Облыс әкімі Самат Ескендіров ірі панельді тұрғын үй құрылысы мәселесіне арналған кеңес өткізді. Оған “Direcspace OU жобалау бюросы” (Эстония) жобасының басшысы Филипп Морозов, “Құрылыс технологиялары” жауапкершілігі шектеулі қоғамының (Санкт-Петербург қ-сы, РФ) техникалық директоры Сергей Железняк, облыстық Құрылыс, Сәулет және қала құрылысы басқармаларының басшылары, “СҚО құрылысшылар қауымдастығы” ЗТБ төрағасы Сергей Тимофеев, “Единство”, “Лира” ЖШС-лерінің директорлары қатысты.
Облыс әкімі тұрғын үйлердің өзіндік құнын арзандату үшін республикамызда ірі панельді материалдарды пайдалануға басымдық беріліп отырғандығын, ол үшін тұрғын үй құрылысы комбинаттарын салу қолға алынғанын атап айтты. Соған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4-сыныпты тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 90 мың теңге мөлшерінде болуға тиіс.
Кеңеске арнайы шақырылған шетелдік мамандар, “Direcspace OU жобалау бюросы” (Эстония) жобасының басшысы Филипп Морозов, “Құрылыс технологиялары” (Санкт-Петербург қ-сы, РФ) ЖШҚ-нің техникалық директоры Сергей Железняк Скандинавия елдері мен Ресей Федерациясында жүзеге асырылып жатқан 2, 3, 4, 5 қабатты ірі панельді тұрғын үйлердің жобасын ұсынды. Арасында екіқабатты модульді балабақшаның, 1-2 қабатты коттедждердің де жобалары бар. Шетелдік мамандар ірі панельді кешенді материалдар шығаруға арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы бұл жобаларды өңір ерекшелігіне қарай жүзеге асыруға қатыса алатындықтарын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қайта жаңғыртылғалы отырған Петропавл әуежайы үшін ұшып-қону жолағына қажетті плиталарды осы негізде әзірлеуге болады.
Самат Сапарбекұлы кездесудің басты мақсаты ірі панельді тұрғын үйлер жобасын өз өңірімізде кеңінен пайдалану, сол арқылы тұрғын үйлердің өзіндік құнын арзандату екендігін қадай айтты. Осы мақсатпен “СҚО құрылысшылар қауымдастығы” ЗТБ төрағасы Сергей Тимофеев бастаған делегация Санкт-Петербург қаласына барып, аталмыш технологиямен танысып келді. Сондықтан, ірі панельді тұрғын үй құрылысын 2015 жылдың екінші жартыжылдығынан бастау үшін жергілікті жобалау ұйымдарымен күш біріктіру, аталмыш жобаға сәйкес мамандар әзірлеу жұмыстарын кешіктірмей қолға алу қажет. Соған орай өңір басшысы жобалық-сметалық құжат әзірлеуді облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ратмир Усмановқа тапсырды.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.