«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНІС МҰРАТЫ – ТАБЫС

Мұғалім әр кез ізденіп, өзіне және шәкірттеріне білім алудың тиімді, табысты жақтарын қарастырып отыруы керек. Осы ізденіс жолында үшінші деңгейлік курстан өтуім ұстаздық көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Әр сабағыма тереңнен ойланып, оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып дайындалатын болдым. Алдымдағы оқушылардың қабілеттерін зерделеп, “Қайтсем пәнге деген қызығушылығын арттырамын?” деген сауал төңірегінде ойланып, сабақ құрылымының қызықты болуына мән беремін.

Жеті модульді ұтымды пайдаланудың нәтижесінде оқушыларым әдебиет пәні бойынша түрлі тақырыпта жазылған көлемді туындылардың түйінді идеяларын өздігінен меңгеріп, көзқарастарын дәлелдей алатын болды. Берілген тапсырмаларға жауапкершілікпен қарап, басқа топ мүшелеріне жете түсіндіру үшін сурет салу, сахналық көріністер қою, ән айту тәсілдерін қолданады. Оқушының еркін ойлауына, дәлелдер келтіруіне түрлі әдістерді пайдаланған тиімді. Мәселен, “Аквариум” әдісі жаңа білімді алуда қажетін анықтап, тақырыпты меңгеру үшін жоспар құруға, “Кең ауқымды дәріс” – сыни тұрғыдан тыңдап, қорытынды жасауға, “Қойын дәптер” – ұсынылған мәселеге шығармашылық тұрғыдан келуге жетелейді.

Диалогтік оқыту әдісінде қабілеті әртүрлі деңгейдегі оқушылар бір-бірімен әңгіме құра отырып, өз беттерімен еркін ой бөлісіп, дәлелдеп, айта алатын деңгейге жетті. “Уақыт шеңбері”, “Жұптық әңгіме”, “Микрофон”, “Еркін талқылау”, “Стикердегі диалог”, “Тыңдап отырған үштік”, “Ыстық орындық” сияқты жаттығулар топ сұрақтарын құрастыруға, шығармашылықпен бірлесіп ойлауға, өз-өздеріне сыни тұрғыдан қарап, сараптама жасауға, қауым алдында сөйлеуге және баяндауға, үлкен топтарда өзін сенімсіз сезінетін оқушыларға көмектесуге мүмкіндік беретінін байқадым. Оқушыларымның сөздік қоры молайып, сауатты, шешен сөйлеп, жаңа тақырыптар бойынша мағыналы сұрақтар қоя алатын болды. Осындай белсенді, күрделі әрі қызықты әдіс-тәсілдерді қолданудың нәтижесінде дарынды, қабілетті оқушылар оқшауланып, ерекше білімімен көріне бастады. Оқушыларымның мақала, шығарма жазуға деген құлшыныстары оянды. Топтық жұмыстарда оқушылар арасында тығыз достық қарым-қатынас орнады. Оқушылар жеке шамасы келмейтін тапсырмаларды орындауға мүмкіндік алды. Пәнге деген қызығушылықтары артып, томаға тұйық оқушылар жақсы оқитындарға ілесіп жауап беретін болды. Ұялшақ, ұяңдары ашылып, сынып алдында сөйлеуге тартылды.

Білім алу кезінде бағаның орны ерекше. Бағаның не үшін қойылатынын түсіну, білу мұғалімге де, оқушыға да маңызды. Баға алуда оқушылар ізденеді, алға талпынады. Мен бұл жерде критерийлер құрып, оқушының белгілі бір тапсырмасының сапасын бағалау парақшасына енгізіп отырамын. Өзін-өзі бағалау арқылы сенім ахуалы қалыптасты. Әр сабақта тақырыпқа сай кинофильмдер көрсетіп, ән, күй тыңдату оқушылардың танымдық қабілеттерін арттырды. Жеті модульді ықпалдастырып, сабақ беру үдерісін мүлдем өзгерттім. Оқушыларымның бойында өздеріне деген сенімділік пайда болып, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарын асыға күтетін болды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, үш айлық курстан тың педагогикалық идеялар алдым. Кәсіби шығармашылығым шыңдалып, мол тәжірибе жинақтадым. Қазіргі заманда қоғамымызға зерделі, жан-жақты, парасатты тұлға керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім беру ісінде мұғалім үнемі ізденіс үстінде болуы қажет.

Гүлнәр МҰХАМЕДЬЯНОВА,

Шүкірлік негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp