«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІС ТЕТІГІ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТТЕ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың бастапқы он бес қадамында қазіргі заманғы кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың жолдары көрсетілген. Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл істері жөніндегі облыстық департаменттегі екінші басқосуға табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, жер инспекциясы басқармасының, облыстық жер қатынастары басқармасы мен қалалық бөлімнің және ветеринария басқармасының басшылары шақырылған болатын. Баспасөз өкілдерімен кездесуге облыстық ветеринария қызметінің басшысы Ербатыр Мадьяровтан басқа шақырылғандардың бәрі келді.

Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов осы саладағы облыста қалыптасқан жағдай туралы ақпарат берді. Заңсыз ағаш кесушілермен орманшылар ымырасыз күресуде, тәртіп бұзатындарға айыппұл салынады және қылмыстық іс қозғалады. Орман пайдаланушыларының күшімен 32 ағаш өңдеу цехы ашылған, оларда 370 жұмыс орны құрылды. Ал ең бастысы, мемлекеттік орман қоры аумақтарында жасыл желекті қалпына келтіру жұмыстары жүйелі жолға қойылған.

Осы басқармада өткір тұрған мәселенің бірі – табиғат аясындағы қоқыс үйілетін жерлердің жайы. Облыс аумағында 583 қоқыс төгетін орын болса, оның тек 198-іне жер телімі рәсімделген. Сондықтан басқарма осы мәселені шешу үшін қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істейтін жаңғырту бағдарламасының жобасын жасады. Мүдделі ұйымдармен бірге жетілдіріліп жатқан бұл бағдарлама жуырда облыс әкімдігіне бекітуге ұсынылады.

Басқарма басшысы баспасөз құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді. Мысалы, Қазақ радиосының тілшісі орманға түсетін жібек құртының қаупі жайында сұрап, одан айтарлықтай қатер жоғын білді. Басшының айтуынша, бұл зиянкестің таралу циклы 7 жылға созылады екен, соның аса өршігені өткен жыл болып, оған қарсы 167 гектарға дәрі себілген. Ал биыл 31 гектар орман алқабы өңделмек. Сондай-ақ, қоқыс орындарын тәртіпке келтіру жайында телеарна тілшісі қойған сұраққа толығырақ жауап қайтарып, газет тілшісінің заңсыз отын кесудің көбейіп бара жатқандығы жайындағы сұрағына түсінік берді.

Облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Еркінов те өз саласына қатысты мәселелерді сөз етті. Одан көңілге түйген жағымды жай, Қызылжар ауданы аумағынан Петропавл қаласына жекеменшік тұрғын үй құрылыстарын жүргізу үшін 359 гектар жер бөлінбек. Бұл мәселе бүгінде Үкіметте қаралуда, ол оң шешімін табуға тиіс. Бұл әңгімеден Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуаныш Мағзұмов та шет қалған жоқ. Алайда, баяндамашылардың жауаптары журналистерді қанағаттандырды дей алмаймыз. Айталық, қаланың қақ ортасындағы құрылыстары ұзақ уақыттан бері қаңтарылып тұрған жерлерді қайыра мемлекеттік меншікке алу мәселесі шешілмей келеді. Дәл осындай проблемалық жай банкроттыққа ұшыраған “Транс-Авто” және “Богви” фирмаларының меншігіндегі жерлерге қатысты да орын алып отыр. Жерге орналастыруға байланысты жекеменшік тұрғындардың да шешілмеген мәселелері көп. Кездесуде осылардың бәрі жан-жақты сөз болды, сала басшылары қойылған сұрақтарды аяқсыз қалдырмауға уәде етті.

Тоқтар ЗІКІРИН,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp