«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҒАБДОЛ-БӘРИ” МЕШІТІНДЕГІ ЖӘНЕ КІШКЕНЕКӨЛДЕГІ МӘУЛІТ

Жамбыл ауданының Благовещенка ауылындағы “Ғабдол-Бәри” мешітінде бүкіл мұсылман елдеріне ортақ Мәуліт мейрамы өткізілді. Бұл діни мейрамның жоғары деңгейде өтуіне өңіріміздің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, облыстық орталық мешіттің наиб имамы Азамат Амандықұлы, республикаға танымал айтыс ақыны, қалың жұртшылықтың сүйіктісіне айналған Ринат Зайытов, облыстық филармонияның әншісі, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты, бүгіндері өңіріміздің мәдени өркендеуіне, дәстүрлі өнеріміздің жаңадан жаңғыруына қомақты үлесін қосып үлгерген Жанат Айтбаев сынды азаматтарымыз үлкен септігін тигізді.

Ауыл ортасындағы Мәдениет үйінің қызметкерлері де әжептәуір жанашырлық танытып, жақсы дайындалғандарын естідік.

Мәуліт ауданның бас имамы Ғабит Қуандықұлының адамзаттың ұлысы, Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салла аллаһу алейһи уә саламға дұға бағыштауымен басталды. Ауылдық округтің әкімі Тұрмыс Иманжановтың кіріспе сөзінен кейін мінберге шыққан Кенжетай қажы жиналған жамағаттың көкірек көзін кеңінен ашқандай болды. Залдағы орындықтарға сыймай, түрегеліп тұрып тыңдаған көпшілікке ризашылығын білдіре отырып, Мәуліт мейрамының мәнісін, маңызын түсіндірді. “Осыдан мың жарым жылға таяу өмірден өткен Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) туған күнімді тойлаңдар деп өсиет етпегенін, кейінгі шаралардың өткізілуі дінді өркендету, ислам мәдениеті жөнінде әлі де болса қараңғылықта жүрген адамдардың санасына сәуле түсіру ниетінде жүргізілетінін айтты. Қазіргі әлем деңгейінде айтылып жүрген “Ислам экстремизмі” деген тіркестің жалғандығын, исламның аса жоғары мәдениетінен жұрдай, азғантай ғана топтардың далбасалық әрекеттері екенін тамаша түсіндірді. “Аққа Құдай жақ” демекші, ислам мәдениетіне қанша тас лақтырып, жамандап, небір пәле-жалаларды жауып жатқандарымен, дініміздің өсіп-өркендеп келе жатқаны имандай шындық. Ендеше Мәуліт мейрамы мүбәрак болсын, жиналған жамағат!” – деп бас имам көпшілікті құттықтады.

Азамат Амандықұлы оқыған “Мәуліт” дұғасынан кейін сахнаға айтыскер ақын Ринат Зайытов шығып, жамағатты құттықтап, Мәуліт мейрамын ұлықтап, өзінің жыр шумақтарын төкпелетті:

Ассалаумағалейкүм, армысыздар,

Пайғамбарын ұлықтаған

жамағатым?!

Алдыңда бір-екі ауыз сөз айтайын,

Шамам келсе, біраз жерге

бара алатын.

“Мәулітте” ақ жүрекпен айтылсыншы

Ақындық тілімменен салауатым.

Жер бетінде ең соңғы

Пайғамбар боп

Алланың әмірімен сайланған кім?

Жәбірейіл періштемен кездескенде

“Үмбетім” деп бірінші ойға алған кім?

Тойтарып арам ниет адамдарды

Талайын өткізген кім

майдандардың?

Ендеше ешқандай да артығы жоқ,

Мәуліттей мерекенің тойланғанын.

Валентиннен миллиард есе

биік тұрар,

Қадірі Мұхаммедтей пайғамбардың.

Тілегім – тек жақсылық

бұйырсыншы,

Жаратқан осы отырған жамағатқа,

Отырған кәрі менен жастарыңа.

Мың алғыс бастарыңды қосқаныңа.

Құдайым еш араздық сыйламасын

Бүгінде қосып отырған бастарыңа.

Бұдан кейін сахна төріне шығып, өз өнерлерін ортаға салған Назерке Рамазанова, Еркебұлан Кәрімов, Жанат Айтбаев, Әйгерім Амантаева, Қанат Мырзахметов сынды әншілерге жиналған жамағат жүрекжарды ризашылықтарын білдірді.

Қырым ЖАНТАЕВ,

еңбек ардагері.

Жамбыл ауданы.

Кішкенекөл ауылындағы Сәкен сері атындағы Мәдениет үйіне адам көп жиналды. Бұлар – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың туған күнін атап өтуге арналған уағыз тыңдауға, концертті тамашалауға келген қызылтулықтар. Сахна шымылдығын аудан әкімі Аман Төрегелдин құттықтау сөзімен ашты. Өз тілектерін “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай, Ресей Федерациясы Шығыс Азия бөлігінің мүфтиі Бота Зейнілғабиденұлы жұртшылыққа жеткізді. Мәуліт оқылды. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға мадақтау әнін Нұрғайша Бектұрғанова орындап, көрермендер көзайымы болды. “Өсиет терме” әнін Сәния Жұмабаева, Құрманғазының “Адай” күйін Тұрлыбек Салықбаев құйқылжыта орындап, жұртшылықтың құрметіне бөленді. Көкшетаудан арнайы келген республикалық конкурстың лауреаты Қажыбай Жахин Кете Жүсіптің, Қапездің термелерін шырқады. “Ойлан, балам” әнін орындаған Нұргүл Әділбаева, “Аллаға шүкірді” Қайрат Бейсенов шырқап, жұртшылықты риза етті. Әншілердің, термешілердің өнері қалың көрермендерді ерекше бір серпілтті.

Содан жиналған қауым орталық мешіттің асханасына келіп, дәм татты.

Сөз соңында біз осындай ауқымды шараны тамаша ұйымдастыра білген мәдениет бөлімі мен Мәдениет үйінің қызметкерлеріне, бас имам Өсербай Шәкеновке, молдалар Ақан Қорықболов, Солтан Мұқашевқа және т.б. алғыс айтамыз.

Сағидолла ИКЕНОВ,

журналист.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp