
“Нұрлы Жол – жаңа мүмкіндіктер” атты облыстық форум жүзден астам іскер әйелдердің басын қосты. Дәстүрлі жиында өз ісін дөңгелетіп отырған немесе осы қатарға қосылғысы келетін нәзік жандарды қолдау, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер жайында әңгіме қозғалды.
Форум “Қазақстанда жасалған!” деп аталатын көрмемен ашылды. Іскер әйелдер облыстық кітапхананың бірінші қабатына өздерінің сан түрлі өнімдерін қойып, келген қонақтарды жылы қарсы алды. Түрлі тәттілер, бал, нан өнімдері, үйге қажетті жиһаздардың бірнеше түрі қойылған көрмені форумға қатысушылармен бірге облыс әкімі Ерік Сұлтанов та тамашалап, жеке кәсіпкерлермен әңгімелесті. Өз ісін дөңгелетіп отырған жеке кәсіпкер Мария Богданова – облыс орталығындағы шағын наубайхананың директоры. Бес жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан ол бүгінгі таңда 30 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған кәсіпкер алдағы уақытта да өндіріс көлемін ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді.
Облыстық әкімдік және “Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен жүзеге асқан форумды құттықтау сөзімен ашқан өңір басшысы Ерік Хамзаұлы бүгінгі қоғамдағы қыз-келіншектердің рөліне тоқталып өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жылсайынғы халыққа арнайтын Жолдауларында ана мен баланы назардан тыс қалдырмайды. Мұның барлығы – жарқын болашақ үшін істеліп отырған іс-шара. Әйел-ана өмірдің шырағы іспеттес.
Тал бойы нәзіктіктен жаралған қыз-келіншектер асыл жар, аяулы ана болумен ғана шектелмейді. Олардың бүгінде түрлі саланы жетік меңгеріп, ер-азаматтармен қатар ел игілігі үшін еңбек етіп жүргендері – баршаға үлгі-өнеге. Мемлекет жағынан жағдай жасалып отыр, сондықтан да жұмысқа бел буып кіріскен әрбір адамды қолдаймыз, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Жұмыла жұмыс істеп, ортақ мақсатқа ұмтылған іскер әйелдердің қол жеткізген жетістіктерін, бағындырған белестерін тілге тиек еткен өңір басшысы облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева өзінің гендерлік саясат жөніндегі қоғамдық кеңесшісі болып тағайындалғанын айтып, құттықтады.
Форумның өту барысында қонақтар атынан сөз алған Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Раушан Сәрсембаева бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып отырғанына тоқталды. Сонымен қатар, іскер әйелдер қауымдастығының 20 жыл ішінде жүріп өткен жолына көз салып, бағындырар белестер әлі алда екенін айтты.
– Қазір еліміз күн санап көркейіп келеді. Мұның барлығы Елбасының сындарлы саясатының арқасы. Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Өз басым бұл сайлаудың маңызы зор деп ойлаймын. Мені Қазақстанның барша іскер әйелдер қауымы қолдайды деген сенімдемін. Қазір бүкіл әлем экономикалық қаржы дағдарысын бастан өткеріп жатыр. Бүгінге дейін жеткен жетістігіміз ауыз толтырып айтарлықтай. Енді соны жоғалтып алмай, сақтап, одан әрі дамуға бел бууымыз керек. Біз бірлікпен ғана кез келген қиындықты еңсереміз. Олай болса, осындай сын сағатта тұтастығымызды көрсетіп, ішкі ынтымақты нығайта түсу керек. Бірігіп еңбек етіп, ел өміріне етене араласайық. Мұның барлығы балаларымыздың болашағы үшін жасалып отырғанын ұмытпайық, – деді Раушан Сәрсембаева.
Форумға әр салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысып, қол жеткізген жетістіктерімен бөлісуге мүмкіндік алды. “Дөңгелек үстел” басында өткен кездесуде қордаланып қалған біраз мәселелер қаралып, іскер әйелдер өзара пікір алмасты. Жиында ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыру, оларды кәсіпкерлікке баулу мәселесі де сөз болды. Қаржы мамандары мен заңгерлер мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдауға қалай қол жеткізуге болатынын айтты. “Даму” қорының өкілдері де кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұмыс жүргізуге әрдайым дайын екендерін айтып, өз кәсібімен айналысқысы келетіндерге жеңілдетілген несие түрлерін алу жолдарын түсіндірді. Биыл еліміз бойынша “Әйел кәсіпкерлігі” атты жаңа бағдарлама енгізіледі деп күтілуде. Бұл жаңа жобаның, әсіресе, ауылды жерлерде тұратын қыз-келіншектерге өз ісін дөңгелетуге мүмкіндік беретіні форум қатысушыларының көңілінен шықты.
Форум жұмысы аяқталған соң, облыстық іскер әйелдер клубының кезекті отырысы өтті. Мақсат – саясат әлеміне аяқ басқан нәзік жандар санын көбейту. Бүгінде аталмыш клубтың белсенді мүшелерінің саны 25-ке жеткен. Отырыс кезінде олар әр ауданда саясаткер әйелдер клубын ашу керектігін айтып, өз ойларымен бөлісті. Қос тізгінді қатар ұстаған білікті қыз-келіншектер отырыс соңында саясаткер әйелдер клубының жаңа төрайымын тағайындады. Көпшіліктің қолдауымен бұл орынға облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова лайық деп танылды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.