«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІРІ ПАНЕЛЬДІ ҚАБЫРҒАЛАР ШЫҒАРАДЫ

Өңіріміздің іргелі кәсіпорындарының бірі – “Единство” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына жоспарлаған жобасын қолға алып, ірі панельді құрастырмалы темір-бетон шығаратын үшінші желіні іске қосты. Бұл – өңіріміздің құрылыс саласы үшін елеулі жаңалық.

Сапа, шикізат және уақыт үнемділігі – жобаның басты көрсеткіштері. Жобаның құны 439 миллион теңгеге бағаланып, жылдық қуаты 40 мың шаршы метр тұрғын үй деп жоспарланған. Ең бастысы, аталмыш кәсіпорынның жұмысын жандандыру арқылы оның базасында өңірімізде индустриялық құрылыс комбинатын құру мақсаты көзделген.  

– Ірі панельді қабырғалар құрылыс саласында үлкен жаңалық емес. Десе де, жаңа технологиялық өнім болғандықтан, құрылыс екпінін арттырады, норматив ұзақтылығын қысқартады және өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. Сондай-ақ, ол құрылыс компанияларына жаңаша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ғимараттың қабырғаларын кірпіштен қалаудың бірқатар қиындықтары бар. Әсіресе, онда ауа райына қарай құрылыстың бөгелуі жиі болады. Ал ірі панельді қабырғаларды тұрғызу жұмыстарын жыл он екі ай бойы, жауын-шашынды елемей, ұйымдастыра беруге болады. Сонымен қатар, жаңғырту элементтерінің нәтижесінде құрылыс басындағы жұмыс жеңілдейді, – дейді кәсіпорын директоры Игорь Киселев.

Жаңа технологиялық өнімді өндіріске қосу үшін серіктестік бұл тауарын үлкен сыннан өткізді. “Стадия” құрылыс зертханасы аталмыш кәсіпорынның өндіргелі отырған құрылыс материалының технологиясын егжей-тегжейлі тексеріп, жаңа өнімнің стандарттық өлшемдері мен сапасын жан-жақты қадағалап, соңында желіні өндіріске қосуға рұқсат берді. Зертхана қызметкерлері цементтің таңдалуынан бастап, құйылған ірі панельдердің қатырылған кездегі тауарлық көрінісіне дейін тексерді. Нәтижесінде 16 қыркүйек күні зауыттың алғашқы өнімі, яғни үш құрылыс панелі дайын болды. Бұл олардың жаңа желі бойынша тауар өндіруді қолға алғандығының белгісі. Өндірістік желі арқылы кәсіпорын тәулігіне ірі панельдің 15-тен 24-ке дейін данасын шығара алады. Серіктестік басшысының Италиядан алдырылған құрылғының жұмыс істеу үдерісіне көңілі толып отыр. Заманауи станок шикізатты ысырапсыз бұйым ететіндігі өз алдына, сондай-ақ, адамның еңбегін жеңілдетеді. Несие қаржысына сатып алынған бұл тауарға мемлекет тарапынан “Бизнестің жол картасы – 2020“ бағдарламасы бойынша демеуқаржылық көмек көрсетілген.

Жаңа желіде жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Кәсіпорын бұған дейін 100-ге тарта солтүстікқазақстандықты жұмыспен қамтып келсе, зауыт өндірісінің қуаттылығы артып жатқан кезде тағы жұмыс қолдары қажет. Бұл бағытта да игі бастама бар.

– Зауыт әкімшілігі еңбек ұжымын жақсарту үшін жаңаша қимыл жасамақ. Ол үшін облыс орталығында құрылыс саласының мамандарын даярлап жатқан оқу орындарымен келісім жасап, ондағы студенттерді дуальдық әдіспен өзімізге еңбекке тартпақпыз. Бүгіннің өзінде 3-4 студентті қабылдадық. Аяқ алыстары жаман емес. Бұл жас мамандардың тәжірибе жинақтай отырып, оқуларын түсініп оқуға зор мүмкіндік береді. Әйтпесе тәжірибе көрмеген, құрылыстағы жаңа технологияның жаңалықтарын білмейтін жастар жұмысқа орналасқан кезде осалдық танытып жатады. Жоспарымызда отыз шақты студентті жұмысқа тарту көзделеді, – дейді Игорь Алексеевич.

Өндіріс кеңейіп, тауар айналымы ұлғайған сайын еңбек өнімділігін де арттыру қажет. Сондықтан зауыт әкімшілігі екі ауысымда жұмыс істеу тәсілін қалдырып, еңбеккерлерге жағдай жасауды одан әрі жақсартуды көздеп отыр. Осы орайда екінші ауысымдағы еңбеккерлер үшін бір уақыт ыстық ас ұйымдастырылатын болады.

“Единство” жауапкершілгі шектеулі серіктестігінің мақсаты – өңірімізде құрылыспен айналысатын барлық компаниялардың сұранысын қанағаттандыру. Бүгіннің өзінде жаңа технологиялық құрылыс материалына сұраныс беріп жатқандардың қатары қалыңдап келеді. Кәсіпорын маркетинг саласының жұмыстарын да оңтайландыруда. Жақында олар құрылыспен айналысып жүрген ірі компаниялардың басшыларын шақырып, жаңа өнімнің технологиясы мен артықшылықтарын түсіндіру жұмыстарын бастады. Зауыттағы жаңашылдықты облыстағы тұрғын үйлер мен ғимараттар құрылысына деген үлкен сұраныс пен талапқа негізделген индустриялық құрылыс комбинатын құрудың алғышарттарының бірі ретінде қабылдауға болады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp