Мемлекеттің өркендеп, дамуына үлес қосып келе жатқан саясаткер, іскер нәзік жандардың орны бөлек. Қыз-келіншектердің игі бастамаларын қолдап, олардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысу белсенділігін арттыру мақсатында бүгін өңірдің іскер әйелдері “Нұрлы Жол – жаңа мүмкіндіктер” атты облыстық форум аясында бас қоспақ.
Форум жұмысы бүгінге жоспарланғанымен, оның аясындағы іс-шаралар кеше басталып кетті. Қоғамның қай саласында болсын әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде иық тіресіп, еңбек етіп жүргені жасырын емес. Отбасында аяулы жар, мейірімді ана, ал жұмысына келгенде өте тиянақты әрі білгір маман, білікті басшы ретінде танылған нәзік жандар да баршылық. Іскер әйелдер ірі кәсіпорындар мен мекемелерге басшылық етіп отырған әріптестерінің жұмысымен танысты. Облыстық өлкетану мұражайын, Абылай хан резиденциясын тамашалап, “Иващенко”, “Молпродукт”, “Казнефтегазмаш”, “Фрегат”, “Корпорация Нукер” кәсіпорындарының жұмысымен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды.
Облыстық форум жұмысына 100-ге жуық іскер әйел қатыспақ. Шара аясында кәсіпкер әйелдердің қолдарынан шыққан туындылардың көрмесі ұйымдастырылып, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалануға қатысты шеберлік сыныптарын өткізу көзделген.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.