Ішкі істер саласындағы әр қызметтің өз қиындығы бар. Соның ішінде күн-түн демей, қажымай еңбек ететін саланың бірі – қылмыстық іздестіру қызметі. Осындай қызмет тізгінін жалынды жастықтың қызумен келіп, ағысы қатты кәсіптің тереңіне күмп еткен қайсар жігіттер ғана ұстай алатыны да баршаға аян. Сағындық Жантеміровтің бұл қызметке құмар болуына әкесі – қылмыстық іздестіру саласының хас шебері, полиция полковнигі Мұрат Жантеміровтің ықпалы тигені анық.
Отбасында әкесінің дос-жарандары келіп, әңгіме ауанын жұмысқа бұрған кезде Сағындық қылмыспен күресетін кәсіп жайында ерекше ынтызарлықпен ұйып тыңдайтын. Мектеп бітірген соң мамандық алар кезде құқық қорғау саласын таңдауы да заңды еді. Әйтсе де, әкесі ұлының таңдауын қолдамапты. Өз таңдауына сенімді жігіт айтқанынан қайтпайтын қайсарлық танытуының арқасында ғана Ресей Федерациясының Волгоград академиясына тергеуші мамандығы бойынша оқуға түседі. Кадр даярлауда зор беделге ие оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған Сағындық тергеу саласында қызмет етеді де, криминалдық полиция қызметіне ауысады.
Бүгінде ол – облыстық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасының мүліктік қылмысты ашу жөніндегі бөлімнің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі. Жас капитан көптеген қылмысты ашып, қауіпті қылмыскерлерді тұтқындап, жедел ақпаратты тексерулердің талайына қатысқан екен. Облыс орталығындағы пәтер ұрлықтарын ашуда да Сағындықтың сіңірген еңбегі ерен. Бір бума кілтті есік құлпына келтіре отырып, алтын бұйымдар мен ақшаны қолды қылып келген ұрылар тәртіп сақшыларының назарына ілінгенін білген уақытта іздерін суытпақ болады. Сағындық Жантеміров өзінің әріптесі Шалқар Рахматуллинмен қыстың қақаған суығында Астана қаласында әртүрлі жалдамалы пәтерлерде жасырынып жүрген ұрылардың ізін кеседі.
Қым-қуыт күндердің бірінде полицияға төбелестің болып жатқаны туралы қоңырау түседі. Оқиға орын алған үйге бірінші болып енген Сағындыққа шкафтың ішінен атып шыққан бұзақы пышақ ала ұмтылған. Академияда дзюдомен айналысқан жедел уәкіл күрес тәсілін шебер қолданып, қаскөйді тәубесіне келтіреді.
Қоғамдық тәртіпті бұзатын, қылмыс жасайтын айыптыны тауып, кінәсын дәлелдеп, жауапқа тарту оңай шаруа еместігін айтқан Сағындық бұл іспен айналысатын жедел уәкілдер үшін қылмыстық іздестіру күні ерекше мейрам екенін тілге тиек етті.
– Менің атам пулеметші болып 1939 жылдан бастап, соғыстың соңына дейін қан майданда шайқасқан екен. Сол себепті, Ұлы Жеңіс күні – біздің отбасымыз үшін ең қасиетті мереке, ал із кесушілердің күні – әріптестерім үшін айтулы мейрам, – дейді ол.
Қызметтестерінің арасында ерекше сый-құрметке ие азаматты криминалдық полиция басқармасының бастығы Мыңбай Асылбеков те ұқыпты, адал, талапшыл, принципшіл қызметкер ретінде құрметтейді. Ал, күні бойы қылмыспен күресудің алдыңғы шебінде жүріп, қас қарая шаршап келгенде жан жары Райгүл мен ұлы Арланның ыстық ықыласынан кейін күні бойғы шаршағандықтың ізі де қалмайды. Әкесіне еліктейтін 2 жастағы бүлдіршіннің пәтер ішінде солдаттардай алшаң адымдап, Гимнді әуелетуден жалықпайтынын көріп-ақ әлі кішкентай болса да, оның да алдағы арман-тілектері ел тыныштығын қорғаумен ұштасатынын аңғаруға болатындай. “Ат тұяғын тай басар” деген осы да.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаментінің
баспасөз хатшысы.