«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНГЕННІҢ ІСІ ӨНІК

Жуырда өңірімізге Ресейден жоғары білікті механик-жөндеуші Алексей Варочкин келген болатын. Маман облыс орталы­ғындағы “MATEX” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Осыдан бір жыл бұрын құрыл­ған “MATEX” ЖШС-і – өңірімізде шұлық өндірісін қолға алған тұң­ғыш фабрика. Серіктестік дирек­торы Арамаис Тер-Аствацатурян­ның айтуынша, қиындықтарды ең­сере білген зауыт жақында өнді­рістік сертификатқа қол жеткізген. Бұл құжат фабрика басшылығына мемлекеттік сатып алулар кон­кур­сына қатысқан кезде бәсекелес­те­­рі­нен басым түсуге мүмкіндік береді.

– Қазіргі таңда біздің шұлықта­рымыз сапасы және бағасы бо­йын­ша қытай, түрік және корей өнімдеріне бәсекелес бола ала­ды. Фабрикамызда тәулігіне 3500-4000 жұп шұлық шығарыла­ды. Өнімдеріміз жергілікті сауда орындарында зауыт бағасымен саудалануда. Тауарларымыз Нұр-Сұлтан қаласында да жақсы са­тылуда. Жақында өнімдерімізді Ақтөбе қала­сына жөнелттік. Ал бүгіндері қос­танайлық кәсіпкерлермен келіс­сөздер жүргізілуде. Сапалы шұ­лық­тарымыз Ресейге де экспорт­талады. Алдағы уақытта шыға­рылатын өнім көлемін көбейтуді көздеп отырмыз, – деді серіктестік директоры.
Бүгінгі таңда кәсіпорында Еу­ропадан жеткізілген жабдықтар­дың 90 пайызы іске қосылған. Олардың үздіксіз жұмыс істеуін шебер-жөндеушілер қадағалай­ды. Бұл ретте күтімді қажет ететін жабдықтардың қыр-сырын жақсы білетін Алексей Варочкиннің кө­мегі тех­нологиялық үдерісті жақ­сартуға септігін тигізді. Жергілікті фабрикаға осымен үшінші рет келген ресейлік маман зауыт жұ­мыс­шыларына қысқы өнімдерді шығарудың тәсілдерін үйретті.
– Бұл салада 15 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келемін. Сон­дықтан жоғары білікті маман­дардың жетіспеушілігі көптеген кәсіпорындарда өзекті мәселеге айналып отырғанын жақсы біле­мін. Аталмыш кәсіпорында техно­логиялық тұрғыда кемшіліктер барына көз жеткіздім. Бұл түйт­кілдердің түйінін бір жылдың ішінде шешуге әбден болады, – деді Алексей Варочкин.
Облыстық кәсіпкерлер палата­сының бөлім бас­шы­сы Рахымбек Зейнуллиннің ай­туынша, “Атамекен” Ұлттық кә­сіп­керлер палатасының шақыруымен жыл сайын облысымызға 4-5 шетелдік маман келеді. Олар жергілікті кә­сіпкер­лерге кәсіпорынды басқарудың жаңа әдістерін, заманауи өндіріс тех­нологиясын меңгеруді, жаб­дық­тарды қолданысқа енгізуді үй­ретеді. Мәселен, жыл басынан бе­рі өңір кәсіпорындарына үш шетелдік сарапшы арнайы келді. Олардың біреуі Канада елінің өкілі болса, ал қалған екеуі – ресейлік ма­мандар.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp