«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІСТЕ СЫНАЛДЫ

Кеше Қызылжар ауданындағы Асқар Мәдиев басқаратын “Петерфельд-Агро” ЖШС-нің шабындық алқабында “КазТехМаш” машина жасау зауытының алғашқы өнімдері – шөп дайындайтын техникаларының таныстырылымы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков, жекелеген агроқұрылымдардың басшылары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко Петропавлда бұрынғы “МЛД” зауыты базасында “КазТехМаш” ЖШС шөп дайындайтын үш түрлі техниканың алғашқы партияларын шығара бастағанын, ол өңірдің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылып отырғанын алға тартты. Таныстырылым рәсімін зауыт мамандары техникаларға сипаттама беруден бастады.

– Польшаның технологиясы бойынша құрастырылған “Proner Asia 260” дискілі шөп машинасы (шалғысы) бір сағатта 2,6 гектардың шөбін шабады. “МТЗ-80”, “МТЗ-100” тракторларына тіркелетін аспалы 6 дискілі шалғымен жоғары жылдамдықта жұмыс істеуге болады. Зауытта “Proner Asia 300” дискілі шалғысы да шығарылады. Оның өнімділігі алдыңғыға қарағанда жоғары және оған “МТЗ” тракторының қуатты түрі пайдаланылады. Шөп машинасының бағасы – қосымша құн салығын (ҚҚС-ні) қоса есептегенде 1970 мың теңге. Өзімізде шығарылатын техникаларды лизингке алу үшін “ҚазАгроҚаржы”, “Технолизинг”, “Лизинг Групп” компанияларымен шарт жасалу үстінде. Сонымен бірге қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігінде техникаларды демеуқаржыландыру мәселесі қаралуда. Бұл жағдай жаңа техникаларға мүдделі агроқұрылымдар үшін оңтайлы шешілетін болса, отандық техника алатын агроқұрылымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін болады,– дей келіп, машина жасау зауытының директоры Қанат Сүлейменов жұрт назарына ұсынылып отырған басқа да техникалардың мінездемесіне тоқталды.

Қанат Таңатұлының айтуынша, “МТЗ” тракторларына тіркеліп, айналмалы біліктің күшімен жұмыс істейтін “Proner Asia ZKP 800” екі роторлы тырнауышының алымдылығы 8 метрді құрайды. Бағасы – ҚҚС-ні қоса есептегенде 4230 мың теңге. “Proner Asia Z 500” пресс-жинағышы камерасының диаметрі – 1,2 метр, орамды шөп екі қабат жіппен байланады. Онымен жиналған орама шөптің салмағы кептірілуіне байланысты шамамен 300-400 килограмм болады. Бағасы – 4050 мың теңге. Қазіргі күнге дейін мал азығын дайындайтын техникалардың үш түрі 15 данадан құрастырылыпты.

Аталмыш техникалардың қалай жұмыс істейтіндігі іс жүзінде көрсетілді.

– Өңіріміздегі мал азығын дайындайтын техникалардың 80 пайыздайы ескірген. Қазіргі пайдаланып жүргеніміз – шетелдердің өнімдері. Облыс орталығында “КазТехМаш” ЖШС-нің шөп машинасын, екі роторлы тырнауыш пен пресс-жинағышын шығарып жатқаны құптарлық-ақ. Алдағы уақытта жемазық таратқыш, бірнеше түрлі тіркеме, “Sampo Аsia” комбайны құрастырылатын көрінеді. Оларға бір жылға кепілдік берілмек. Оның үстіне сервистік қызмет көрсету де қарастырылған. Бәрінен бұрын қосалқы бөлшектерді алыстан іздемей, зауыттың өзінен алуға болады. Бізге, сонымен бірге мал шаруашылығымен айналысуды жаңада бастаған фермерлерге, осы жағы тиімді, – дейді “Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясы” ЖШС-нің директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Белгібай Қанафин.

Басқа да агроқұрылым басшылары техникалар бағасының сәл қымбаттылығын айтқаны болмаса, олардың жұмыс істеуіне, тиімділігіне, шаруашылықтарға дер кезінде ұсынылып отырғандығына шек келтірген жоқ.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp