«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІК ҚАЙНАРЫ

Өнер, соның ішінде музыка адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартады. Ол бүгінде жалпы білім беретін мектептерде тәрбиенің бір құралы ретінде пайдаланылып келеді.

Оқушылардың өнерге құштарлығы мен қабілетін дамытуда музыкалық тәрбиенің жүйелі жолға қойылып, дұрыс ұйымдастырылуының маңызы зор. Музыка пәні шәкірттерді ұлттық өнеріміздің құндылықтарымен сусындатуды көздейді. Сабақта ән салу дағдыларын негізінен жаттығулар арқылы үйренеміз де, бірнеше мәрте қайталап есте қалдыруды көздейміз. Мектепте барлық пәндер сияқты музыка сабағы да оқушыларды азаматтық рухта тәрбиелеп, олардың дүниетанымын дамытып, ой-өрісін кеңейтуді, сонымен қатар білімін жетілдіруді мақсат етеді. Оқушылардың дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы, музыкалық шығармаларды тыңдау немесе орындау кезінде алған әсерлері әр сабақтың ең өзекті мәселесі болуы шарт. Олай болса, муғалімнің сабақ барысында қолданатын барлық әдістері осыған бағытталуы тиіс. Ән айту, музыка тыңдау дағдыларын үйрену музыканың сұлулығын, әсем сазын терең түсініп, одан эстетикалық әсер, нәр алу жолдарын жеңілдетеді.
Қазіргі кезде жалпы білім беретін мектептерге арналған музыка пәні оқулықтары халқымыздың әдет-ғұрыптарына, салт-дәстүріне, рухани қазынасына ыңғайланып жазылуда. Ақиық ақын, жерлесіміз Мағжан Жұмабаев бұл мәселе жөнінде былай деп ой түйеді: “Әрбір ұлттың балаға тәрбие беру туралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолдары бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп қолданылып келе жатқан болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуы тиіс. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлты үшін қызмет атқаратын болғандықтан, тәрбиеленетін баланы сол ұлттық тәрбиемен сусындатуға міндетті”.
Музыка пәнінің мұғалімі болғандықтан мен “Ән айту барысында оқушылардың эстетикалық және рухани байлықтарын арттыра отырып, музыкалық қабілеттерін дамыту” тақырыбындағы әдістемелік жұмысымды ұйымдастыруға көп мән беремін.
Оқушылармен жұмыс істеу барысында әрбір шәкірттің өнерге деген құштарлығын қалыптастырып, эстетикалық талғамын қанағаттандыруға, түсінігін кеңейтуге ұмтыламын.
Балаларды ән өнеріне баулуда тәжірибеде қолданылатын арнайы жаттығулардың алатын орны ерекше. Сыныппен жүргізілетін әрбір сабақ тек айтылған сөзде, мимика мен қозғалыста ғана көрініс тауып қоймайды. Оның бояуының реңі тек өнер сабағына тән көптеген компоненттерден құралады, ішкі жан дүниеге әсер ететін, орындау кезінде туындайтын музыканың өз тілі, сөзі, мимикасы, көзқарасы болады.
Дыбыстау құралдарының барлық жиынтығы, дыбыс күшінің өзгеруі, биіктігі, дыбыстың ұзақтығы мен сапалы бояуы дауыс ырғағы арқылы жүзеге асады. Бұл қабілет сонымен қатар тұлғаның қалыптасуында басты құрал ретінде көрініс береді.
Әрбір оқушының қабілетіне қарай жеке-жеке педагогикалық тәсіл қолданамын. Музыка өнері тек эстетикалық тәрбие құралы емес, оның өзге де сипаттары бар: ұлттық болмыс, мазмұн, сипат. Сондықтан да жастардың тәрбиесіне ықпал ететіндей жаңаша түрін іздеу маңызды. Музыка сабағы барысында ақыл-ой мен эмоцияны түсіну мен сезіну қатар жүзеге асырылады. Эмоция мен сезімталдықты қамтамасыз етіп, сабақтың әрбір элементі арқылы оқушылардың белсенділігін, қызығушылығын арттыруға тырысамын.
Дидактикалық ойындар арқылы оқушыларды тәрбиелеу жұмыстарын екі жақты жүргізген дұрыс:
Бірінші бағыт – дидактикалық ойындар арқылы оқушылардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын тәрбиелеу.
Екінші бағыт – түрлі музыкалық шығармаларды пайдалана отырып, оқушыларға эстетикалық тәрбие беру арқылы олардың жеке тұлғалық қабілеттерін арттыру, жат нәрседен бойын аулақ салуға тәрбиелеу.
Музыка сабағында осындай көп қолданылатын шаралар мен дидактикалық ойындар оқушылардың байқампаздығын қалыптастырып, ізденімпаздыққа тәрбиелейді.
Қорыта айтқанда, әрбір музыка пәні мұғалімінің алдында тұрған міндет – болашақ ұрпақтың бойына саз әлемін сіңіре отырып, рухани байлықты қалыптастыру.

Ләйлә ШОРТАНБАЕВА, “Парасат” мектеп-лицейінің  музыка пәнінің мұғалімі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp