Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел атанып, шекарамызды шегендеген сәттен бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықта 24 жылды артқа тастадық. Осы уақытты адам өмірімен өлшейтін болсақ, бұл кезеңде орта мектепті тамамдап, өз зияткерлік әлеуетіңе қарай жоғары оқу орнын таңдауыңа, тіпті, кәсіби мамандығың бойынша еңбек етіп, өз қалауыңды дұрыс тапқан-таппағаныңа талдау жасауыңа болады. Алайда, Тәуелсіздігімізді әлемдік қауымдастық таныған ел өмірі үшін артта қалған жылдардың жүгі салмақты. Бұл тұрақты дамуға қол жеткізген, қуатты мемлекеттің қазақстандық сара жолы. Бүгінгі Қазақстан – талантты, еңбекқор, төзімді халықтың тыңнан түрен түріп өз күшімен құрған елі. XXI ғасырдың Қазақстаны үшін қарқынды даму жолында арқа сүйер зияткер қауым, жоғары технология, ғылыми әлеует қажеттігі айтпаса да түсінікті. Сондықтан еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан алға басуы үшін – білім беру жүйесіне басымдық берілуі заңдылық. Бұл ретте ұстаздарға зор міндет жүктелгені ерекше маңызды.
Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріндегі менің педагогикалық өтілімнің он жылы ауылдық және қала мектептерінде ұстаздық етумен өтті. Егемен еліміздің ұлттық білім беру жүйесінің қайта құрылуы және оның қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатқаны көз алдымызда болды. Біз білім беруді әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсалған шығын деп қана емес, экономикалық инвестиция ретінде қабылдай бастадық. Бүгінгі күні халықаралық зерттеулер ғана емес, өмірдің өзі білім беру, өндіріс және кірістер арасында айтарлықтай себеп-салдарлық байланыс барын дәлелдеп берді. Бұл жоғары деңгейдегі бірігу және топтасу жағдайындағы қоғамда азаматтардың басым бөлігі қатысқан әлеуметтік капиталдың қалыптасуы үшін педагогтердің жауапкершілігін арттыра түскені сөзсіз.
Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында алдымен педагогтердің, кейін қоғамның сөздік қорына түбегейлі жаңғырту, білім сапасы мен оның көрсеткіштері, шетелдік тәжірибені жүйелі бейімдеу, білім мазмұнын жаңарту, академиялық ұтқырлық пен еркіндік, инклюзивтік білім беру, білікті әдіс, сындарлы бағалау және тағы басқалар сияқты жаңа сөздер белсенді ене бастады. Бұрын белгілі түсініктер жаңа мағыналарға ие болды. Назарбаев Зияткерлік мектептері, Назарбаев Университеті, “Болашақ” бағдарламасы, “Өрлеу” ұлттық біліктілікті арттыру жүйесі мақтанышымызға айналды.
Қазақстан 2009 жылдан бері PISA – халықаралық функционалдық сауаттылықты зерттеу байқауына қатысып келеді. Бұл зерттеу 15 жастағы жеткіншектердің мектепте алған академиялық білімдері мен дағдыларын өмірдің түрлі жағдайларында пайдалану мен бейімделу деңгейлерін зерттейді. Қазір біз қазақстандық, соның ішінде солтүстікқазақстандық оқушылардың аталмыш халықаралық бағдарламадағы нәтижесін күтіп отырмыз. Оны экономикалық ынтымақтастық және дамыту ұйымы үйлестіреді.
Меніңше, білім беру құндылықтарының өмірлік бағдар ретінде бекуі – еліміздің тәуелсіздігі жылдарында қол жеткізген айтарлықтай табыстарының бірі. Тәуелсіз Қазақстанның білім беру саясатындағы басымдықтары мемлекеттік тапсырманы орындаудан әр тұлғаның жеке қажеттіліктерін қанағаттандыратын мамандар даярлауға ауысты. Балабақшадан жоғары оқу орнына дейінгі деңгейдегі педагог үшін әр адамның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, оның өз-өзін көрсетуіне жағдай жасау арқылы білім берудің дербес сипатын дамыту маңызды. Осыдан педагогтер мен оқушылардың жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім берудің әртүрлі бағдарламаларын, жаңа стандарттарын дайындау қажеттігі туындады. Нәтижесінде Қазақстанның 30 мектебінде, соның ішінде Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебі мен Петропавл қаласындағы №16 орталау мектебінде бастауыш білім берудің жаңа стандарты енгізілді.
Педагогтердің қоғамдағы салмағының артуы – білім саласындағы ауқымды қайта құрудың белгісі. Кезінде халықаралық сарапшы М.Барбер мұғалімге “білім берудің нәзік өзегі” деген баға берген болатын. Осызаманғы зерттеулерде біз педагогтерді білім беруді дамыту тарихының субъектісі, өзгерістердің ең маңызды факторы, жаңа идеялар мен бағдарламаларды жасаушы, ерекше тұлғадағы әлеуметтік құндылық ретінде қарастырамыз.
Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуда меритократизм жағдайы да кеңінен көрініс табуда. Мұғалімдер шыққан тегіне, ата-аналары мен туған-туысқандарының ықпалына, сыртқы қолдауға қарай емес, тұлғалық ерекшеліктері мен кәсіби біліктіліктеріне қарай бағаланады. Осылайша білім беру жүйесінде “қызметін жай ғана атқарушыларды” шығармашыл және білімін үздіксіз жетілдіруге қабілетті зерттеуші ұстаздар, өздеріне сенімді, еркін ойлай алатын, білікті көшбасшы педагогтер ығыстыруда. Мұндай ағым жаһандық инновациялық жарылыс стратегиясына байланысты. Технологиялық прогресті ізгілендіру мектеп және студенттік шақтан бастап, өндірістік, мемлекеттік қызметтегі жұмысты қоса алғанда, ең алдымен, білім беру жүйесінде инновациялық бағытты қалыптастыруды, белсенді жаңашыл педагогтерді көптеп даярлауды көздейді.
Қазір қазақстандық қоғамда білім мен ғылымды дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Ізгілік мұраттар қағидалары, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар идеялары іске асырылуда. Жалпықазақстандық ділді, мәдени-тарихи дәстүрлерді ескере отыра, ұлттың зияткерлік, рухани және шығармашылық әлеуетін жаңарту үшін жағдай жасалуда. Осының барлығы тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Республикасы Конституциясында, бала құқықтары туралы конвенция ережелерінде, оқыту және тәрбие мәселелерін реттейтін “Білім туралы” Заңда, Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында, тағы басқаларда қарастырылып, үнемі жетілдірілуде. Ал азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, үлкен ғұламалық пен білімді қастер тұту, толерантты ел болу – “Мәңгілік Ел” идеясы негізінде жатқан топтастырушы құндылықтар.
Алма МЫРЗАЛИНОВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институтының директоры.
