«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНІС ТҮБІ — ТАБЫС

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келген үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес атқарылып жатқан ілкімді істер Қызылжар өңірінде де аз емес. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, өңірімізде жалпы құны 67 млрд. теңгені құрайтын 36 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде екі мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Облыстың Индустрияландыру картасына жаңа инновациялық жобалар ұсынғандардың бірі – “Арғын СҚО” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда құрылыс саласында ерекше сұранысқа ие шынылы магнезиттiк тақтайшалар шығару жұмысы қолға алынған. Осы серіктестіктің директоры Ыбырай Салықов Петропавл қаласындағы былғары-тері зауытында бірнеше жыл табысты еңбек еткеннен кейін, кәсіпкерлікке бет бұрған. Сөйтіп, “Саликов” жеке кәсіпкерлігін құрған ол он жылдан бері жергілікті тұтынушыларды ағаштан жасалған сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге өз үлесін қосуда.

Осыдан екі жыл бұрын кәсіп аясын кеңейту мақсатында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне хабарласып, түзеу мекемелерінің бірінде жұмыс орнын ашсам деген ойын білдірген. Кәсіпкердің бұл ниетін аталмыш мекеменің басшылығы құп алған. Нәтижесінде “Арғын СҚО” ЖШС-ін құрған Ыбырай Қайратұлы Заречное кентіндегі “ЕС-164/3” түзеу мекемесінің қабырғасында қолөнер шеберханасын ашып, ағаштан көздiң жауын алатын қолданбалы өнер бұйымдарын жасаумен айналыса бастайды.

– Еңбек ету – бүгінгі күннің басты талабы. Біздің мақсатымыз да сол, пайда тауып қана қоймай, жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту. Соңғы екі жылдың ішінде елуге жуық сотталушының жұмыс істеп, қаржы табуына мүмкіндік жасадық. Алғашқы жылы 12 миллион теңгенің сертификатталған өнімін шығарсақ, кейін өнімдердің қатарын қырлы бөрене, тақтай, жиектас, өрнектас толықтырды. Жазасын өтеушілердің қолынан шыққан бұл құрылыс материалдары облыс орталығындағы, еліміздің өзге өңірлеріндегі тұрғын үй құрылысы саласында сұранысқа ие, – деді Ыбырай Қайратұлы.

Ісі өрге басқан кәсіпкер көп кешікпей шынылы магнезиттiк тақтайшалар шығаруды қолға алды. Алдымен Ресей мен Қытай елдеріне жұмыс сапарымен барған ол жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, өндіріс барысымен танысқан. Сөйтіп, көңілден шыққан жобаның тиімділігіне көз жеткізген кәсіпкер өз елімізде де дәл осындай жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Аталмыш жоба облыс әкімдігі жанындағы үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, өңірдің Индустрияландыру картасына енгізіледі. Білікті басшы “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің бірінен 20 миллион теңге несие рәсімдеді. Түзеу мекемесінің әкімшілігі бөліп берген 550 шаршы метр ғимаратқа сегіз ай бойы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысанның шатыры жаңартылып, жарық, кәріздік және жылу жүйесі тартылды. Осылайша, цехта еңбеккерлердің жыл он екі ай жұмыс істеулеріне барлық жағдай жасалады. Еліміздегі бірегей өнімді шығаруға қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізілген. Бұған кәсіпкердің 30 миллион теңге көлемінде жеке қаражаты жұмсалған.

Жобаның мақсаты айқын, демек, кәсіпкер цехтың болашағы зор екеніне сенімді.

– Қазіргі уақытта орнатылған желіні реттеу жұмысымен айналысып жатырмыз. Бұл желі тоқтаусыз жұмыс істейтін болады. Өндіріс барысы солай. Бүгінде нәтижеміз жаман емес. Бір ауысымда жұмыс істейтін 12 адам тәулігіне 0,3-20 миллиметрлік 500 тақтайша дайындайды. Цех толық қуатына енген кезде қазіргіден екі-үш есе артық өнім шығаратын боламыз. Қазіргі міндетіміз орнатылған желіні өндіріске қосып, қосымша қуатты желіні орнату үшін жаңа өндіріс орнын әзірлеу, – дейді серіктестіктің директоры.

Серіктестік басшысының айтуынша, шынылы магнезиттiк тақтайшалардың кей құрылыс материалдарына қарағанда артықшылығы көп. Бір жағы тегіс, ал екінші жағы кедір-бұдыр болып келетін материал аязға, от пен ылғалға төзімділігімен, салмағының жеңілдігімен, иілгіштігімен, экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Өрт қауіпсіздігінің “А” тобына кіретін материал 1200 градусқа дейін жанбайды. Су тигеннің өзінде бөртіп, формасы өзгеріске ұшырамайды. Сондықтан оны саунада, бассейнде, моншада, жертөледе қолдануға ыңғайлы. Адам ағзасына зиянды қоспалар болмаған соң оны балабақшалар мен денсаулық сақтау мекемелерінде қолдануға болады.

Цехты аралау кезінде жергілікті құрылыс саласының өкілдері тарапынан шынылы магнезиттiк тақтайшаға сұраныс бар ма деген сауалымызға Ыбырай Қайратұлы бұл материал бағасының қолжетімділігі мен басқа да артықшылықтарына қарамастан, солтүстікқазақстандық тұтынушылардың арасында танымалдыққа ие бола қоймағанын жасырмады.

– Шындығын айтар болсақ, заманауи құрылыс материалы облысымыздың нарығында кең таныла қойған жоқ. Оған тұтынушылар арасында ақпараттың аздығы себеп болуда. Алдағы уақытта құрылыс материалдарын сатумен айналысатын “Гедеон” мен “Барс-Строй” компанияларымен келісімшартқа отыратын боламыз. Әзірше, жергілікті бір компания екі мың шаршы метр шынылы магнезиттiк тақтайшаларына тапсырыс берді. Өндірісіміз толығымен іске қосылған кезде өнімімізді қайда өткіземіз деп алаңдамайтын боламыз. Өйткені, біздің өңірде ғана емес, Қазақстан бойынша осындай құрылыс материалын шығаратын бірде-бір кәсіпорын жоқ, – дейді Ыбырай Қайратұлы.

Жыл бойы жұмыс тоқтаусыз жүретіндіктен, өнім шығаруға еш кедергі жоқ. Тәртіпке мойынсұнған азаматтардың арасында темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын шеберлер де аз емес. Олардың еңбегі бүгінгі күні кәсіпкерлер тарапынан сұранысқа ие. Өндіріс цехында Артем Чиркунов, Александр Саловко сияқты өз ісінің білгірлері бар. Басшылық тарапынан оларға деген қолдау ерекше.

Бәсекелес ортада дұрыс маркетинг жүйесі болмаса, табыс табу мүмкін емес екендігі белгілі. Соны білетін серіктестік басшылығы жарнамаға үлкен мән беріп, тұтынушыны қызықтыру әрекеттерінің түрлі тетіктерін қолдануға кіріспекші. Нәтижесінде өнімдерін жергілікті компаниялардан бөлек, Астана, Қарағанды және Алматы қалаларына жеткізу жоспарланып отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp