Өңірімізде кәсіппен айналысатын қыз-келіншектердің саны күн санап көбейе түсуде. Осыдан-ақ әйелдердің облыс экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып отырғанын аңғаруға болады. Ізденіс пен қажырлы еңбектің арқасында кәсібін өрге домалатқан жандардың бірі – Тимирязев ауданының тұрғыны Галина Воробьева.
Оның анасы 90-шы жылдары Тимирязево ауылында сауда базасында жұмыс істеген. Сондықтан ол бала кезінен сауда-саттықтың қыр-сырына қанығып өсті. 1990 жылы жеке ісін бастап, ауданда көптеген сауда нысандарын ашты. Нәтижесінде бүгінде аудан жұртшылығына табысты кәсіпкер ретінде танылып отыр.
Ең әуелі іскер әйел Тимирязев ауданының орталығында “Конкурент” сауда үйін ашты. Онда азық-түлік, киім-кешек сатылып, тігін цехы, дәріхана дүңгіршегі және жерлеу бөлімшесі жұмыс істеді. 2012 жылы кәсіпкер “Мастер” құрылыс материалдары дүкенін салды. Мұнда бүгіндері құрылысқа қажетті материалдардың бәрі бар.
Кәсіпкерлікте алға қойған мақсатыңды жүзеге асыру үшін әр уақытта ізденуің керек. Нарықты зерттеп, бәсекелестік жолында көш соңында қалып қоймау маңызды. Галина Марциновна – өз ісін одан әрі дамытуға деген құлшынысы зор адам. Ол жаңа нысандарының жобасын өзі жасап, құрылыс жұмыстарына жетекшілік етіп, бақылап отырады. Оның шығармашылық қабілетінің нәтижесінде ағылшындық стильде аспаздық цех пен наубайхана бой көтерді. Сөйтіп, ол жаңа жұмыс орындарын ашып, жиырма шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті.
Бүгінгі таңда кәсіпкер қол жеткізген жетістіктеріне тоқмейілсімей, өз ісін кеңейтуді жалғастыруда. Мәселен, “Фортуна” дәмханасының ғимаратын сатып алып, заманауи қонақүйге айналдырды. Таза да жайлы қонақүйдің құрылысына 24 миллион теңге жұмсады. Сондай-ақ, қажетті төсек-орын, ыдыс-аяқ, электр жабдықтарын сатып алды. Мұнда бүгіндері әкімші, буфетші, қызметші және күзетшілер жұмыс істейді. Кәсіпкер әрбір сауда нысанының алаңдарын абаттандыруды да ұмытпайды.
– Табысты болу үшін, оны дамыту жолдарын іздеп, бар күш-жігеріңді бизнесіңнің өркендеуіне жұмсау маңызды. Сонда ғана ісің алға басып, табысың да молаяды, – дейді Галина Марциновна.
Ханшайым НАУРЫЗБАЕВА,
Тимирязев аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.