Қазақ халқының атадан балаға жалғасып келе жатқан игі дәстүрі – үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу тәрбиесінің бүгінгі таңда да мәні зор. Осы дәстүр 1 қазанда болатын халықаралық Қарттар күнінің мұраттарымен дөп келіп отыр. Аталған мерекеге орай, елімізде қарттарды қолдау айлығы бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді.
Осындай игі дәстүрден таймаған аудан тұрғындары қарттар мен мүгедек адамдарға көмек көрсету аясында қайырымдылық сенбілігін ұйымдастырды. Игі шараға 345 мекеме, 12178 адам қатысып, 315 007 шаршы метр аумақ тазаланып, 4847 тонна қоқыс шығарылды. Тазалыққа ұмтылған елді мекен тұрғындары бір адамдай жұмыла қатысқан сенбілікте, сонымен қатар, 33 км. жол жөнделіп, 45 ескерткішке абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Қайырымдылық сенбілігіне белсене араласқан аудан тұрғындары “Қарттарға қол ұшын созып, шын жүректен жасалған қайырымдылық әркімге жақсылық болып қайтары сөзсіз. Сондықтан қарияға деген қамқорлық – қартайғанда өзіңе қайырылар қарыз деп білеміз” деген ойларын жеткізді.
Серпінді өткен сенбіліктен кейін ауданның келбеті айтарлықтай жақсарды. Ғимараттар, мектеп, тұрғын үйлер маңы тазартылып, оларға жаңа өң кіргендей болды. Әлеуметтік қолдауға бағытталған шара жас ұрпақтың санасына мейірімділік нәрін сеуіп, жақсы істер арқылы мұқтаж адамдарға көмек қолын созуға, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерге насихаттайтыны сөзсіз.
(Өз тілшіміз).