«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСМЕРДІҢ ІЗДЕНІСТЕРІ

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Оның игілігін көріп жүргендердің бірі – Шал ақын ауданының тұрғыны Бибігүл Тасмағамбетова. Нәзік жан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында айлық оқу курсына қатысып, 500 мың теңгенің грантын иеленді. Бүгінде кәсіпкер бала кезінен арманына айналған тігіншілік ісін қолға алып, “Жұпар” салонын ашқан. 

Сұранысқа ие бұл мамандық­тың тізгінін ұстаған Бибігүл Ше­кер­қызы сияқты жандарға үлкен жауапкершілік артылып отыр. “Тігіншілік – қол мен қиялдың ең­бегі” дейтін кейіпкерімізге бұл қа­сиет ес білгеннен бері алаша мен текеметтің түр-түрін тоқыған ана­сынан дарыған. Бибігүл бала кезі­нен іске ширақ, айтқанды қағып ал­атын зерек болып өсті. Үй ша­руасына бейім, кез келген істі үйі­ріп әкететін ол бастауыш сынып­та оқып жүрген кезінен-ақ қолы­нан ине-жібін тастамапты. Сөй­тіп, бойжеткенде тігіншіліктің қыр-сырына қанығады. Бұл кәсіп сырт көзге оңай болып көрінге­німен, қажырлықты, ізденіс пен көп еңбекті қажет етеді. “Бастысы, өз ісіңді, мамандығыңды сүюің керек. Сонда ғана әр жоспарың жүзеге асады”, – дейді кәсіпкер Бибігүл Тасмағамбетова. 

Ол он жылдан бері ісмерлік өне­ріне ден қойғанымен, өз ісін ашуға мүмкіндігі болмапты. Бас­тапқыда қабілетін кәсіпке айнал­дыру үшін түрлі жобаларға қатыс­қан. Азын-аулақ қаржысына тігін машинасы мен құрал-жабдықтар сатып алып, өз үйінде қыз жаса­уын, көрпе-жастық тіккен, ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша киім-кешекті жөндеумен айна­лысқан. Кейін тігінші бұқаралық ақпарат құралдары арқылы об­лыс орталығында “Бизнес бас­тау” жобасы аясында оқу курста­ры ұйымдастырылатынын біліп, жеке кәсіп ашу бойынша өз бі­лік­ті­лігін арттыруды ұйғарады. Сер­ти­­фикат алған соң мемлекет бер­ген қаржыға жеке ательесін ашып, бүгінде сұранысқа ие тігіншілердің қа­тарынан табылып отыр. Шебер­дің бұйымдары тұтынушылардың көңілінен шы­ғу­да. Аудан тұрғындары қыз жа­сауынан бастап, құрақ құрау, ұлт­тық киімдер мен көйлектерге, бе­сік жабдықтарына алдын ала тап­сырыс беріп, игілігін көруде. “Жұ­пар” салонының тұрақты тұтыну­шысы Гүлнәр Рымжанова ате­лье­нің ашылғанына қуанышты. “Бұ­­рын біз киім-кешегімізді бүтін­деу немесе көрпе-жастық сатып алу үшін облыс орта­лы­ғына баратынбыз. Бибігүл өз ісін ашқалы, бұл машақаттан арылдық. Жас кәсіпкер өз жұ­мысына тиянақты, тапсырысты уа­қытында орындап, тұтынушы­ла­рының көңілінен шығуға тыры­сады”, – дейді ол.
Шебер аптасына кемінде екі қалыңдықтың жасауын дайын­дайды. Одан бөлек, қаншама тапсырысы бар. Алдағы уақытта ол балалар мен үлкендерге арналған байпақ, мойынорағыш пен бас киім тоқуды қолға алмақ. Бибігүл Шекерқызы заман тала­бы­на ілесуді мақсат тұтып, тауар­ларын соңғы үлгідегі 3D бедерлі пішіндермен көмкеруді жоспар­лап отыр. Заман талабына сай жұ­мыс істеуді қалайтын нәзік жан об­лыс орталығында ұйымдастыры­ла­тын қолөнер шеберлерінің, кәсіп­керлердің түрлі шараларына қатысып, өзі секілді жандармен тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдауға да ден қойған. Тігінші алдағы уақытта шеберлер санын кө­бейтіп, тапсырыс түрін кеңейт­пек. Сонымен қатар тұрғындарға қолжетімді болуы үшін аудан орталығынан үлкен тігін цехын ашуды жоспарлап отыр. “Жұба­йым Қанат Мұқашұлы менің бар­лық бастамамды қолдап, үнемі жанымнан табылады. Екеуміз үш перзентіміздің жарқын бола­ша­ғын қалыптастыру жолында аянбай тер төгуге дайынбыз”, – дейді Бибігүл Тасмағамбетова.

Тамерлан ЕЛУБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.
СУРЕТТЕ: Б.Тасмағамбетова.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp