«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНІС ІРІ ІСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Соңғы жылдары елімізде жас кәсіпкерлерді қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Олар ұсынған жобалар ескерусіз қалмайды. Тиімділігіне көз жеткізілсе, өз ісін дөңгелеткісі келетіндерге қаржылай көмек көрсетіледі. Осындай мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі – “Айсин” ЖК-нің басшысы Қайыржан Айсин.

Жасы 28-ге енді толған жас кәсіпкер – Қорған облысының Петухово қаласының тумасы. 2004 жылы Петропавл қаласына көшіп келген ол М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ді “Заңгер” мамандығы бойынша тамамдаған соң ағасы Арманның кеңесімен өз ісін ашуды ойластырған.  

Қаланың қоқыс жәшіктерінде үйіліп жатқан қағаз қалдықтарын іске жаратсам деген ой Қайыржанды “Даму” қорына алып келді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына сәйкес “Даму” қорынан қолдау тапқан ол несие алып, 2010 жылы Астана қаласында арнайы оқып келген.

– Бүгінде тұрмыстық қалдықтар облыс орталығының сәнін кетіріп отыр. Өкінішке қарай, қызылжарлықтар еуропалықтардай қоқыс төгерде оған сұрыптама жасамайды. Яғни, шыныны шыныға, қағазды қағазға, пластикті пластикке төгетін жәшікке бөлек салмайды. Аулаңыздағы қоқыс жәшігіне көз салсаңыз, азық-түлік, қағаз, металл бұйымдары, кішкене әйнектер, бөтелкелер, көптеген пластиктер және пакеттер сияқты тұрмыстық қалдықтардың араласып жатқанын аңғарасыз. Бұлардың ішінен Қазақстанда әзірге қағаз бен пластик қана қайта өңделеді. Егер қағаз қалдықтары картон өндірісінде қолданылса, пластмассадан гүл қауашақтарын, шелектер, кәрзеңкелер және басқа да заттар жасалады. Ойлана келе, бұл салада өз күшімді сынауға бел будым, – дейді жас кәсіпкер.

Ақыры не керек, ол облыс орталығындағы “Сокол” сауда орталығының жанынан ескі газет-журнал мен кеңсе қағаздарын қабылдайтын дүңгіршек ашты.

– Картон, газет-журналдар мен кітаптарды отқа жақпай, қайта өңдесе, халыққа пайда әкелері анық. Мысалы, бір тонна картон қағазын жасау үшін 10-15 үлкен ағаш шабылады екен. Егер картондар қайта өңделсе, осы ағаштар шабылмай, оттегін бөліп, пайдасын адамдар көрер еді, – дейді кәсіпкер.

Небәрі 4 жылдың ішінде жұмыс жүйесін ретке келтірген жеке кәсіпкер кейбір айларда 25 тоннаға дейін қағаз өнімдерін өткізу мүмкіндігіне ие. Оның 9 тоннасын “Сокол” сауда үйі жанындағы дүңгіршекте қабылдаса, өзгесін мекемелерді аралап жинайды.

Қайыржан жинаған өнімін Алматы қаласындағы қағаз қалдықтарын қайта өңдеумен айналысатын “Карина” серіктестігіне өткізеді. Бұл серіктестік қағаз қалдықтарынан тұрмысқа қажетті тауар өнімдерін даярлайды.

– Алғаш істі қолға алған кезде оңай болған жоқ. Бұл салада тәжірибемнің болмағаны да қатты сезілді. Дегенмен, ісім оңалып келеді. Бүгінгі күні облыс орталығындағы мектептермен және бюджеттік ұйымдармен байланыс орнаттық. Олар газет-журнал және тағы басқа өнімдерін дүңгіршегімізге әкеледі. Ал жүк ауыр не көп болған жағдайда иелігіміздегі “ГАЗель” автокөлігімен барып, алып кетеміз, – дейді кәсіпкер.

Қайыржан Айсиннің сөзіне сенсек, қағаз қалдықтарды жинап, оны қайта өңдеуден өткізетін серіктестіктерге тапсыру қай жағынан алып қарасақ та тиімді екен. Біріншіден, қалдықтар ауладағы қоқыс жәшігінде үйіліп, не көшеде желмен ұшып шаһар көркін бұзбайды. Ал екіншіден, ол қайта өңдеуден өтіп, жаңа тауар болып, дүкен сөрелеріне оралады.

Кәсіпкер бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өз ісін енді қолға алған жас азамат үшін бұл жаман нәтиже емес. Қазір ай сайын жиналған қағаз қалдықтары қала сыртында орналасқан қоймада сақталады. Сондай-ақ, Қайыржан жұмысшыларымен бірге Петропавл қаласына жақын орналасқан аудан орталықтары мен елді мекендерін аралап, қағаз қалдықтарын жинайды. Бұған қоса жас кәсіпкер алдағы уақытта қағазды қайта өңдеумен айналысатын басқа да серіктестіктермен әріптестік байланыс орнатпақ ойда.

Жас өрен – 2013 жылы жергілікті “Жас Отан” жастар қанатының белсенділерінің қолға алған “Кедергісіз болашақ” атты қайырымдылық шарасының белсенді қатысушысы. Шараның көздеген мақсаты облыс орталығының мүмкіндігі шектеулі және науқас балғындардың еміне қаражат жинау болып табылады.

Аталмыш шараға қатысқандар көп болғанын тілге тиек еткен Қайыржан қалалық білім ошақтарының қосқан үлесін жоғары бағалады. Егер №7 орта мектептің ұжымы ортақ іске бір адамдай жұмылып, 5 тонна қағаз қалдықтарын өткізсе, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 300 килограмнан астам қағаз қалдықтарын тапсырған.

– Біз қалалық ұйымдар мен мекемелерден жинаған қағаз қалдықтарын сатудан түскен қаражатты эпилепсиямен ауырып жүрген 4 жасар Әлихан Таласпайдың емделуіне жұмсадық. Біздің қолға алған акциямыз туралы естіген петропавлдықтардан бөлек, жақын жердегі ауыл тұрғындары да келіп, қағаз қалдықтарын тапсыра бастаған. Бұл орайда, әсіресе, жергілікті университет пен әкімдікке алғысым шексіз, – дейді қолы ашық кәсіпкер.

Бастама аясында жас кәсіпкер мен жасотандықтар 36 тонна шамасында қағаз қалдықтарын жинаған. Шара барысында түскен 350 мың теңге толығымен қайырымдылық іске бағытталған.

Әңгіме барысында университетте оқи жүріп АҚШ-тың “Summer Work and Travel USA” бағдарламасы шеңберінде АҚШ-та болып қайтқанын тілге тиек еткен Қайыржан ол жақтағы супермаркеттер мен ресторандар сияқты адам көп шоғырланатын орындарда арнайы қағаз нығарлағышы орнатылғанын айтты.

– Кез келген адам өзінің қағаздан жасалған қоқысын сол нығарлағышқа салса, оған 5 цент беріледі екен. Бұл да бір жағынан ел азаматтарын қоршаған ортаны аялауға үйретудің бір әдісі емес пе? Болашақта бұл үрдіс біздің елде де кең етек жайса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Қайыржан Айсин.

Болашағын бүгіннен ойлайтын жастың алдына қойған мақсаты да жоқ емес. Ол қағаз қалдықтарымен ғана шектеліп қалмай, жұмыс аясын кеңейтуді көздейді. Яғни, күнделікті көріп жүрген пластиктен жасалған құтыларды және тағы басқа заттарды іске жаратпақ.

Жас маман қызылжарлық ірі кәсіпкерлік кеңселер мен өндіріс басшыларымен кездесіп, өндіріс қалдықтарын қоқысқа төкпей, қайта өңдеуге жіберу үшін арнайы қоқыс контейнерін орнатуды сұраған. Жас кәсіпкердің өтінішіне құлақ асқандардың бірі – “Нептун” спорттық-сауықтыру кешенінің әкімшілігі. Бұл нысаннан әр апта сайын екі жүзден астам пластикалық құтылар қоқысқа шығарылады. Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, пластикалық өнімдер Ресейдің Омбы қаласындағы кәсіпорындардың біріне жөнелтіледі екен.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp