Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін талқылаған кеңесте алға қойған міндеттерден туындайтын іс-қимыл шаралары туралы айтып берді. Президент кеңесте сөйлеген сөзінде сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңыздылығына ерекше назар аударып, азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндетті екенімізді атап көрсеткен болатын.
“Егер бұрын сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресіп келсек, енді алдын алу шараларына баса назар аударылады. Бұдан былай мемлекеттік органдарды бағалау өлшемдерінің бірі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қабылдау деңгейі болады және мемлекеттік қызметке алу кезіндегі кедергілерді жоюға бағытталған шаралар пәрменді түрде қолданылады”, – деді Ернар Ерболұлы.
Департамент басшысының айтуынша, өткен 8 айда 86 қылмыс тіркелсе, 78 пайызы жемқорлық сипатқа ие. Былтырғы жылға қарағанда келтірілген шығын көлемі 6 есеге көбейіп, 482,2 млн. теңгені құраған. Одан мемлекет есебіне қайтарылғаны – 451,9 млн. теңге. 16 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, алтауы бас бостандығынан айырылған. 9 басшы мемлекеттік қызметтен шеттетілген. Қарамағындағы қызметкерлер жемқорлыққа барғаны үшін тікелей басшыларын отставкаға жіберу және тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы заң нормалары енгізілгеннен бері төрт басшыға осындай жаза қолданылған. Анықталған қылмыстар саны жөнінен әкімдіктер мен олардың құрылымдары, құқық қорғау органдары және ветеринарлық бақылау аумақтық басқармасы алда.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүйелі түрде жүргізуді қалыпты жұмыс нормасына айналдырудың маңыздылығын атап көрсетті. Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік танытуы тиіс. Әр адам өз міндеттерін адал орындауы және жұмыс процестерін жақсарту бойынша ұсыныстар енгізуі керек. Алайда, биыл ішкі талдау ірі отыз төрт мемлекеттік органның жетеуінде ғана жүргізілген. Бағдарламаларды жүзеге асыруға қанша қаражат бөлінетіні, қанша нысан салынатыны басқармалар мен аудандық әкімдіктер арқылы өтеді. Басшылар нақты проблемаларды шешу жолдарымен тікелей айналысуы қажет. Сыбайлас жемқорлық көріністеріне барынша бейім салалардың ішінде ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармаларында ішкі талдау әлі күнге дейін жүргізілмеген. Агенттіктің жергілікті департаменті сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды сапалы жүргізу бойынша семинар ұйымдастырған. Енді оның үлгілерін тәжірибеде қолданып, нақты жүзеге асырудың амалдарын қарастырған жөн.
Комиссия отырысын қорытындылаған Құмар Іргебайұлы қоғамдық бақылауды жандандыру және оның құрамына принципті адамдарды тарту қажеттігін атап өтті. Егер адамдар ауданның проблемаларын облыс әкімдігі деңгейіне дейін жеткізсе, бұл – аудан әкімдігінің кемшілігі деген сөз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.