Тәуелсіздік жылдарында кең тыныс алып, өндірісін өрге бастырған және тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарта түскен ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – Шал ақын ауданындағы “Окунев” шаруа қожалығы.
Городецкий ауылдық округіндегі Мерген ауылында орналасқан шаруашылық 1999 жылдан бері қара жерге соқа салып, егін егіп келеді. Содан бері өткен 17 жылдың ішінде орын алған қиындықтарды елмен бірге басынан өткеріп, іргесі сөгілмей, жарқын болашаққа қадам басуда. Яғни, аталмыш серіктестікті қай жағынан алып қарасаң да, тасы өрге домалап тұр. Озат шаруашылықтың тізгінін ұстаған Сергей Окуневтің айтуынша, қолда бар азын-аулақ қой-ешкі, жылқы және ірі қараны өз төлі есебінен өсіруге күш салыпты. Қарамағындағы 126 гектар алқапқа дәнді дақыл өсіріп, өнімнің бір бөлігін мал азығына қалдырып, қалғанын сатқан. Түскен табысқа мал және техника сатып алыпты. Алғашқы жылдары егін және мал өсіруде үлкен қиындықтарды бастан кешірсе де мойымаған. Кедергілерді табанды еңбекпен жеңе білген.
Бүгінде агроқұрылымның керегесі кеңейіп, 6 мың гектар егістікке иелік етеді. Елді мекеннің 35 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Еңбекақыны жыл сайын өсіріп отыруға ерекше мән береміз. Биылғы жылы орташа айлық еңбекақы – 80 мың теңге. Еңбекке жарамды ауыл тұрғындарын толық жұмыспен қамтып отырған біздің шаруашылық үшін бұл жақсы көрсеткіш. Сондай-ақ, күзгі науқан кезінде айына бес жүз мың теңгеден астам табыс табатын диқандарымыз да бар. Серіктестік мүшелерінің басым бөлігін ауыл жастары құрайды, – дейді Сергей Викторович.
Іргелі қожалықта қырман шаруашылығы, машина-трактор шеберханасы, машина ауласы, құрылыс учаскесі және жылы техника гаражы бар. Мұнда мергендіктер жыл бойы жұмыс істейді. Жұмысшылар желтоқсан-қаңтар айларында демалысқа шығады да, ал басқа уақытта үй салу, астықкептіргіш орнату, мал азығын сақтайтын қойма салу, ауланы абаттандыру, техникаларды күзгі-көктемгі науқанға дайындау және тағы басқа жұмыстармен шұғылданады.
– Биылғы жылы “ҚазАгроҚаржы” АҚ-ның демеуқаржысы есебінен машина-трактор паркін жаңарттық. Мәселен, қуаттылығы жоғары 6 “Акрос” маркалы комбайн, “МакДон” жаткасы, себу кешені, “К-700” тракторы, “Джон Дир” дәрібүріккіші, “КамАЗ” жүк көлігі және тағы басқа техникалар жұмысымызды жеңілдетті. Бұл техника еңбекшілердің қолын ұзартып, науқандық жұмыстарды қысқа мерзімде атқаруға ықпал етуде. Бүгінде машина-трактор шеберханасы қалыпты жұмыс істейді. Өткен жылы астық сақтайтын екі қойма күрделі жөндеуден өткізілді. Мемлекеттің қолдауы арқасында серіктестікте агротехникалық шаралар қолайлы мерзімде жүргізіледі. Жанар-жағармайдан тапшылық көрген жоқпыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Ұжымның негізі қарапайым еңбек адамдары, механизаторлар екені сөзсіз. Бұл жерде жақсы даярлықтан өткен, еңбекқор және өз істеріне жауапты мамандар жетерлік. Егіншілікте және жемшөп дайындауда еселі еңбек етіп жүрген Александр Шкрепкин, ағайынды Андрей мен Леонид Усиковтар, Қанат Әбдуахитов, Виталий Соколовты атап айтуға болады. Биылғы жылы ауа райының қолайсыздығынан шөп шабу науқаны кеш басталғанымен, мамандардың табандылығының арқасында алты жүз гектарға жақын шабындықтағы шөпті уақытында жинап алыпты. Шаруашылықтың ашылған күнінен бастап жұмыс істеген Александр Соколов, Петр Журавлев және тағы басқалар зейнеттік демалысқа шыққан.
– Мерген ауылының әлеуеті жергілікті шаруашылықтарға да байланысты. Әсіресе, жастарды ауылда ұстау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Оларды жұмыспен қамтып қана қоймай, бос уақыттарын дұрыс өткізулерін де ойластыруымыз керек. Аудан орталығына дейінгі жолды қыс бойы қардан тазалап отырамыз, – дейді шаруашылық басшысы.
Соңғы жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығын дамытуға айрықша қолдау білдіріп келеді. Аталмыш шаруашылық та мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ірі қара санын 600-ге жеткізген. Әлі де қорадағы малдың басын еселеп көбейткісі келеді.
Шаруашылық басшысының ендігі жоспары – 150-200 басқа арналған сүт фермасын салу. Келешекте дәнді дақыл өсіретін егістік пен жайылымның аумағын ұлғайтуды көздеп отыр.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы Жолдауларында ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға айрықша назар аударады. Біз соны іс жүзінде жүзеге асыруды қолға алғанымызды мақтан етеміз. Тәуелсіз Қазақстанымызда ауыл тұрғындары тұрмыс игілігін көруі керек, біз соған ұмтылып отырмыз, – дейді Сергей Окунев.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.