Ғаламтор. Алдыңдағы аядай экранды миллиондаған жанның игілігіне айналған тұтас әлем дерсің. Біреудің қажетін өтеп, енді біреуді дұрыс жолынан адастырған да, ұшықиыры жоқ иіріміне ессіз үңілдірген де – сол ғаламтор. Дегенмен, оны біржақты қаралап, тонын теріс айналдыруға да болмайды. Онсыз ісің алға баспайтын дәл бүгінгі уақытта оның шын пайдасына қанық болып, ғаламтор игілігімен ғарышты игеріп жатқандар да бар. Керісінше, өз-өзін игере алмай жатқандар қаншама. Қысқасы, “Жас қыранның” бүгінгі нөмірінің сауалы – “Ғаламтор сіз үшін пайда табудың көзі ме, әлде бос уақытты өткізудің жолы ма?”.
Ұлжан АЛДИЯР, М. Жұмабаев атындағы колледждің студенті:
– “Алыс-алыс жерлерден жылдам хабар алғызған” әлеуметтік желілердің бізге берері мол. Тек, орнымен пайдалана білсек, мүмкіндігін барынша ықтиятпен жүзеге асырсақ болғаны. Мен ғаламторды ақпарат алу үшін, жер-жаһанда болып жатқан жаңалықтармен танысып, алыс-жақындағы достарыммен араласу үшін пайдаланамын. Ол тиімді әрі онсыз да қалтасы жұқа студенттің қаржысын үнемдеуге септігін тигізері сөзсіз.
Азамат ТЕМІРЖАНҰЛЫ, “Серпін” мемлекеттік бағдарламасымен Оңтүстік Қазақстан облысынан келген студент:
– Әрбір нәрсенің екі ұшы болатындай, ғаламтордың да пайдалы әрі зиянды тұстары бар. Жастардың, әсіресе, өз мінез-құлқының қожасы бола алмай жүрген жасөспірімдердің бойында ғаламторды пайдалану мәдениетін қалыптастырған жөн секілді. Мен оны бос уақытымды өткізу үшін қолданбаймын. Егер де ондай мүмкіндік болып жатса, әсіресе, сенбі, жексенбі күндері достарыммен бас қосып, түрлі тақырыптарда ой бөліскенді жөн көремін.
Жұлдызай РАХЫМЖАНОВА, оқушы:
– Әлеуметтік желісіз өмірімді елестете алмаймын. Кейде бұрынғы ата-бабаларымыз, “көк жәшіксіз”, ғаламторсыз қалай өмір сүрді екен деген ойға да берілемін.
Зарина УӘЛИЕВА, жастар бастамалары орталығының психологы:
– Түрлі әлеуметтік желілерде жұмыс істеп, еңбекақы алып, отбасын асырап жүрген блогерлер қаншама?! Әлемнің 4,5 миллион тұрғынын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған атақты “Фейсбук” желісінің өзі әлемдегі жұмыссыздық мәселесінің азаюына ықпал етуде.
Мен – бос уақытымның көбін ғаламторда өткізетін адамның бірімін. Алайда, берері аз диалогтардан, керексіз, дерексіз ақпараттардан бойымды аулақ салуға тырысамын.
Сауалнаманы жүргізген
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.