Қазақ жері талай этнос өкілдері үшін екінші Отаны болғаны жалпыға мәлім жағдай. Саясаттың құрбанына айналып, жат жерге жер аударылса да, жапан түзден жылылық тапқан олар бұл жерді мекеніне айналдырды. Десек те, еліміз тәуелсіздік алған жылдары өз қалауымен тарихи отандарына оралғандары да бар. Ал олардың Қазақстанға қайтып келгендері қаншама? Кезінде аталарына құшағын жайып, барын аузына тосқан қазақтың кеңдігі, осының арқасында қалыптасқан этносаралық сыйластықтың кез келген жерден табыла бермейтіні белгілі. Мұны тарихи отандарына көшіп кетсе де, араға жылдар салып, қайта елге оралғандардың өз аузынан да естіп жүрміз.
Қазақ халқында алалау жат. Тілі, діні мен ділі бөлек өзге ұлт өкілдерін өзектен теппей, бауырына басты. Қызылжар өңірін мекендейтін жүзден астам этнос өкілдерінің “бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай” тату-тәтті, жарасымды өмір сүруі бұл сөзіме дәлел болмақ. Қазақ халқының қадір-қасиетін түсінгендер бұл жақсылықты ұмытпасы анық.
Наиль АБРАЕВ,
“Дуслык” татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы.
БАСТЫ БАЙЛЫҚ
Тарихтың көмескі тартқан беттерін парақтасақ, қазақ елі ежелден бітімгерлігімен, араағайындығымен, достық қарым-қатынасымен ерекшеленген. Ырыстың, береке атаулының бастауы əсілінде достықта, адамгершілік қасиеттерде жатқаны мəлім. Ынтымақ бар жерде қашанда жақсылық үстемдік құрады. Пейілі кең болғаннан ешкім кем болмайды.
Бүгінгі күнде дініміз бен тіліміз, діліміз қалыпты ырғақпен дамып отыр. Барлық ұлт пен ұлыстардың құқығы тең дəрежеде сақталған. Елімізде шоғырланған ұлт пен ұлыс өкілдерінің бəрі де мейірбан қазақ халқына тек қана алғыс айтады. Іргеміздің берік, шаңырағымыздың биік болуы – Мемлекет басындағы азаматтардың сындарлы саясатының жемісі. Жаңарған, жасарған Отанымыздың гүлденуі, сəулеті келіскен еңселі ғимараттардың бой көтеруі, тəуелсіздік жылдарында елімізде көптеген халықаралық деңгейдегі шаралардың өткізілуі мемлекет мерейінің артқанын, дəулетінің еселене түскенін айғақтаса керек.
Елімізде орнаған бірлік пен татулық, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – бүгінге дейін қол жеткізген барлық жетістіктеріміздің алтын арқауы. Осынау мерекеде баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілейміз! Бірлігіміз нығая берсін, еліміздің іргесі берік болсын!
Алексей ХАН,
“Қазақстанның кәріс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.