Елбасының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауының негізгі қағидаларын жұртшылыққа түсіндіру және жеткізу бойынша облысымызда іссапармен жүрген ІІМ-нің ақпараттық-насихат тобы бейсенбі күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында құқық қорғау органдарының жеке құрамымен, ішкі істер қызметінің ардагерлерімен кездесті. Оған облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысты.
Қызылжар өңіріне іссапармен келген Ішкі істер министрлігінің ақпараттық-насихат тобы бұған дейін Уәлиханов, Ақжар, Тайынша, Аққайың, Шал ақын және Есіл аудандарында болып, жергілікті атқарушы органдардың басшыларымен бірге жұртшылықпен кездесу өткізді, соғыс ардагерлерінің, көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың үйлерінде болды, ҚР ІІМ басшылығының атынан озат қызметкерлерді, ардагерлерді марапаттады.
Бейсенбі күні таңертең ақпараттық-насихат тобы облыстық Ішкі істер департаменті жанындағы азаматтық борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлерге орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында оқу орындарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті, Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Шаяхмет Мырзақановтың отбасында болып, ақсақалды Ұлы Жеңістің 69 жылдығымен құттықтады.
Театрдағы кездесу кезінде министрліктің Кадрлар жұмысы департаментінің бөлім бастығы, полиция полковнигі Болат Қаженов Елбасының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауындағы негізгі қағидаларға тоқталып, ішкі істер бөлімдерінде жүргізіліп жатқан реформаларды, полиция жұмысын жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы” Заңның күшіне енуі жайын сөз етті.
Ресми бөлімнің соңында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың 5 мамырдағы бұйрығы оқылды. Бұйрық бойынша ішкі істер органдарының беделін көтеруге, қазақстандық полиция қызметкерлерін отансүйгіштікке тәрбиелеуге, құқықтық тәртіпті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін облыс әкімі Самат Ескендіров, облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” медалімен марапатталды. Сонымен бірге, бір топ қызметкерге ҚР ІІМ-нің Грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Алғыс хат алғандардың ішінде “Хабар” телеарнасының Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Нұргүл Ахметова, BNEWS.KZ ақпараттық агенттігінің меншікті тілшісі Светлана Пышкина да бар.
Кездесу биыл құрылғанына 50 жыл толып отырған, бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы және жүлдегері Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Бақтияр Әбдірашев жетекшілік ететін эстрадалық ансамблінің концертіне ұласты.
Кеше аталмыш ақпараттық-насихат тобы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де, Петропавл Әскери институтында болып, студенттермен және курсанттармен кездесті.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.