Ақ жаңбырдың сырылынан сыр ұғып,
Солған гүлдің тамырына үңіліп.
Орман, судың сыбдырынан тіл ұғып,
Арман қылдым қиялыма жүгініп.
Жер бесіктің әлди үнін тыңдаған,
Желде өсіппін гуілімен тынбаған.
Тал бесікте іңгәлаған сәби ем,
Өрге шықтым уақытпенен зырлаған.
Шын өмірден,
Аспан, жұлдыз, қыраттан,
Бұл өңірмен ерке құрақ бұлақтан.
Таулар, дала, жан-жануар ай-күннен,
Жүрегіммен сұлулығын ұнатқам.
Табиғаттың әсер алам бәрінен,
Ар-ұяттың тамыр алғам нәрінен.
Жүрегімді таза ұстауға тырысам,
Шариғаттың жүру үшін жолымен.
Асықтым мен поэзия еліне,
Қадам бастым қара өлеңнің жеріне.
Ақ қайыңға, қыран, тұлпар, асқар мен
Ғашықпын мен арулардың бәріне.
Керуен жылмен кетіп жатқан ғасырым,
Көргенмін мен құпияңды жасырын.
Қара өлеңнің қаймағы ғой көбікті,
Емдей білген рухани асылым!
Аманжол ЗАҒЫПАР,
республикалық
мүшәйралардың жеңімпазы.
Петропавл қаласы.