«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗДЕНІС ӨРГЕ ОЗДЫРАДЫ

Шәкірт тәрбиелеуде ұстаз тақырыпты түсіндіріп қана қоймай, білімді тәжірибе жүзінде пысықтауды да назарында ұстағаны жөн. Сол кезде ғана оқу материалы оқушының жадында сақталады.

Білім беру саласындағы өзгерістер мектеп өрендерінің дербестігін, ізденімпаздығын, белсенділігі мен шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуды талап етеді. Сондықтан жастайынан оқушылардың ойлау қабілеттерін дамытып, шығармашылыққа баулу маңызды болмақ.
Ұстаз болғаннан кейін заман талабына сай шәкірт тәрбиелеп, білім саласының дамуына үлес қосуды ойлайсың. Заман көшінен қалмай, әрдайым ізденіс үстінде болуға ұмтыласың. Сондықтан жаңа әдіс-тәсілдерді тауып, оларды сабақ барысында жиі пайдалануға тырысамын.
“Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға”, – деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздық еткен жиырма жылдан астам уақытта педагогтік қызметтің қаншалықты жауапты әрі күрделі екенін бағамдадым.
Шәкірт тәрбиелеуде өз басым зерттеу тәсіліне көбірек назар аударамын. Себебі, бұл балалардың ізденімпаздық дағдыларын дамытуға, танымдық қызығушылығын қалыптастыруға әсер етеді деп ойлаймын. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру үшін бастауыш сыныптардан бастап түрлі әдіс-тәсілдерді қолданудың мәні зор. Әрине, қолына қағаз-қаламын жаңа алған оқушыны бірден зерттеу жұмыстарына тарта алмайсың. Сондықтан әуелі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған тапсырмаларды жүйелі түрде берген жөн. Баланы ізденімпаздыққа баулу, оған ғылыми зерттеу дағдысын игерту бүгінгі білім беру саласының маңызды мәселесі болып саналады. Сондықтан біз шәкірт тәрбиелеуде өз пәнімізбен шектеліп қалмаймыз. Мектебіміздегі “Шеберлік сынып” топтамасы арқылы ұдайы сыныптан тыс іс-шаралар, коучингтер, ашық сабақтар өткіземіз.
“Бұлақ көрсең, көзін аш” деген ұлағатты сөз бар. Ұстаз – бар мүмкіндікті пайдаланып, баланың қабілетін, дарынын ашып, болашаққа бағыт-бағдар сілтейтін тұлға. Сондықтан осы жауапкершіліктің үдесінен шығу – біздің міндетіміз.

Қарлығаш НҰРҒАЛИ, №1 Ленинград орта мектебінің мұғалімі.
Ақжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp