
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозермен кездесіп, өзара ынтымақтастық, іскерлік байланыс орнату жайында әңгіме өрбітті.
Өңір басшысы құрметті қонақтарға Қызылжар өңірінің бүгінгі әлеуеті мен зор мүмкіндігі жайлы сөз қозғады. Әсіресе, инвесторларға қолайлы жағдай жасалатынын тілге тиек етіп, аграрлы өлкенің құнарлы жерін тиімді пайдалануда америкалықтардың тәжірибесіне қызығушылық танытып отырғанын ашық айтты.
– Америка Құрама Штаттының ауыл шаруашылығы техникасы бәсекеге қабілетті екенін жақсы білеміз. аламыз. Егіс алқаптарында “John Deere” фирмасының техникалары кеңінен қолданылады. Алдағы уақытта аталмыш фирма бізде өз филиалын ашуға ниет танытса, барлық жағдайды жасар едік. Біздің өңір тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, ауыл шаруашылығы техникасына сұраныс зор боларына сенімдіміз. Тіпті, Ресейдің Сібір аймағына жіберуге де мүмкіншілік бар. Сонымен қатар егіс алқаптарының өнімділігін арттыруда, ауыл шаруа-шылығы мамандарын даярлауда сіздердің тәжірибелеріңізді үйренгіміз келеді, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов аграрлық саладағы жаңашылдықтарды толық игере алмай отырғанымызды жеткізді.
Қызылжар өңірінің табиғаты, облыс орталығының тарихи сәулеті көз тартатынын айтқан АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер екі жақтың іскерлік байланыс орнатуына ниетті және қолдау танытуға әзір екенін айтты.
Кездесу соңында екі тарап бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.