
“Народные окна” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың қатарында. 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орнында пластиктен жасалатын есік-терезелердің түр-түрі шығарылады. Серіктестік 128 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорынның мақсаты сапалы өнім шығару және нарықтағы беделін сақтау болғандықтан, ондағы еңбеккерлер өз жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарады. Солардың бірі – дәнекерлеуші-жинақтаушы Молдан Тұрлыбеков.
– Менің бұл кәсіпорында еңбек етіп жүргеніме 12 жыл болды. Өндіріс орны толығымен автоматтандырылғандықтан, жұмыста қиындықты сезінбеймін. Кәсіптік білім беру мекемесін бітіріп келгеннен кейінгі алғашқы жылы жаңа техника тілін үйренуде қиналған кез болды. Ал қазір біліктілік пен білімнің арқасында жаңарған құрал-жабдықтарды игерудің өзі қиындық тудырмайды. Әкімшіліктің еңбеккерлерге қоятын басты талабы – ұқыптылық пен жауапкершілік. Өйткені, жұмыс арнаулы тетіктерді басу арқылы жүзеге асатындықтан, артық әрекет өндіріске шығын әкелуі мүмкін. Сондықтан әркім өз жұмысын үлкен зейінмен атқарады. Өндірісте еңбек ететін аға буын мен әкімшілік жастарға үйренуге, біліктіліктерін арттыруға ақыл-кеңес беріп отырады. Әкемнің аузынан “Жас келсе – іске” деген нақыл сөзді жиі еститінмін. Адам өзіне мақсат қоя білгенде ғана өз ортасына сыйлы болады екен, – дейді Молдан Тұрлыбеков.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: М. Тұрлыбеков.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.