«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғазиз ЕСМҰҚАНОВ: “БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАРЫНА КӘМІЛ СЕНЕМІН”

Өңірімізден шыққан айтулы азаматтардың бірі Ғазиз Есмұқановтың есімі солтүстікқазақстандықтарға ғана емес, ел жұртшылығына жақсы танымал десек, қателеспейміз. Бес күндік жалғанды мағыналы өткізуді мақсат тұтып, бүгінде әдемі қарттықтың әрін кіргізіп отырған сыйлы ағамызбен елдің өткені мен болашағы жайлы әңгімелескен едік.– Ғазиз Есмұқанұлы, туған өңірдің дамуына, тәуелсіз еліміздің қалыптасуына зор үлес қосқан азаматтардың бірісіз. Облысымызда тәжірибе жинақтап, білікті маман атандыңыз, республикалық деңгейдегі қызметтерді де абыроймен атқардыңыз. Осы еңбек жолыңыздың елеулі тұстарына тоқталып өтсеңіз.

– Менің орта мектепті бітіріп, мамандық таңдау кезім елімізде тың және тыңайған жерлерді игеру басталған жылға сәйкес келді. Осы ұлы дүрбелеңнің әсері болар және әрқашан қамқор, ақылшы болып жүрген ағамыз Қилаж Мағазұлының кеңесімен Болат Сағындықов екеуіміз Омбының ауыл шаруашылығы институтына аттанып, агроном мамандығын таңдадық. Еңбек жолыма тоқталмас бұрын, саналы тәрбие, сапалы білім берген Петропавлдағы №5 қазақ орта мектебіне, ұлағатты ұстаздарыма (бәрі дерлік о дүниелік болды) басымды иетінімді білдіргім келеді.

Сонымен 1960 жылдың шілде айында агрономдық дипломмен елге оралдым. Ол кезде отбасым бар. Зайыбым Күлбәрәм елде ауылда есепші болып жұмыс істейтін, тұңғышымыз Гүлнәрдің тәтті қылықтарына тоймай жүрген кезіміз. Бірден жұмысқа кірісіп кеттім. Екі кеңшарда бас агроном болып істеп, 1969 жылы қазіргі Есіл ауданына қарасты Комаров атындағы кеңшардың партия ұйымының хатшысы болып сайландым. Ол кезде бұл 30 жылға жалғасқан партия-кеңес органдарындағы істеген қызметімнің басы екенін білмедім.

Қанша жақсы оқып, мамандығың бойынша білікті болсаң да, өмірде, еңбек жолыңда кездесетін кейбір қиындықтарды жеңуді, адами қарым-қатынасты, ұстамдылықты тек өмір мектебі ғана үйретеді екен. Әсіресе, жас кезіңдегі ұлағатты адамдардың үлгілі өмірі, қағидалы сөздері – баға жетпес сабақ, келешекте адами тұлға болып қалыптасуыңа ықпалы зор. Мұндай адамдар өмірімде, еңбек жолымда көптеп кездесті. Мың да бір шүкіршілік.

– Үстіміздегі жылы 80 жылдығын атап өткелі отырған туған өңіріңізде табан аудармай 23 жыл еңбек етіп, ауыл шаруашылығы саласының ыстық-суығын көп көріп, нағыз бесаспап маман болып қалыптасқандығыңызға замандастарыңыз куә. Әсіресе, Соколов аудандық партия комитетінде екінші хатшы, осы ауданның атқару комитетінің төрағасы болған жылдарыңыз есте шығар? Сол кезде өңіріміздің даму деңгейі қандай еді?

– Институтты бітіргеннен кейін 23 жыл туған өлкемде еңбек етсем, оның он бір жылын Соколов ауданында өткіздім. Екі жыл екінші хатшы, тоғыз жыл аудандық атқару комитетінің төрағасы болдым. Бұл жылдар облысымыздың қарыштап алға өркендеген кезі болатын. Өңірде ірі-ірі зауыттар болды, халық тұтынатын тауарлар өндіретін кәсіпорындар, фабрикалар көптеп саналатын. Дегенмен, негізгі сала – ауыл шаруашылығы еді. Мұнда да жоғары өнім алынып, тапсырма, жоспарлар асыра орындалатын. Бұл жетістіктер одақта, ел көлемінде тиісті бағаларын алып жүрді.

Соколов ауданы да осы табыстарға өз үлесін қосты. Ауданға жүктелген негізгі міндет облыс орталығын сүт, ет, жұмыртқа және картоп, әртүрлі көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету болатын. Осыған байланысты ауданда тек сүт пен картоп өндіретін екі жаңа “Лесной” және “Рощинский” деген кеңшарлар ұйымдастырылды. Екі орта мектеп, осынша аурухана және Мәдениет үйі, жүздеген тұрғын үйлер, мал шаруашылығы кешендері салынып, көптеген адам жұмыспен қамтылды. 1977 жылы маусым айында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төралқа отырысында Соколов аудандық атқару комитетінің есебі тыңдалып, біздің іс-тәжірибемізге оң баға берілді, ол бүкіл республикаға үлгі ретінде ұсынылды.

– Кеңес одағы кезінде де, Қазақстандай жаңа мемлекет құрылғанда да билікке бір табан жақын болдыңыз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры қалай қаланды?

– 1983 жылдың маусым айында Қазақстан Компартиясы орталық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып Алматыға ауыстым. Бұл қызметте екі жарым жылдай істеп, 1985 жылы Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, үш жылдан кейін қайтадан жаңадан құрылған аграрлық бөлім басшысы және Орталық комитеттің мүшесі болып сайландым. Еліміз тәуелсіздік алған кезде мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары едім. Жасыратыны жоқ бұл кезде одақ ыдырап, бір жүйеде, байланыста болған қарым-қатынастар үзіліп, зауыт, фабрикалар тоқтап, жұмыссыздық күрт көбейіп, тіпті халыққа уақытында еңбекақы, зейнетақы төлеу үлкен проблемаға айналды.

Осы қиындықтарды жеңе отырып, жаңа мемлекет құру, тәуелсіздігімізді қамтамасыз ету, “Қандай ел боламыз?”, “Көрші және басқа да елдермен қандай қарым-қатынас орнатамыз?” деген сауалдарды шешу керек болды. Ата Заңымыз қандай болмақ, тіліміз, мәдениетіміз қай бағытпен өрлеуі керек. Елдің тыныштығын, этнос өкілдерінің бірлігін сақтай отырып, осы және басқа да проблемаларды заңдастыру қажет еді.

– Сіз, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кезіңізде егеменді еліміздің алғашқы заңдарының қабылдануына атсалыстыңыз. Солардың бірі “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заң болатын. Халық түгілі биліктің өзі әуре-сарсаңға түскен кезде ұлттық мүдде қалай қорғалды? Туған тіліміздің қазіргі жағдайына көңіліңіз тола ма?

– Әлі есімде, басқаларын айтпағанда, тіл туралы заңды екі күн талқылап, зорға қабылдадық, сонда ана тіліміздің мәртебесі туралы көп айтыс-тартыс болды. Дегенмен, ұлттық мүддені қорғап, ана тілімізге мемлекеттік мәртебе берілді. Осындай қиындықтармен қабылданған заңды енді іс жүзінде орындауға сол кездегі қазақ зиялылары білек сыбана кірісті десем артық болмайды. Мысалы, біз Ауыл шаруашылығы министрлігінде қазақ тілі кабинетін аштық, 10-15 адамнан 7 топ құрылып, қазақ тілін үйрене бастады. Алғашқы нәтижелері де жаман болған жоқ. Бұл үлкен істе жаңа құрылған халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы зор ықпал жасады. Қоғамның президенті Әбдуәлі Қайдар, орынбасары Өмірзақ Айтбай және төралқа мүшелері Тұрсынбек Кәкішев, Рабиға Сыздықова, Асылы Осман, Шәмші Беркімбаева, Рахманқұл Бердібаев сынды азаматтар үлкен еңбек сіңірді. Мен де төралқа мүшесі ретінде осы асыл жандармен қатар жүріп, ана тіліміздің жанашыры болғанымды мақтаныш етемін. Өкінішке қарай, сол кездегі жақсы бастамалар тоқырап қалды. Туған тілдің қазіргі жағдайына көңілім толмайды. Тіл мәселесі тек айтыстартыстың тақырыбына айналды, билік тарапынан нақты қолдау, талап жоқ. Өзге тілді меңгеру үшін өз ана тілімізді жетік білген абзал, ол үшін бастауыш сыныптарда сабақ тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керек шығар. Енді үштілдік балабақшадан басталса, ал жоғары сыныптарда математика, физика, химия сияқты пәндерді тек ағылшын тілінде оқыту қазақ тілінің қажеттілігін, қолданыс аясын тарылтады, сөйтіп, ана тіліміз көлеңкеде қалып қоя ма деп қорқамын.

– Еңбек министрінің орынбасары – Көші-қон департаментінің төрағасы болып тұрған жылдары атқарған еңбегіңіз орасан зор. Әлемнің түкпір-түкпірінде тарыдай шашылған қандастардың тағдырына алаңдаушылығыңызды “Қимас қия жолдарым” атты кітабыңызда ашық жазған екенсіз. Көңілде қалған өкінішіңізді де жасырмапсыз. Сол кезде шетелден көшіп келген қандастарымыздың есебінен солтүстік өңірлерді қазақыландыру жұмысы қалай жүргізілді? Жергілікті биліктің көзқарасы қандай болды? Осы жұмыстардың нүктесі әлі күнге дейін қойылмағандай көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Иә, өзіме тапсырылған әртүрлі лауазымды қызметтерді жұрт қатарлы абыроймен атқардым. Бірақ, менің айрықша жанашырлықпен, ұлтжандылықпен атқарған ісім – әр елде жүрген бауырларымызды туған еліне қиналтпай, ренжітпей әкеліп, қажетті жағдайын жасап, егемен еліміздің аяулы азаматы қылу еді. Мен осы мақсатты Үкімет қаулысымен 1993 жылдың маусым айында Еңбек министрінің орынбасары – Көші-қон департаментінің төрағасы болып тағайындалғаннан кейін іске асыруға тырыстым. Мен келгенде департаментте небәрі 8-ақ адам жұмыс істейді екен. Ал елге ораламыз деп тілек білдірушілер саны мыңдап саналады және географиясы да өте ауқымды – Моңғолия, Иран, Түркия, Қытай және көршілес ТМД елдері. Осы жағдайды дәлелдегеннен кейін Үкімет департаментіміздің қызметкерлер санын 22-ге жеткізуге рұқсат берді, сөйтіп, енді жан-жақты ауқымды жұмыс жүргізуге мүмкіндік туды. Әрине, ол жылдары еліміздің экономикасы құлдырап, қаржы тапшылығынан шетелге барудың өзі үлкен қиындықтар тудырды. Өндіріс тоқырап, жұмыссыздықтың көбеюіне, ұжымшар, кеңшарлардың ыдырауына байланысты елге оралған бауырларымызды орналастыру, жұмыспен қамту өте ауырға соқты. Осындай жағдайда кейбір жергілікті басшылардың, қарапайым адамдардың елге келген қандастарымызға деген көзқарасы дұрыс болмады. Сондықтан жергілікті биліктің, жалпы қоғамның көшіп келген ағайындарға жанашырлық, азаматтық қатынасты, көзқарасты қалыптастыру үшін газеттерде, теледидарда жиі-жиі сұхбат беруге тура келді.

Сөз жоқ, қазақтың сол кездегі алғашқы көшін 1991 жылы Моңғолияда тұратын қазақ зиялылары бастады. Олар негізінен Алматы, Талдықорған, Өскемен, Семей маңына орналасты. Департамент құрылғаннан кейін біз көшті қазағы аз өңірлерге – Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарына қарай бұрдық.

Көштің бүгінгі жағдайына келсек, ол қазір тоқырап қалғандай, алғашқы қарқын, бұрынғы екпін көп бәсеңсіген секілді. Сол жылдары біз көтерген көптеген күрделі мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Тіпті, осы қазақтың санының өсуі – тәуелсіздігіміздің негізгі тірегі екенін ұмытқан сияқтымыз. “Елге ел қосылса – құт”, – деген аталарымыздың ұлағатты сөздері өте орынды сияқты. Жердің, малдың қадірін, қасиетін ұға да, түсіне де білетін Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы қандастарымызды көшіріп алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

– Бүгінде елдің құрметіне бөленіп отырған ақсақалдардың бірісіз. Жуырда жерлестеріңіз Сіздің көпжылдық еңбегіңізді бағалап, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағын берді. Елдің елеулісі, халықтың қалаулысы болу сезімі қандай екен? Әдемі қартаю дегенді қалай түсінесіз?

– Қызмет бабымен 12 шет мемлекетте болдым, ТМД елдерін түгелге жақын аралап, Қазақстан облыстарының бәрінің дәм-тұзын таттым. Жүрген, қызмет істеген жерімде сый-сияпатсыз, құрмет-қошеметсіз болған жоқпын. Еңбегімді елім де бағалады, марапаттады. Елден қызмет бабымен кеткеніме де, міне, 33 жылдан асты. Бірақ сол еңбегімді бір кезде қызметтес болған аға буын ұмытпай, қазір ел басқарып отырған Ерік Сұлтанов, басқа да азаматтар қолдап, туған облысымыздың құрметті азаматы атағын берулері мен үшін өте қымбат, баға жетпес марапат болды. Бәріне ақ шалған басымды иіп, ағалық, аталық тілегімді сіздер арқылы тағы жеткізгім келеді. Біз, шетте жүрген ел азаматтары әрқашан ел-жұрттың, туған өлкенің көркеюін, амандығын, тиыштығын тілейміз.

Бүгін мен де сексеннің сеңгіріне шығып отырмын. Алланың берген қуатының арқасында, үйде отыра алмаймын, жұрт арасында болғанды ұнатамын. Қазір Алматы қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарымын, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ардагерлер кеңесін басқарамын. Әдемі қартаюдың басы еңбекпен жүріп қартаю сияқты. Кәріліктің сәні де, мәні де отбасыңдағы тірлікке, бала-немерелердің амандығына, олардың сенің тілегіңе сай, саламатты өмір кешулеріне тікелей байланысты. Бұл жағынан да, Алланың бергеніне шүкір, көңілім алаңсыз. Мектепте танысып, сүйіп қосылған жарым Күлбәрәммен отбасын құрғалы 58 жылдан асты, бір қыз, екі ұлдан көрген немере, шөберелердің тілеуін тілеп, қызықтарына қуанып жүру де, әдемі кәріліктің бір белгісі сияқты. Тіршіліктің, ұзақ өмір сүрудің бәрі бақыт емес, өмірдің мәні, сенің қанша жасағаныңда емес, қалай өмір сүргеніңде, тындырған ісіңде, қалдырған ізіңде. Жасыңа қарамай ел-жұрттың арасында жүріп, қоғамға пайдаң тисе, әдемі кәрілік деген сол болар.

– Қазіргі таңда Сізді елдің жайына, халықтың ахуалына байланысты қандай мәселелер толғандырады?

– Тәуелсіздіктің көк байрағын тіккелі ширек ғасыр болды. Атадан мұра болып қалған асты-үсті қазынаға толы, берекелі жеріміздің арқасында әлемге танымал елдердің қатарына қосылдық. Халқымыздың бұдан да ауқатты болуына мүмкіндігі зор. Өкінішке орай, аталған байлығымыз ел мүддесіне, әсіресе, ауыл жұртына, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, қарттарға қажетті мөлшерде жетпей жатыр, жемқорлық, зорлық, ұрлық-қарлық сияқты қылмыстар тыйылмай отыр. Ауыл жағдайы да мәз емес, көптеген ауылдар жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр.

Бүгінгі екі мүшелге дейінгі ұрпақ егемен елімізде өсіп, өнгендер. Олардың арасында үмітімізді ақтайтындар да баршылық, дегенмен, жұмыссыз жастардың арасындағы қылмыскерлердің молаюы, жетімдер үйлеріндегі балалардың, қарттар үйлеріндегі қазақтардың басымдығы алаңдатады. Көкек аналар көбейіп кетті. Осыған орай, тәлім-тәрбие жұмыстарына көбірек көңіл бөлу керек сияқты.

– Өткенді бажайлап, бүгінгіге баға бере отыра, еліміздің болашағы жайлы не ойлайсыз?

– “Өскеніңді білгің келсе, өткеніңе көз сал, өткеніңді білмей, өскеніңді ұқпайсың” дегендей, өткенді саралап, бүкіл ел болып, өзекті мәселелерді халық мүддесіне орай ойланып шешсек, болашағымыздың жарқын боларына кәміл сенемін!

Cұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp