«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕГЕНДЕ ТАБЫЛА МА ҚАСЫҢНАН?

Қазақ – бір-біріне ағайын-туыс, бауыр. Жаныңа жақын достар толып жатыр. Олар бар, болған, бола береді де.

Осылардың ортасында туыс секілді болып кеткен, қуанышта да, реніште де, сапырылысып, достар бірге жүреді.

Халықтың арасында: “Досыңды көрсетші, сенің кім екеніңді айтып берейін”, – деген жақсы ұғым бар. Сонда дос дегенің кіршіксіз таза, сенімді, адал, басыңа іс түскенде қол ұшын соза алатын “Іздегенде табылатын қасыңнан” нағыз азамат болуы керек. Біздің балдәурен, жалындаған жастық шағымызда:  

“Достар, достар, жүрсің қайда?

Бірге еді ғой жанымыз.

Еске алысып осындайда

Кел шырқайық бәріміз”, – деп әлі де ескіре қоймаған әнді жиі айтушы едік. Әлі де айтып жүрміз. Бұл ән достықтың Гимні секілді. Көгілдір экран мен радиодан да дәл осы ән үзілмей келеді. Достықтың кереметтілігін, адалдығын дәлелдеп тұрғандай. Ал осы күні досыңа сенуге, сеніміне енуге бола ма?

Әрине, өмір болған соң әртүрлі жағдай кездеседі. Тіпті, заман, заң өзгерді. Адам да бүлініп, жамандыққа ілініп жатыр. “Сұмдық-ай!” деп бет жыртып, күйініп, ренжитін кездер де болады. Осының барлығы адамның өзіне тікелей байланысты екенін естен шығарып жібереміз.

Мына бір оқиға есіме түсіп отыр.

Ауылда орталарынан қыл өтпейтін, бір-біріне адал, сенімді үш дос болды. Достың бірі жайылымда қойшы болып еңбек ететін. Жол-жөнекей сол жолдасына соғып, шай-пай ішіп, шыға бергенде іргеде ілулі тұрған мылтықты біреуі ала шығады. Ойнаған, қалжыңдаған түрлері болуы керек. Қойшы достарының артынан іле шығып: “Әй, жігіттер, мылтығымды қалдырып кетіңдерші?” – деп көліктің терезесінен үңілгенде аяқастынан мылтық атылып, қойшы достарының көзінше сол арада жан тапсырады. Шын дос екендерін дәлелдеп, ешкім ешқайда хабарламай, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Абайсызда болған қайғылы жағдайды достық сезім шешіп берді-ау деп ойлаймын өз басым. Олар шын достар болатын.

Ортамыздағы бір жолдасымыздың жағдайы нашарлау еді. Тіпті, тышқақ лағы да жоқтын. Қызы тұрмысқа шығатын болды. Содан біз, достары, біріміз қойымызды, бірі қант-шайын мойнымызға алып, қыз ұзату тойын керемет қылып өткіздік. Келген құдалар біздің досымызға, яғни құдасына ризашылығын білдіргенде досымыз бүкіл жиналған қауымға: “Маған емес, достарыма рахмет! Осы тойды көтеріп жатқан достарым”, – деп көзінен үзіліп түскен бір тамшы жасын да жасыра алмады. Бір ғажабы осыны аузынан тастамай, жиі-жиі айтып жүреді. Достықтың мәні де, сәні де, дос дегеннің белгісі де қол ұшын беріп, көмектескенде шығар.

Сұратай ӘЙТІМОВ.

Смирново ауылы,

 Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp