«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН

Алматыда оқып жүрген кезім. Мен білім алған Қазақ мемлекеттік университетінің бас оқу корпусының жанында облыстық газеттер ілінетін тақта болатын. Студенттердің бәрі сол жерде топырласып, әркім өз өңірінің жаңалықтарынан құлақтанып, мәз болысатын. Мен де әкемнің, өзге де тілшілердің кезекті нөмірге жарияланған мақалаларын, өлеңдерін оқып, туған жеріме деген сағынышымды басып, бір серпіліп қалушы едім. Алып Алматыда жүрген Аяған Шәжімбаев жерлесімді көргенде, әкемді көргендей қуанып, мәре-сәре болатыным әлі есімде.

Менің ұлағатты ұстаздық өмірім де аталмыш газетпен тығыз байланысты. Шәкірттерімді білім бұлағымен сусындатқан қырық жылда жастарға кеңес, үлгі-насихат ретінде жазған көптеген көлемді мақалаларым, педагогикалық шеберлікті жетілдіруге байланысты әдістемелік нұсқауларым жарық көрді. Сол дүниелерімді оқып, кәдесіне жаратқан көзі қарақты адамның бірі қоңырау шалып, хабарласқанда көңілім көктемгі теңіз суындай тасып, марқайып қалатынмын.  

“Елу жылда – ел жаңа” деген сөз бар. Заманның талабына сай “Солтүстік Қазақстан” да күн сайын жаңарып, ұжым мүшелері жас мамандармен толығуда. Терең мазмұнды мақалалар талғамы биік оқырмандарын табуда. Газеттің өсіп-өркендеуіне қарымды қаламымен атсалысқан аға буынның ізін жалғастырған жауқазындай жас журналистердің талпыныстары көз қуантады. Олар ұйымдастыратын “Тағылым”, “Ұлпан”, “Жас қыран” қосымшаларының, “Табиғат және адам”, “Заң және заман”, “Денсаулық” беттерінің айтары – салмақты, берері – мол. Аяқ алыстарын жаңалықтар мен шағын мақалалардан бастаған балғын буынның да өзіндік қолтаңбасы қалыптасып, қаламдарының қауырсыны қатайып келеді.

Өзім қызмет жасап жүрген Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты ұжымының “Солтүстік Қазақстанға” ықыласы ерекше. Ұстаздар бір-бірімен газет материалдары бойынша пікірлесіп, әңгіме-дүкен құрып жатады. Әр пән иесі керегіне қарай сабағына пайдаланады. Барлық кабинеттерде “Солтүстік Қазақстанның” жинақталған нөмірін іздесең, табасың. Әсіресе, мектеп оқушыларының ғылыми жоба жазу кезінде “Солтүстік Қазақстанды” ақтарып, ізденіп отырғандарын кітапханадан жиі көремін.

Оқып келем мен сені бала жастан,

95 жыл тарихың – дара дастан.

Рухани серігім, мерейтойың,

Құтты болсын, “Солтүстік Қазақстан”!

Әлия МАЛДЫБАЕВА,

ардагер-ұстаз.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp