«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЛГЕРІ БАСУШЫЛЫҚ БАР

Сәрсенбі күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Владимир Дудов тұрғындар алдында есеп беріп, оған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Аудан басшысы баяндамасын ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің дамуы және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуынан бастады. “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында “Сабан қағазы” ЖШС целлюлозалық қағаз жасайтын зауыт салуды жоспарлады. Тартылатын инвестиция көлемі 300 миллион теңге”, – деді Владимир Дудов.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов аудан басшысының жұмысына баға бергенде бірқатар ескертулер жасап, тиісті тапсырмалар жүктеді. “Әкімге ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту шараларын қолға алуды тапсырамын. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы мен Индустрияландыру картасының мүмкіндіктерін пайдалану қажет, қайта өңдеу кәсіпорындарын құру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу керек”, – деді өңір басшысы.

Аудан тұрғындары облыс әкіміне көкейлерінде жүрген мектептер мен жолдарды жөндеу, елді мекеннің бас жоспарын жасау сынды сауалдарын қойды. Возвышенка орта мектебінің директоры Ирина Седова оқу ордасына күрделі жөндеу жүргізуге көмек сұрады. Ерік Хамзаұлы: “Мемлекеттік сараптамадан өткен құны 71 миллион теңге болатын жобалық-сметалық құжат дайындалды. Жоба “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына енгізілді. Сондықтан бұл мектеп биыл жөнделетін болады”, – деп ауыл тұрғындарын қуантып тастады.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапары барысында Ерік Сұлтанов Новоишим қазақ мектеп-интернатының құрылысымен де танысты. Білім ошағы 400 оқушыға арналған, ал интернат 200 орындық. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер “Альфа-Север” ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл мектеп “Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша салынып жатқаны белгілі. Құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау жоспарланған. Ол пайдалануға берілген кезде ауданда үш ауысымда оқу мәселесі түбегейлі шешіледі.

Бұл күні Новоишим аграрлық-техникалық колледжінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай оқушылар мен студенттер арасында шаңғы жарысы өтіп жатқан болатын. Жарысқа арнайы ат басын бұрған облыс әкімі аудандық білім бөліміне қарда жүретін көлік сыйлады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp