Жібектей жұмсақ жылы жаздың айлы түні. Бойқызыл бойындағы қалың селеулі алқаптың арасындағы Ілия көлін жағалай қонған ауыл ән құшағында. Өткен ғасырдың елуінші жылдары әр жүректің қимасына айналған Абай әндері, әсіресе жастардың табынар тәңіріндей бойтұмарына айналып кеткен «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» әндері алтыбақанға жиналған қыз-бозбаланың ынтық көңілдерінен әуелей шырқалады. Айт пен тойда, шілдеханада шерменде көңілдің емшісіндей болып, жиі шырқалатын әндер еді-ау!…
Бірде сырлы, бірде мұңды, бірде рухты әндерде ұлы даланың сазы, тұтас бір халықтың тарихы, үміті, тілегі жатыр емес пе?
Ұзақты күнгі қарбалас тірліктен қолдары босаған ауыл жастары саф ауа, салқын самалды айлы түнде алтыбақан аясына жиналып, сырласып, мауқын басып, шағын ауылды ән құндағына бөлеуде. Алтыбақанға жиналған топтан екі жас бөлініп, Ілия көлін жағалай аулақтай берді. Айнала тып-тыныш. Бір жамбастап құбыла құлап бара жатқан ай сәулесі мынау қаперсіз алапқа ашкөзденіп, құмарта сұқтанады.
Кенет, Алтыбақаннан түн тыныштығын оятқан ән Айдар мен Назымның көңілін елең еткізді.
«Асқақтата салғаным жайлау әні,
Баққан малым жайлаудың болған сәні, Маржан-ай!
Қай жерімнен мін таптың, қалқатайым,
Менің жазған хатыма жауап кәні, Маржан-ай?!»
– Айдар, мынау Әбілахат Еспаевтың «Маржан қыз» әні ғой, – деп Назым әнді елти тыңдады.
Кең тынысты, мол пішімді ән ай нұрына шомылып, құшағында балқып еріп тұрған асылына сағынышын әнге қосып айтып тұрғандай.
Кең кеудені шалқақ тастап, көсіле шырқалған ән көл жағалай отырған ауыл аспанын шарлап кетті.
Ән биігінен қайтып, көк төсінен сорғалап құйылып келіп қайырмасында:
«Кездескен күн есімде,
Айлы жаздың кешінде.
Еске сақта, қалқатай,
Айта берем несіне», – деп әсем ырғақты, толқынды әуенге ұласады.
Бір қалыпты әуезді ырғақпен келе жатқан ән қайырмасында ширығып, тыңдаушысын бар еркінен айырып, тежеу бермей тұңғиық иіріміне қарай, өткен күндерге тартып әкетіп барады. Тұла бойды шымырлатып, ұйытып бара жатқан сағынышты ән тіршіліктің бауырында қалықтап тұрып алды.
Артта қалған өмірдің, қимас күннің қызығы мол дәуреннің құшағында бұлқынып, тулап жүрген шақты еске түсірді мынау ән.
Алтын арқау мен алтын саға – халық әндері мен халық композиторларының әндерінен мейірі қанған, өзі де тумысынан ән болып жаратылған Әбілахат Еспаев – халқына ұзақ өмірлі әндер қалдырған біртуар композитор.
Өнер Әбілахаттың жаратылыс тегінде бар екен. Әбілахат Еспаевтың нағашы атасы Садуақас Үмбетұлы бала кезден домбыраның құлағында ойнаған, дастан- қиссаларды таңды таңға ұрып жатқа айтатын өнерпаз болыпты. Әбілахаттың анасы Зылиха ағасы Садуақастан домбыра тартуды үйреніп, ән салған екен.
«Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» демекші, Әбілахат Еспаевтың өнері ана сүті арқылы нағашы жұртынан дарыса керек.
Кешегі кеңестік кезеңде өтірік пен өлексе ұрандар туралы қандай ән жазуға болады? Сол кезде Шәмші Қалдаяқов пен Әбілахат Еспаев сияқты тума таланттар халықтың көкейіне қонатын нағыз қазақы нақыштағы әндерді тудырды.
Әбілахат Еспаевтың «Орамал» әні сағынысқан екі жастың бойтұмарындай, жабырқаған жанына орамалдағы «Сәулеме» деген сөзі жәрдем болған, жігіттің төс қалтасындағы орамал бірін-бірі сүйген бірге соққан қос жүректің айнымас сертіндей.
Қай заманда, қай уақытта болсын ескірмейтін, айтыла беретін әндер болады. Сондай ескірмейтін, Әбілахаттай хас шебердің туындысы – «Қайдасыңдар, достарым?» әні. Бұл әннің сөзін жазған – «Ән сүймеген өмірді де сүймейді, Өзім жоқта әнім жүрсін құлақта», – деп өткен қазақтың талантты ақыны Қабдікәрім Ыдырысов. Жеңіл айтылатын ән. Әннің сөзін оқығанда бар салмақ санаңа ғана түседі. Ал енді бұны ән ырғағымен тыңдасаң, санамен қоса жүрегің де елжіреп, көкірегіңе көз бітіп, достарыңды көргендей боласың. Жиын, тойларда достарды еске алып, «дос үміті – достық сезім, әрқашанда өзімізбен» бірге болатындығына тәнті боламыз.
Әбілахат Еспаевтың сәтті шыққан шығармаларының бірі – «Ұстазым, менің ұстазым» әні. Ел арасында кең тараған бұл ән ұстаздар қауымының әнұранына айналды. 1960 жылы Алматыда өткен мұғалімдердің құрылтайына ұстаздар туралы жаңа ән керек болып, Жамал Омарова «Бұл әнді тек Әбілахат қана жаза алады» деп үлкен сенім артады. Осылайша бір күннің ішінде жазылған ән көптің көңілінен шығады.
Адам баласы жер бетінде қанша жасаса сонша жасай беретін ән ғой бұл.
«Ұстазым, менің ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып,
Ұстазым, менің ұстазым!»
Әр жаңа оқу жылы басталғанда, әр оқу жылы аяқталғанда «Алғашқы қоңырау» мен «Соңғы қоңырауда» композитор Әбілахат Еспаевтың ақын Аманжол Шамкеновтің сөзіне жазылған «Ұстазым, менің ұстазым» әнін атақты әнші және осы әнді алғашқы орындаушы Жамал Омарованың айтуында тыңдау мектептерде дәстүрге айналуы керек. Неге Жамал Омарованың орындауында тыңдау керек дейтін боларсыздар. Себебі бұл әнді Жамал әншідей ешкім орындай алмайды. Әндегі терең толғанысты, ұстазға деген іңкәр сезімді әнші Жамал Омаровадай еш әнші жеткізе алмайды. Бұл әншінің үн бояуы да ерекше ғой.
Әбілахат Еспаевтың түйдей құрдасы атақты композитор Нұрғиса Тілендиев: «… Ол балаларға арнап көптеген әндерді дүниеге әкелді, келер ұрпақ Әбілахаттай атасына мүмкін миллиондаған рақметін айтар», – деп әділ бағасын берген екен.
Әбілахат Еспаевтың әндері кезінде Қазақстанда ғана емес, шетелдерде шырқалған. «Маржан қыз» әнінің Үндістан мен Жапонияда әуелеуі соның дәлелі.
…Алтыбақанда шырқалған ән махаббат іздеп талпынған жас жүректің лүпілін құлаққа тосады. Қыз-жігіт айлы түнде алаңсыз кезігіп, махаббат сырын шертеді. Жүректі тербеп, көкіректі кернеген «Маржан қыздай» әннің әсерінен жүректеріне от түскен екі ынтық Айдар мен Назым ауылға беттеді…
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
ардагер-ұстаз.
Қызылжар ауданы.