«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНІС ТҮБІ – ЖЕҢІС

Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы Гауһар Мусина “Үздік педагог – 2014” байқауының республикалық кезеңінде жеңіске жетті. Оған “Үздік педагог – 2014” төсбелгісі мен 1 миллион 852 мың теңгенің сертификатын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов табыстады.

Ұстаздардың педагогикалық шеберліктерін, беделдерін арттырып, мәртебесін көтеру мақсатында еліміз бойынша ұйымдастырылатын “Үздік педагог” байқауы осымен үшінші жыл қатарынан өтіп келеді. Байқау жергілікті жерлерде мектепке дейінгі тәрбие мен білім мекемелері, жалпы білім беретін мектептер және кәсіптік-техникалық білім беретін колледждер педагогтері арасында жеке-жеке өткізіледі. Республикалық кезеңге аудандық, облыстық кезеңдерден әбден екшеленіп, іріктелген өз мамандығының хас шеберлері жолдама алады. Олар – білімі, білігі, іс-тәжірибесі жағынан оқ бойы оза шапқан жүйріктер.  

Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіптік-педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гауһар Мусина әке-шешесінің жолын қуып педагог мамандығын таңдаған.

Олардың ұстаздық дарынын, даналығын, өмірлік ұстанымын көріп өскен Гауһар Қапарқызының бойында осынау ғажайып мамандыққа деген сүйіспеншілік бала күнінен қалыптасқан. Ол қазіргі Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжін, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бакалаврын үздік бітірген.

Гауһар Қапарқызы 1992 жылдан бергі ұстаздық жолында “Жеткен жетістіктермен шектелмей, тек алға ұмтылу керек” деген қағиданы ұстанады. Биікке талпынған ұстаз уақыт талабынан қалыспай, педагогикалық шеберлігін шыңдаудан жалыққан емес. Алдындағы әр студенттің қабілетін дамыту үшін жағдай жасауды өзінің ұстаздық парызы санайтын ол сабақтарын ақпараттық, денсаулық сақтау, “Портфолио” технологияларын, әдістемелік жобаларды пайдаланып, шығармашылықпен өткізуге айрықша мән береді.

“Алған сабағың біреу болсын, тоқығаның мың болсын” деген қағиданы ұстанатын студенттері де халық кәсібін меңгеру мен зерттеу, іздестіру бойынша жобалар әзірлеп, түрлі байқауларға шығып жүр. Студенті Валентина Сәрсенбаеваның “фелтинг” техникасын пайдаланып әзірлеген “Қазақтың киізден жасалған қысқы киім үлгісі” жобасы колледж және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттерінің арасында өткен қалалық “Үздік өрнек” конкурсында 1-орынға ие болды. Екатерина Галестердің “Ағашқа салған өрнек” жобасы 3-орын алды. “Хикаят” сән үйінің ұйымдастыруымен Петропавл қаласында бірінші рет өткен дизайнер-сәнгерлердің “Подиум-жоба” конкурсында Анна Ананьинаның “Қызылжар мәнерлері” ұлттық киім жиынтығының жобасы жеңіске жетті.

Гауһар Қапарқызының студенттерінің жобалары Солтүстік Қазақстан бейнелеу өнері мұражайында ұйымдастырылған “Ұлы даланың мифтері мен аңыздары”, Ресей Федерациясының Ямало-Ненец автономиялық округіндегі Салехард қаласында өткен “Ұлы дала тынысы”, Петропавл қаласындағы “Солтүстік Қазақстанда жасалған” көрмелеріне қойылып, жұртшылық назарына ұсынылды. Соңғысында Гауһар Мусинаға Солтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының атынан Алғыс хат табысталды.

Гауһар Қапарқызы кәсіби конкурстардан қалмай, әрдайым студенттеріне үлгі көрсетіп келеді. Ол облыстық инновациялық жобалар байқауында “Технология мұғалімін даярлаудағы тұлғалықбағдарлық әдіс” жобасы үшін мақтау қағазын алды. “Кәсіптік-техникалық білім берудің үздік педагогі – 2014” облыстық конкурсында – екінші, осы сала оқытушыларының республикалық кезеңінде жеңімпаз атануы осының дәлелі.

Білікті ұстаз халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда әріптестерімен өзінің мол тәжірибесі және білімімен бөлісуді өзінің міндеті деп біледі. Ол Павлодар мемлекеттік университетінде, Түмен мұнай-газ университетінде, Шадринск мемлекеттік педагогикалық институтында білім саласының өзекті мәселелері бойынша дәрістер оқыған. Ұстаздың мол тәжірибесі жөніндегі мақалалары республикалық әдістемелік басылымдарда жарық көріп жүр. Педагогикалық оқулар мен әдістемелік комиссиялар отырыстарында баяндамалары тыңдалып, ашық сабақтары мен шеберлік сыныптары көрсетіледі.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp