«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНІС ІЗДЕРІ

Қоғам дамуының алғышарты ретінде бүгінгі таңда балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орнына қатысты мәселелер өзекті. Осыған байланысты педагогтердің кәсіби-тұлғалық даму мәселесі туындайды. Өйткені, білімнің ескіруі оның жаңаруынан төрт есе асып түседі, ал педагог курстық даярлықтан жоғары оқу орнын тамамдаған соң үш-бес жылдан кейін ғана өтеді.

Оқушылар мен ата-аналардың үмітін ақтау үшін педагогтер қоғамда кәсіби құзыреттілігімен, азаматтық белсенділігімен, саяси сауаттылығымен, көшбасшылығымен, “зияткерлік адалдығымен” ерекшеленуі тиіс. Ол үшін үздіксіз даму үстіндегі педагогтерді үнемі әдістемелік жағынан қолдап отыру қажет. “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының миссиясы осы.  

Биылғы оқу жылы ұстаздар қауымы үшін өте маңызды. Біріншіден, біз білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың орта жолына жеттік. Екіншіден, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындауға белсене кірістік. Үшіншіден, бүгінгі күні республикамыздың жалпы білім беру мектептеріне “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымдары тәжірибесін жүйелі-бейімдеп тарату және білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында жұмыс атқарудамыз. Білім жүйесіндегі барлық жаңарудың тұжырымдамалық негізі – Қазақстан халқын біріктіретін жалпыұлттық “Мәңгілік Ел” идеясы.

Сала жүйесі мазмұнының өзгеруі педагогтердің кәсіби-бағдарлық біліміне, құндылығы мен құзыреттілігіне бағытталған, өйткені, бұл еліміздің стратегиялық ресурсы болып табылады. Осыған байланысты біліктілікті арттыруда педагогтерді тікелей оқытудан жеке байланыс арқылы оқытуға ауысудамыз. Біліктілігін арттыруға келген педагогтердің кәсіби дағдысын дамыту үшін филиал оқытушылары кооперативтік және ұжымдық оқыту, белгілі ортамен жағымды әрекеттестік, оқу әрекетін жеке құру мен өзіндік дамытуды үйрету, ментальды карт пен портфолио, тағы басқа технологияларды қолданады. Бұл технологиялар педагогтерге заманауи білім берудің сұраныстарына сай мұғалім мен оқушы тұлғасының эмоциялық көңілкүйін, ойлау мен есте сақтауын өмірлік және әлеуметтік дағдылармен біріктіруге мүмкіндік береді. Мұндай біріктіру елімізде білім беру мазмұнын жаңарту бойынша енгізіліп жатқан айлық курстарда қарастырылады. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында облыстың жалпы білім беретін және коррекциялық мектептерінің 75 мұғалімі мен педагог-психологтері осындай даярлықтан өтті.

Тағы бір атап өтетін жайт, білім беру мазмұнын жаңарту бойынша өтетін дәстүрлі 2 апталық курстар енді 4 апталық болады. Ол үшін “Назарбаев Зияткерлік мектебі” ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығында “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ оқытушылары арасынан 264 тренер дайындалды, оның 13-і – біздің филиалдан. Сондай-ақ, біздің филиалға білім беру мазмұнын жаңарту бойынша биология, химия мұғалімдеріне арналған курс бағдарламасын әзірлеу сеніп тапсырылды (Әзірлеушілер: К.Сәбиева, Б.Нұрышева).

Бүгінгі күні 50 мұғалім (оның 43-і – жаратылыстану-математика пәндері бойынша) “Назарбаев Зияткерлік мектебі” ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы мен Кембридж университетінің білім беру факультетімен бірлесіп әзірлеген деңгейлік бағдарламалары бойынша курстық даярлықтан өтуде. Аталмыш курстың басты өзгешелігі – мұғалімдерді оқыту нәтижесі бойынша алғаш рет тәуелсіз сараптама енгізілуінде. Бұл курстарды (2012-2015 ж.ж.) еліміздің – 33944, соның ішінде біздің өңірден 1485 мұғалім абыроймен аяқтады. Бүгінгі күні ол ұстаздарға оқыту үдерісіне жаңа әдістер мен технологияларды енгізу, оқушыларды сапалы даярлау, өңіріміздегі білім беру жүйесіне жаңашылдықты енгізу сияқты жауапкершілік жүктелген.

Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының PISA халықаралық салыстырмалы зерттеуінде оқушылардың жоғары нәтижеге қол жеткізу бойынша көрсеткіштерді орындау үшін 832 солтүстікқазақстандық мұғалім біліктілікті арттыру курсынан өтті. 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік тапсырыс бойынша 1125 педагог біліктілікті арттырса, жыл соңына дейін 525-і курстан өтпек.

Бюджеттік курстармен қатар филиал шарт негізінде де жұмыс істейді. Үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Есіл, Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Уәлиханов, Мамлют, Тайынша, Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда көшпелі курстар ұйымдастырылып, онда ауылдық жердің 539 мұғалімі қамтылды. Біздің филиалдағы тағы бір жаңашылдық – білім беру ұйымдарының педагогикалық ұжымына корпоративтік курстар өткізу. Аталмыш курстар Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышенка, Есіл ауданының Ильинка, Петропавл қаласының №2, №4 орта мектептерінде, Петропавл қаласының медициналық колледжінде, Мамлют санаторий мектеп-интернатында өтті.

Білім сапалы болу үшін мұғалімдердің кәсібилігі, өз міндеттерін түсінуі талап етіледі. Ол үшін мұғалімдер үздіксіз білім алуы, сондай-ақ, баламалы білім беру қажеттіліктерін қалыптастыруы қажет. Ал біліктілікті арттыру институты оны жүзеге асыруы, білім беру нарығының өзгермелі сұранысына жағдай жасауы керек. Осыған орай филиал оқытушылары мен тыңдаушылар ынтымақтастығының бір түрі ретінде жедел әрекет ету тобының қызмет тәжірибесін кеңейтуде.

Ұлт жоспарының 89-қадамына сәйкес қазіргі уақытта “2015-2020 жылдарға арналған үштілді білім беруді дамытудың жол картасы” жобасы қарастырылуда. Бәсекеге қабілеттілікті арттыру және адами капиталды дамыту үшін Қазақстан Республикасында білім берудің барлық деңгейлерінде үштілділікті оқытуды кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Ол бойынша жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы (физика, биология, химия, ақпараттық-коммуникативтік технология) пәндерді ағылшын тілінде оқыту мақсаты тұр. Бұл ағылшын тілін мемлекеттік және орыс тілдерімен қатар білуді талап етеді. Осы мақсатты жүзеге асыруға филиал қызметкерлері де дайын болуы тиіс.

Облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты еліміздегі 17 филиалдың арасында тоқсан сайын өткізілетін рейтинг нәтижесі бойынша 2014 жылдың соңғы тоқсанында – 2-ші, биылғы екі тоқсанда 1-ші орынды жеңіп алуы біздің жұмысымыздың жемісін көрсетсе керек.

Ұлы ойшыл Конфуцийдің: “Ескіден қол үзбей-ақ жаңалықты аша білген ғана жақсы мұғалім болады”, – деген сөзі бүгінгі біліктілікті арттыру жүйесіне сай келеді. Заманға сай біліктілікті арттыру мақсатында білім беруді жаңарту үдерісін үзілді-кесілді нұсқаулыққа және жалаң ұранға айналдырмай, қарқынды және қызықты, мазмұнды жұмыспен толықтыру маңызды. Ол үшін педагогтерге барлық жағдай жасалуда.

Алма МЫРЗАЛИНОВА,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін

арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp