Серілердің “серісі” атанған әнші, ақын, сазгер Мұхамед-Қанапия (Сегіз сері) Шақшақов – ұлттық музыка өнерінің ән жанрына ерекше леп әкелген тұлға. Оның әндері арада қаншама жыл өтсе де өз бояуын жоғалтпай, талғампаз тыңдарманның сүйіп тыңдайтын туындысына айналып отыр. Сазгер шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы кең. Әсіресе, ғашықтықтан туындаған “Ғайни” әнінің орны бөлек.
Сегіз сері бойы ұзын, ірі денелі, жасынан зерек болып өседі. Он бес-он алтыдағы бозбала өз замандастарының алды болып, қылыштасып, садақ атысып жаттығады екен. Батыс Сібір генерал-губернаторының орынбасары Горчаков Сегіз серінің осы әрекетін үнемі көріп жүреді екен. Күндердіңкүнінде Ертіс орманының ішінде жиырма шақты орысты біреулер өлтіріп кетеді. “Сөз жоқ, қазақтар өлтірді”, – деп ойлайды Горчаков. “Қай қазақ? Әрине, Сегіз сері. Одан басқа соғысуды үйреніп жүрген кім бар? Соны ұстау керек”, – деп ой түйеді.
Бұл жаладан аман қалу мақсатында Сегіз атына мініп, бес қаруын асынып, Қызылжарға қашады. Горчаковтың “Сегізді ұстаңдар” деген бұйрығы бұл төңірекке де жетеді. Жағдайдың қатты шиеленіскенін сезген сері қасына сенімді досын ертіп алып, көрші губернияға, түп нағашысы Байбақтыларға тартып отырады. Сегіз бұл жерде де көп аялдамай, ақыры бір жарым ай жүріп, Еділдің Кептер деген саласында отырған ауылға жетеді. Осы сәтте оқшау тігілген он сегіз қанат ақ боз үй бірден көзіне түседі. Досы Ниязбен ат басын осы жерге бұруды жөн санайды. Бұл Ғайнидің әкесі, әйгілі батыр Қалдыбай Қосаяқұлының ауылы болып шығады.
Тарихқа үңілсек, Қалдыбай Исатай батырдың серігі болған. “Казахско-русские отношения в ХVІІІ-ХІХ веках” деген “Ғылым” баспасы шығарған тарихи материалдар жинағында оның аты бірде Махамбетпен бір қатарда, екіншісінде әскери рапортта аталады. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнайын Алдамжардың “Тарих: таным мен тағылым” атты кітабында Қалдыбай батыр туралы және Сегіз серінің өмірі хақында жан-жақты талдау жасалады.
“Алдымнан бір қыз шықты құлпырып-ай, сұрап ем, Ғайни екен қыздың аты” дейді Сегіз сері. Қонақтарды сұңғақ бойлы сұлу Ғайни әке-шешесінің жоғын білдірмей, қазақтың бар салт-дәстүрімен қарсы алады. Осы кездесуден соң Ғайни мен Сегіз бір-біріне ғашық болады. Екеуінің қосылмақ ниетін қыздың ата-анасы Қалдыбай мен Ажар да құп көреді. Осы арада ғашықтықтың жалынынан “Ғайни” атты ғажап ән дүниеге келеді. Сегіздің он жеті жасында шығарған бұл әні екі ғасырға жуық шырқалып келеді. Өлеңі азды-көпті өзгеріске түссе-дағы, әуені еш өзгермеген секілді. Кеше ғана туған тың дүниедей. Не артық, не кем бір дыбысы жоқ, тек үйлесімнен тұратын іңкәр сезімнің төгілісі жанды тербемей қоймайды.
“Ғайни” – бір әннің ғана ғұмыры емес, ұлттың өзегінен, қазақтың мінезінен, халықтың сезімінен жаралған туынды. Шөкімдей үніне дейін қазақы. Сондықтан өміршең. Қаншама атамыз бен әжеміз, ағамыз бен жеңгеміз, батырымыз бен бағланымыз айтып жеткізген ғұмырлы ән.
Қалдыбай мен Ажарды өз әке-шешесінен кем көрмеген Сегіз сері “Көтібар асы” деген өлеңінде:
“Асаудан шығып тоқтадым,
Қалдыбай ата дегдарға,
Қуана бізді қарсы алды,
Ысықтан шыққан Сардар да.
Ажар ене сабырлы,
Бәйбіше еді қадірлі,
Бетімнен сүйді құшақтап”, – деді де: “Дертім жазылды”, деп, олар жайлы жылы лебізін білдірген. Ал “Бұғыбайға айтқаны” деген өлеңінде: “Ғайни тірі қалғанда, Болар едің қайнаға”, – деп Қалдыбайды жақын тартқан екен. Бұған қарағанда, Сегіз бен Ғайни екеуінің ерлі-зайыпты болуына еш кедергі болмаған. Қалдыбай серінің қасына екі жүз жігітті бөліп беріп, бар жағдайын жасаған. Ақбұлақтың басына үй салдырып, мал-жанына қарайтын адам сайлаған. Бәрі жақсы болғанымен, Еділдің етек-жеңін түгел жаулап алғысы келген орыстар қос ғашықтың ауылына тыным бермейді. Атақонысынан кеткісі келмеген Қалдыбайдың ауылына шапқанда, Ғайни осы шекпенділердің қолынан қаза табады. Ғайнижамал сөйтіп атақонысын қорғап, дүниеден өтеді. Бір ұрыста оны өлтірген офицерді Сегіз сері найзаға түйреп ажал құштырады. Қалдыбай сонда көзіне жас алып, Сегізге разы болған деседі.
Ғайни қыз бен “Ғайни” әнінің тарихы, міне, осындай.
Ғайни қыз, дидарыңа
болдым ғашық,
Ойнақтап жүрегімді
толқын басып.
Сағынып барғанымда
тіл қатпадың,
Күйігі құмарымның кетті асып.
Қайырмасы:
Ғайни-ау, сәулем,
Жүргенім менің бүйтіп
сенің әурең.
Есімнен еш кетпейді Ғайни атың,
Өртеген жүрегімді перизатым.
Бұлақтай көгал қуған таудан құлап,
Бересің кімге арнап бал ләззәтін.
Қайырмасы.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.