басқа мемлекеттік құрылымдарда лауазымдық қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынады. Қылмыстық кодекс ана мен балаға қарсы жасалған қылмысқа да төзімсіздік танытып отыр. Кәмелетке жасы толмағандарға қатысты жасалған қылмыстық теріс әрекет қатаң жазаланатын болады.
– Рауан Алтайұлы, енді жаңа заң бойынша айыппұл салу қалай жүзеге асырылмақ?
– Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында жазалаудың балама түрі ретінде мән-мағынасы өзгерген айыппұл қарастырылған. Егер бұрын айыппұл Қылмыстық кодекстің 205-бабында қолданылса, қазір ондай баптардың саны – 277.
Жаңа редакцияда айыппұл айлық есептік көрсеткішке теңестіріліп, еселенген сома немесе пара көлемінде өндіріліп алынуы мүмкін. Мысалы, қылмыстық әрекет үшін жиырма бестен бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейін, ал қылмыс үшін – бес жүзден он мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл белгіленеді.
Енді айыппұл төлеуден жалтару жағдайларына тоқталайық. Жасалған қылмыстық теріс әрекеттен жалтарған жағдайда айыппұл бір айлық есептік көрсеткіш үшін бір сағат қоғамдық жұмыс есебінде қоғамдық жұмысқа тартумен немесе төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бір тәулікке қамау есебінде қамауға алумен ауыстырылады. Егер жасаған қылмысынан жалтарса, айыппұл төрт айлық есептік көрсеткіш үшін – бір күн бас бостандығынан айыру есебінде бас бостандығынан айырумен алмастырылады.
Бұдан басқа түзеу жұмыстары да көп өзгерістерге ұшырады. Бір ғана мысал, бұрынғы Қылмыстық кодексте түзеу жұмыстары екі айдан екі жылға дейін белгіленіп, еңбекақысының бестен жиырма пайызына дейіні мемлекет пайдасына аударылып отырса, жаңа редакцияда ол ай сайын жиырма пайыздан қырық пайызға дейін болып белгіленген.
Қорыта келгенде, Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы болашақта ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту есебінен ауыр қылмыстар деңгейінің азаюына алып келуі тиіс. Сонымен бірге, айыппұлдарды кеңінен қолдануға жағдай жасау арқылы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтейтін тұлғалар санын азайтады деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.