
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Оның игілігін көріп жүргендердің бірі – Шал ақын ауданының тұрғыны Бибігүл Тасмағамбетова. Нәзік жан нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында айлық оқу курсына қатысып, 500 мың теңгенің грантын иеленді. Бүгінде кәсіпкер бала кезінен арманына айналған тігіншілік ісін қолға алып, “Жұпар” салонын ашқан.
Сұранысқа ие бұл мамандықтың тізгінін ұстаған Бибігүл Шекерқызы сияқты жандарға үлкен жауапкершілік артылып отыр. “Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі” дейтін кейіпкерімізге бұл қасиет ес білгеннен бері алаша мен текеметтің түр-түрін тоқыған анасынан дарыған. Бибігүл бала кезінен іске ширақ, айтқанды қағып алатын зерек болып өсті. Үй шаруасына бейім, кез келген істі үйіріп әкететін ол бастауыш сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ қолынан ине-жібін тастамапты. Сөйтіп, бойжеткенде тігіншіліктің қыр-сырына қанығады. Бұл кәсіп сырт көзге оңай болып көрінгенімен, қажырлықты, ізденіс пен көп еңбекті қажет етеді. “Бастысы, өз ісіңді, мамандығыңды сүюің керек. Сонда ғана әр жоспарың жүзеге асады”, – дейді кәсіпкер Бибігүл Тасмағамбетова.
Ол он жылдан бері ісмерлік өнеріне ден қойғанымен, өз ісін ашуға мүмкіндігі болмапты. Бастапқыда қабілетін кәсіпке айналдыру үшін түрлі жобаларға қатысқан. Азын-аулақ қаржысына тігін машинасы мен құрал-жабдықтар сатып алып, өз үйінде қыз жасауын, көрпе-жастық тіккен, ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша киім-кешекті жөндеумен айналысқан. Кейін тігінші бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыс орталығында “Бизнес бастау” жобасы аясында оқу курстары ұйымдастырылатынын біліп, жеке кәсіп ашу бойынша өз біліктілігін арттыруды ұйғарады. Сертификат алған соң мемлекет берген қаржыға жеке ательесін ашып, бүгінде сұранысқа ие тігіншілердің қатарынан табылып отыр. Шебердің бұйымдары тұтынушылардың көңілінен шығуда. Аудан тұрғындары қыз жасауынан бастап, құрақ құрау, ұлттық киімдер мен көйлектерге, бесік жабдықтарына алдын ала тапсырыс беріп, игілігін көруде. “Жұпар” салонының тұрақты тұтынушысы Гүлнәр Рымжанова ательенің ашылғанына қуанышты. “Бұрын біз киім-кешегімізді бүтіндеу немесе көрпе-жастық сатып алу үшін облыс орталығына баратынбыз. Бибігүл өз ісін ашқалы, бұл машақаттан арылдық. Жас кәсіпкер өз жұмысына тиянақты, тапсырысты уақытында орындап, тұтынушыларының көңілінен шығуға тырысады”, – дейді ол.
Шебер аптасына кемінде екі қалыңдықтың жасауын дайындайды. Одан бөлек, қаншама тапсырысы бар. Алдағы уақытта ол балалар мен үлкендерге арналған байпақ, мойынорағыш пен бас киім тоқуды қолға алмақ. Бибігүл Шекерқызы заман талабына ілесуді мақсат тұтып, тауарларын соңғы үлгідегі 3D бедерлі пішіндермен көмкеруді жоспарлап отыр. Заман талабына сай жұмыс істеуді қалайтын нәзік жан облыс орталығында ұйымдастырылатын қолөнер шеберлерінің, кәсіпкерлердің түрлі шараларына қатысып, өзі секілді жандармен тәжірибе алмасып, шеберлігін шыңдауға да ден қойған. Тігінші алдағы уақытта шеберлер санын көбейтіп, тапсырыс түрін кеңейтпек. Сонымен қатар тұрғындарға қолжетімді болуы үшін аудан орталығынан үлкен тігін цехын ашуды жоспарлап отыр. “Жұбайым Қанат Мұқашұлы менің барлық бастамамды қолдап, үнемі жанымнан табылады. Екеуміз үш перзентіміздің жарқын болашағын қалыптастыру жолында аянбай тер төгуге дайынбыз”, – дейді Бибігүл Тасмағамбетова.
Тамерлан ЕЛУБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.
СУРЕТТЕ: Б.Тасмағамбетова.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.