«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЛГЕРІ БАСУШЫЛЫҚ БАР

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жұмыс сапарымен Ғ. Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында болды. Онда ол қос аудан әкімдерінің тұрғындар алдындағы есепті кездесулеріне қатысты.

Новоишим ауылында облыс әкімінің орынбасары алдымен “МаН” автоорталығына ат басын тіреді. Жеке кәсіпкер оны “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында ашқан. Кешенде көлік жөндеу, дәмхана және дүкен бар. Биыл оған қоса 24 адамға шақталған қонақүй салынуда.  

– Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі былтыр 13,9 пайызды құрады. Жаңа жұмыс орындарын ашу – біз үшін басты мақсаттардың бірі. Шағын және орта бизнес саласы да қарқын алуда. Тұрғындардың орташа жалақысы – 72 мың теңге. Биыл жалақыны тағы 15 пайызға көтеру жоспарланып отыр, – деді тұрғындар алдындағы баяндамасында аудан әкімі Владимир Дудов.

Өз кезегінде сөз алған тұрғындар жол, су секілді әлеуметтік мәселелерге қатысты ойларын білдірді.

Айыртау ауданында да тұрғындар табысын арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету мен әлеуметтік міндеттемелерді орындау басты назарға алынған.

– Аудан бойынша биылғы жылға тіркелген жұмыссыздар саны – 51 адам. Ал еңбекпен қамтылғаны – 2140. Олардың тұрақты жұмысқа орналасқаны 1068 адам болса, қоғамдық жұмыстарға – 342, әлеуметтік жұмыс орындарына 32 адам жіберілді. Қайта даярлаудан 20 адам өтуде, – деді аудан әкімі Ағзам Тастеміров.

Ауданда мал санын арттыруға бағытталған биылғы жоспар ауқымды. Шаруашылықтар етті-сүтті бағыттағы 2000 басқа жуық ірі қара алуға ниет білдірсе, оның 437 басы “Сыбаға” бағдарламасы арқылы алынбақ. “Құлан” бағдарламасы негізінде 88 бас жылқы және “Алтын асық” бағдарламасы аясында 440 бас қой алуға өтініш түскен. Жазғы демалыс орындарын көбейтіп, туризмді дамыту да көзделіп отыр. Бұлардың бәрі аудан әкімінің баяндамасында көрініс тапты.

Назерке ТҰРСЫНОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp