Дәл қазіргі уақытта заманауи технологияның маңызы аңғарылуда. Соттар ұялы телефон немесе компьютердің көмегімен байланысқа шығып, тараптарды татуластырып, істі аяқтай алады. Мәселен, жақында Тайынша аудандық №3 сотында жол-көлік оқиғасының салдарынан болған шығынды өндіріп алуға қатысты азаматтық іс қаралды. Іс құжаттарына сәйкес автокөліктердің соғылуынан шағымданушының “темір тұлпары” қираған. Көлікті жөндеуге қажетті сома 468735 теңгені құрайды. Оның үстіне, арызданушы бұл қаржыдан басқа мүлікті бағалау, құқықтық қызметтердің шығынын өтеп, сонымен қатар мемлекеттік баж салығының құнын қайтаруды сұраған. Жалпы сома – 513735 теңге. Сот отырысында судья істі шешу үшін татуластыру үрдісін қолданды. Яғни, тараптар өзара келісімге келіп, арызданушы шағымынан бас тартты. Ал жауап беруші келісілген соманы өтеуге міндеттелді.
Онлайн форматта жеке тұлғалар ғана емес, кәсіпкерлер де бейбіт келісімге келуде. Осындай істердің бірі облыстық экономикалық сотта қаралды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірі екіншісінен қарызын өтемегені үшін өтемақы төлету жөнінде сотқа жүгінген. Сот аталған істі қысқа мерзімде қарап, тараптар бейбіт келісімге келді. Оның шарттарына сәйкес жауап беруші келісім қабылданғаннан кейін он күнтізбелік күн ішінде 9 634 100 теңге көлеміндегі негізгі борышты төлеуі тиіс. Ал басқа төлемдерді өндіру жөніндегі арыз қанағаттандырылған жоқ.
Динара ТӨЛЕҢГІТОВА,
облыстық соттар әкімшісі ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.
Сурет: http://akt.sud.kz/